Зарафшан қазақтары әлі киіз үй тігеді
69 жастағы Зарафшан қазағы Астар Юсупова Науаи облысы Зарафшан қаласының түбіндегі Рахат ауылында тұрады. Жыл сайынғы әдетпен үлкен ұлы Дулат арнайы келіп, үйінің ауласына киіз үй тігіп беріп кетті.
Астар апаның ұлы Дулат Ахметов Зарафшанда тұрады. Ол - үйдегі тоғыз баланың үлкені. "Киіз үйді тігіп тұру керек, жинаулы жата берсе, шіріп кетеді" дейді Дулат.
Астар апа киіз үйдің басқұрын іліп жатыр.
Киіз үй тігуге Астар апаның тағы бір ұлы Ерхан мен келіні Фарида да көмектесті. Зарафшан қазақтарын аралап жүріп үй тігудің үстінен түскенімде бейтаныс адам болсам да, Астар апа үйге кіріп фотоға тартуға рұқсат берді.
Астар апа ұлы Ерханға: "Люстра-шамды әкел" деген кезде мұндай дәстүрлі үйге заманауи люстра жараса қояр ма екен деп ойлағам. Сөйтсем, киіз үйдің шамы да желбаумен безендірілген ерекше жабдық болып шықты.
Астар апа мен келіні Фарида киіз есіктің үстінен өрнекті есікбау тартты. "Бұрынғыдай киіз басып, жүн бояйтын шамам жоқ, әйелдер кеп көмектеседі" деді апа.
17 жасында тұрмыс құрған Астар апа ерінің 66 жасында дүние салғанын айтады. Тоғыз баласының бесеуі Қазақстанда тұрады.
Тегеріш тартып жатқан кезде "Нәзигүл, 1972 жыл" деген кестені көзім шалып қалып, "Бұл нені білдіреді?" деп сұрап ем, Астар апа: "Қайынәпкемнің қыз күнінде тіккені" деп жауап қайырды.
Көздің жауын алатын түрлі-түсті күрделі өрнек пен кесте түскен басқұрлар мен уықбаулар.
Желбау мен аспабау тағылып, шаңырақтың күлдіреуішіне бекітілген заманауи шам да дәстүрлі жабдыққа ұқсап тұр.
Киіз үйдің ішінде синтетикадан жасалған бұйым аз. Солардың бірі - текеметтің астына, тақыр жерген тасталған паластар. "Қазан айына дейін осында тұрамыз" дейді Астар апа.
Дулат пен Фарида ақ киізден сырылған текемет төсеп жатыр. Фариданың күйеуі Ерхан суретке түсуден қашқақтады. Өзбекстанда көптеген адам бейтаныс фотографтың камерасына түсуден сақсынып тұрады.
Үй тігуге Астар апаның немерелері де көмектесіп, текемет пен сырмақ тасып жүрді.
Астар апа үш ұлы, бір қызы және немерелерімен бірге тұрып жатыр.
Фарида төрге көрпе төсеп жатыр. Астар апаның балалары мен келіндері үн-түнсіз қимылдайды, артық сөз айтпайды, берген бұйрықтарын ылдым-жылдым орындап жүреді.
Шаңырақтың іштен қарағанда және бір көрінісі.
Үйдің іргесіне шидің орнына жұқа киіз тұтылған.
Астар апамен бірге тұратын кенже ұлы есіктен қарап үй жабдықтарын түгендеп тұр.
Фарида келін көрпе үстіне жастық тастап жүр.
Төрт қанатты боз үй тігіліп болды. Астар апаның ауласындағы шие пісе бастапты. "Өзі егіп кетіп еді, дәмін де тата алмады ғой" деп күрсінді апа 66 жасында қайтқан күйеуін есіне алып. Шие ағаштың бір бұтағына қызыл шүберек байланыпты. Жергілікті тұрғындар қызыл шүберек жеміс ағашын мезгілсіз суық пен көзден қорғайды деп ырымдайды.
Тоғыз баласынан 23 немере, 8 шөбере көрген Астар апаның үй тігіп болып демалып отырған кезі. Бір сөзінде: "Қазақстанға мен де кетер ем. Ақша жоқ" деп қалды.
Мұндағы қазақ ауылдарында әлі самаурын қайнатады. Қою сүт қатқан қазақша шай да келді.
Дулат та демін алып, шай ішіп отыр.
Астар апа мен оның көмекшілері.