Батыс Қазақстан облысы Чеботарево ауылында тұратын шаруа Анатолий Горбачев асыл тұқымды жылқы өсіріп, қымыз өндірумен айналысады. Ол "ауыл халқы негізгі кәсібін ұмытып барады" деп алаңдайды. Азаттық тілшісі қазақтың ұлттық сусынын дайындайтын шаруашылықта болып қайтты.
Мақаланың аудио нұсқасын тыңдауға да болады
Your browser doesn’t support HTML5
Анатолий Горбачев бөтелкені күн көзіне тоса жоғары ұстап, қою жасыл түсті шынының ішіне үңілді: ыдыстың мойын жағында көпіршік көп болса, қымыз дұрыс дайындалған деп жоруға болады.
– Ешқандай зертхана қажет емес, жақсы қымызды көзбен-ақ айыра аламын, – дейді Анатолий жымиып.
Ол қымыз өндірумен 13 жылдан бері айналысатынын, ал бала күнінен ат десе ішкен асын жерге қоятынын айтады.
Анатолий Горбачевтың фермасы Батыс Қазақстан облысындағы Ресеймен шекаралас Чеботарево ауылында орналасқан. Анатолийдің арғы аталары да осы жерде тұрған.
Чеботарево – "Шекара аймағы" жобасы аясында Азаттық тілшісі барған екінші ауыл. "Шекара аймағы" – Қазақстанның шекара маңындағы қалалары мен ауылдарының тыныс-тіршілігі туралы репортаждар сериясы.
"АУЫЛ ХАЛҚЫ АТА КӘСІБІН ҰМЫТЫП БАРАДЫ"
Чеботарево бір қарағанда шағын, ретсіз, бірақ жайлы ауылға ұқсайды. Бұл жақтың табиғаты әдемі: ауыл маңында көл бар, көк майса бел мен жасыл желек көп. Ауылға кіреберістегі зират аумағында шағын шіркеу орналасқан.
Шіркеудің айналасында қой мен тауық жайылып жүр, алыстан трактордың шуы мен өрістен қайтқан сиырдың мөңіреген дауысы естіледі. Ауылдың кәдуілгі мамыражай тірлігі.
Чеботарево ауылынан Ресейдің Орынбор облысына дейін тікелей – 7, облыс орталығы – Орал қаласына дейін тасжолмен 70 километр болады.
Ауылда мобильді байланыс жақсы істейді, бірақ интернетке қосылу қиын. Кешкісін жергілікті жастар колхоз кезінен қалған ескі ғимараттардың үстіне шығып, TikTok желісіне кіруге тырысады: ауа-райы жақсы күні бұл жерден кейде 4G де ұстайды.
Ауылдың жанында Шынарлы кен орны бар. Кешкісін кен орнындағы сынақ жүріп жатқан ұңғымадан шыққан газ жанып, оның алауы алыстағы ауылға анық көрініп тұрды. Жанған газдың дауысы ауылдың үстінен жойғыш зымыран ұшып өткендей әсер қалдырады. Ал лаулап жанған оттан Чеботарево көшелері шамсыз-ақ жарық болып тұр.
– Осылай жағып жатқанына бірнеше күн болды. Кен орнына жақын маңда жерім бар, құдай сақтасын, соған өрт тимесін. Шынарлыға барып, себебін анықтауға тырыстым, бірақ ештеңе біле алмадым, – дейді оттан көз алмай ұзақ қарап тұрғанымды байқаған Анатолий Горбачев.
Түнде кен орнындағы оттың дауысы шегіртке шырылын басып, ауыл іші алқызыл түске боялды. Азаттық тілшісі ауылда болған екі күн бойы кен орнындағы газ тоқтаусыз жанып тұрды.
Мұнай-газ саласы Чеботарево халқы үшін маңызды табыс көзінің бірі. Ауылдағы ер азаматтың барлығы дерлік вахтада жұмыс істейді. Көбі ауылда жұмыс болғандықтан ғана басқа өңірге не Ресейге көшпей отыр. Көрші елге қоныс аударуға қамданған жұрт жаңа жерден жұмыс тауып, бейімделудің қиындығын ойлап, райынан қайтады.
– Мұнай-газ секторында жұмыс істейтіндер шынымен жақсы ақша табады. Бірақ осы жұмыстың салдарынан ауылда мал басы қысқарып барады. Ер адамдар үнемі вахтада жүреді, әйелдердің бала күтімі мен шаруашылықты қатар алып жүруге шамасы жетпейді. Сондықтан көбі қолда көп мал ұстамайды. Қазір елдің бәрі ет пен сүтті сатып алады, бау-бақша салмайды, осылай ауыл халқы ата кәсібін ұмытып барады, – дейді шаруа.
