«Шығыс жұлдызы» көрмесіндегі авторлық қуыршақтар
Алматылық қуыршақ шеберлерінің «Қуыршақ ғаламы орталығы» бірлестігінің жетекшісі Лариса Сологуб (сол жақта) пен Қазақстандағы Египет елшілігінің мәдениет және білім жөніндегі атташесі профессор Хемдам Ибрагим. «Қуыршақ ғаламы орталығы» мен Египет елшілігі – «Шығыс жұлдызы» қуыршақтар көрмесін ұйымдастырушылар.
Көрме ашылған күні Алматыда жауын-шашынды, жұмыс күні болатын. Бәлкім, сондықтан шығар, көрменің ашылу шарасына шамалы адам жиналды.
«Шығыс жұлдызы» қуыршақ көрмесіне 32 жұмыс қойылған. Олардың арасында Аида Қуантаеваның қолынан шыққан қазақ ұлттық киіміндегі мына қуыршақтар да бар.
Екатерина Курочкинаның осы көрмеге арнайы дайындаған «Туяна ханшайым» қуыршағы.
Көрмеге балалар шығармашылығынан алты жұмыс қойылған. Оларды Алматыдағы «Ұмай» көркемөнер мектебінің шәкірттері әзірлеген. Солардың арасында Айнұр Керімбаева жасаған «Шығыс саудагері» жұмысы да бар.
Көрмеге «Ұмай» көркемөнер мектебінің әлі қуыршақ жасауды меңгере қоймаған жас шәкірттері салған суреттер де қойылған.
Лариса Сологуб көрмеге дайындық жарты жыл бойы жүргізілгенін айтады. Оған қатысуға қуыршақ жасайтын шеберлердің барлығы шақырылған. Жалғыз шарт – қуыршақ Шығыс тақырыбына дайындалуы тиіс. Лариса Сологуб жетекшілік ететін «Қуыршақ ғаламы орталығы» бірлестігі Алматыда осыдан екі жыл бұрын құрылған. Қуыршақ шеберлерін біріктіретін бірлестік құрамында қазір 12 шебер, олар әртүрлі мамандық иелері, араларында шаштараздар, педагогтар, бизнесмендер, зейнеткерлер, тіпті актриса да бар. Бірақ Алматыда қуыршақ шеберлері бұдан әлдеқайда көп дейді Лариса Сологуб. Олардың арасында ер адамдар да бар, алайда бұл жолғы көрмеде олардың туындылары жоқ. Лариса Сологубтың айтуынша, авторлық қуыршақ әзірлеу – арзанға түспейді, әйткенмен ол өзін ақтайды. Әдетте жұрт туған күнге, үйлену тойына сый ретінде тарту үшін қуыршақтарға тапсырыс береді. Бірақ Қазақстанда осынау қолданбалы өнер түрі туындыларына әзірше сұраныс көп емес.
Лариса Сологубтың өзі бұл көрмеге «Сенім. Үміт. Махаббат» атты үш қуыршақтан тұратын композиция әзірлепті. Осы қуыршақтардың әрқайсысын әзірлеуге шебер бір ай уақыт жұмсаған. Бұл - ою-өрнек, кесте-шашақ, бижутериясымен қоса толығымен қолдан жасалған жұмыс. Лариса ең алғаш рет тоғыз жасында «Жас техник» журналының арнайы қосымшасынан көріп, қуыршақ жасауға әуестігі оянғанын айтады. Бірақ, шын мәніндегі авторлық қуыршақ дайындаумен осыдан жеті жыл бұрын айналыса бастаған. Қазір бұл оның негізгі кәсібі әрі табыс көзіне айналған. Қуыршақ жасаумен бірге ол шеберлік кластарын өткізіп, курстар ұйымдастырады.
«Шығыс жұлдыздары» көрмесіне Ресейдің Нижний Новгород қаласындағы қуыршақ жасаушылар артелінің үш шебері жасаған шығармашылық жұмыстары қатысты. Оларды Алматыдағы көрмеге Юлия Безаева әкелген. Ол өзі де авторлық қуыршақ әзірлейді, бірақ бұл жолы өз туындыларын әкелмепті. Юлияның әңгімесінен Нижний Новгородта авторлық қуыршақ жасау дәстүрі біраз уақыттан берін бар және өнердің бұл түрі Алматымен салыстырғанда анағұрлым дамыған екен деген ой түйдік. Шебердің сөзінше, ол тұратын Ресей аймағында авторлық қуыршақтарға арналған көрмелер жеті жылдан бері өткізіліп келеді және оған тек Нижний Новгородтан ғана емес, сонымен бірге Ресейдің өзге де қалаларынан әкелінетін 200-ге жуық қолданбалы өнер шығармасы қойылады екен.
Алматы тұрғыны Татьяна Столяренко өзі әзірлеген «Күтпеген кездесу» (суретте – шебердің сол жағында) жұмысын көрмеге әкеліпті. Татьянаның өзі компьютер инженері болып істейді. Авторлық қуыршақ жасауға бес жылдан бері әуес екенін айтады. Қуыршақ жасау техникасын әуелде интернет арқылы меңгерген ол кейін Алматыға келген ресейлік мамандар өткізген шеберлік кластарына қатысқан. Татьяна Столяренко бес жылда бес қуыршақ жасапты, оларды негізінен Алматыда сирек өткізілетін көрмелерге арнайы әзірлеген.
Алматылық экономист Гаухар Игілікованың авторлық қуыршақ жасаумен әуестенгеніне үшінші жыл. Осы уақыт ішінде ол жеті қуыршақ дайындапты. Ал әлі аяқталмағандары «бір шабадан» дейді ол. Қуыршақ жасауды арнайы курстарға қатыса жүріп меңгеріпті. Биылғы көрмеге ол «Кішкентай Мук» атты қуыршақ әзірлеп әкелген.
Зейнеткер Ольга Шерн өзі жасаған «Көңілді көзеші» қуыршағын ұстап тұр. Әйел баласы Астанаға қоныс аударғалы бері айналыса бастаған осы ермегі оны жалғыздықтан құтқаратынын айтады. Авторлық қуыршақ жасаумен ол Санкт-Петербургтен келген шебер өткізетін курс жайлы хабарландыруды кездейсоқ оқыған соң айналыса бастаған. Қазір ол тапсырыс бойынша қуыршақтар жасайды. Ольга Шернге тапсырыс беріп, періште қуыршақтарын жасататындар ол қуыршақтарды балалар бөлмесінің төбесіне іліп қояды.