Анатолий Горбачев шекараға жақын тұрудың көп артықшылығы барын айтады. Мысалы, шаруа өндіріске қажетті шикізаттың көбін Ресейден алады.
– Жылқы өсіруден бөлек, ер-тұрман дайындаумен айналысамын. Ат әбзелін жасауға қажет құрал-жабдықтың 70 пайызын Ресейден алдырамын. Қымыз құйылған ыдыстың аузын жабатын тығын мен ашытқыны Ресейден, бөтелке мен оның сыртына жапсыратын қағазды Қазан қаласынан әкелемін. Жұрт не десе де, шекара маңында өмір сүрудің де пайдасы бар, – дейді ол.
"ЖЫЛҚЫ ҰСТАУ – СҮЙІКТІ ІСІМ"
Ауылдың топырақ жолымен Анатолий Горбачевтың жылқы фермасына бара жатырмыз. Ол ауылдың шетінде орналасқан. Жылқы өрістен қайтатын сәтке үлгеру үшін шаруашылыққа ымырт үйірілмей жетуіміз керек.
– Атқұмарлық қаныма сіңген сияқты. Атам Чеботаревода бригадир болып істеді, жылқыны жақсы көретін. Бала күнімде тауып алған тиындарыма совхоз жұмысшыларынан жылқы сатып аламын деп ойлайтынмын. Әрине, маған ешкім жылқы сатқан жоқ, бірақ бәрі атына мінуіме рұқсат беретін. Кейін өсе келе бәйгеге қатысып, жүлде ала бастадым. Мектеп бітіргеннен кейін мал дәрігері факультетіне оқуға түстім. Жылқы өсіру – сүйікті кәсібім, – дейді фермаға бара жатқан жолда ағынан жарылған шаруа.
Анатолий Горбачев ферма жұмысын қолға алмай тұрып, ветеринар, шенеунік болып істепті. Тіпті біраз уақыт аудан әкімі де болып көрген. Анатолий мемлекеттік қызметті тастап, жылқы өсірумен айналысуға бел буған кезде әкесі Виталий Горбачевтың сиыр, қой, шошқа және асыл тұқымды жылқы өсіретін шаруа қожалығы болған.
– Ресейде, шекараның ар жағындағы Орынбор облысының әр ауданында қымыз фермасы барын естігенде сол жаққа барып, олардың жұмысын зерттеп, асыл тұқымды жылқымды ауыстырып жүрдім. Кейін "Қымыз өндірісімен неге өзім айналыспаймын?" деген ой келді. Бұл кәсіпке бел шеше кірісу үшін әкемді көндіруге тура келді. Ол да ойымды құптаған соң қымыз өндірісін жақсылап зерттей бастадық, – дейді Анатолий.
Горбачев қымыз өндірісіне біртіндеп көшуді ұйғарған: әуелі шошқа, қой мен сиырын сатып, одан түскен ақшаға жылқы сатып алған. Уақыт өте келе сауынға орыстың жүк артуға төзімді, аласа бойлы, шымыр, жүйкесі мықты жылқысы жақсы келетінін түсінгенін айтады.
– Мұндай жылқыны "салқынқанды жануарға" жатқызады. Денесі ауыр, енжарлау, жүйкесі аса шыдамды келеді. Қымыз өндірісіне жергілікті биемен салыстырғанда осы жылқыдан артығы жоқ. Оның үстіне, бұл жылқы біздің климатқа жақсы бейімделген, қысқа төзімді, қар астындағы шөпті тебіндеп жей береді, еті қашпайды, қоңды келеді, – дейді Анатолий.
Аздан соң атқораға бардық. Қоршаудың жанында жүрген әдемі ат көзіме оттай басылды: жануардың бұлшықеті білеуленіп, таралмаған жалы желбіреп, тұяғы жұмсақ жерге кіріп кетердей болып тұр.
– Бұл – Кубик. Орыстың ауыр жүк таситын жылқысы, біздің әдемі жануарымыз, – дейді атқа сүйсіне қараған Анатолий.
Жылқы пысқырынып, басын шайқап, маған да, фотоаппаратқа да назар аудармай, жем салынған астауға беттеді. Қалған жылқылар маған жатырқай қарап, аулақ кетуге тырысты.
Горбачевтың фермасында 160 жылқы бар. Шаруаның сөзінше, зоотехникалық талаптар бойынша, 25 биеге бір айғырдан келуі керек.
– 160 деп отырғаным – жалпы мал саны: оның ішінде былтыр туған тай да, биылғы құлын-жабағы да, сауын биелер де бар. Жылқымызды негізінен басқа шаруа қожалықтарына сатамыз не мал басына айырбас жасаймыз, асыл тұқымды емес, қатардағы айғырларды бордақылап, сойып аламыз, – дейді шаруа.
"НАҒЫЗ ҚЫМЫЗ"
Қымыз дәл осы Чеботарево ауылында өндіріледі. Анатолий Горбачев жылқы шаруашылығымен айналыспас бұрын Бүкілодақтық жылқы өсіру ғылыми-зерттеу институтында (қазір бүкілресейлік деп аталады) білім алған. Айтуынша, Анатолий Батыс Қазақстан облысынан қымыз дайындау әдісін таба алмаған, сондықтан ресейлік өндірушілердің тәжірибесін зерттеген.
– Ол кезде ешкім қымыз өндірісімен айналыспайтын. Бұл кәсіпті облыста бірінші болып мен бастадым. Әрине, әркім өз үйінде қымыз дайындайтын. Бірақ оны қалай жасайды? Жаңа сауылған сүтті жылы жерге қойып, ашыта ма? Онда бұл жай ғана ашыған сүт болады, оны қымыз деп атай алмаймын. Ақыры Рязань қаласындағы жылқы өсіру институтына барып, ғылыми-зерттеу жұмыстарымен таныстым. Сол жақтың әдебиетін алып оқыдым, – дейді Анатолий Горбачев.
Анатолий қымыз өндірісін бастаған кезде жергілікті тұрғындар оның "қазақтың ұлттық сусынын дайындаймын" деген мақсатына күмәнмен қараған.
– Қазақ ақсақалдары арнайы келіп, қымыздың дәмін татып көрді. Ішіп көріп, "иә, бұл – нағыз қымыз" десті. Ол кезде бірнеше сиырым болатын. Сондықтан ауыл арасында "қымызды сиырдың сүтінен дайындайды екен, одан қымыз емес, соған ұқсас сусын шығады" деген қауесет тарады. Мұндай әңгімеге тоқтау салу үшін сиырларымды сатып, тек жылқы ғана қалдырдым, – дейді Анатолий Горбачев.
Фермада биелер күніне үш рет сауылады: олар поезд вагонына ұқсайтын тар жерде сапқа тізіліп, күндегі тәртіппен кезек күтіп тұрады. Бие саууға арналған аппарат тез жұмыс істейді: сауыншы Ольга екі-үш минут ішінде бір биені сауып, сыртқа жіберіп, орнына келесі жануарды қабылдайды.
– Бие бір сауғанда екі литр сүт береді. Сүт жиналуы үшін сауардан екі сағат бұрын биені құлынынан ажырату керек. Ал сауын тоқтағаннан кейін құлынды енесіне қосамыз. Құлыны түні бойы ембесе, бие сүті тартылып, суалып кетеді, – дейді аппаратты келесі биенің желініне бекітіп жатқан Ольга.
Сұраныс көп кезде Анатолий Горбачевтың фермасы 200 литрге дейін қымыз өндіреді. Бірақ қымыз саудасына байланысты қиындық тумас үшін шаруа өндіріс көлемін реттеп отырады.
– Биыл қымыз өндірісін қысқартамыз деп шештік. Есесіне өндірілген қымыздың бәрі сатылып кетеді. Кез келген уақытта тапсырыс түсе қалса, сауын биені үйірден бөліп аламын. Екі күннен кейін қалаған өндіріс көлеміне қол жеткіземіз. Осының бәрін реттеп отырамын, бәрі тәжірибемен келеді, – дейді ол.
Анатолий Горбачев кейінгі жылдары сұраныс төмен болып, артық өнім сатылмай қалмасын деп, әрі қымыз дайындауды қолға алған бәсекелестері көбейген соң, өндіріс көлемін қысқарта бастаған.
– Қымыз өндірушілердің көбінің кәсіптен көңілі қалып жатады. Өйткені артық қымызын өткізе алмай, бір-екі жылдан кейін кәсібін мүлде жауып тастайды. Ал біздің жұмысымыз тоқтамайды, өйткені бұл – өмірлік ісіміз, кейін шегінер жол жоқ, – дейді жылқы фермасының иесі Анатолий Горбачев.