Қазақстанның батысындағы Сайхин ауылы Ресеймен шекарадан 5 километр жерде жатыр. Хан Ордасы ауылы шығысқа қарай орналасқан. Шекараның ар жағында ресейлік әскери полигон Капустин Яр бар. 1950-жылдардан бастап бұл полигоннан ғарышқа ит ұшырып, ядролық және зымыран сынақтарын өткізген: ресми 18 жерасты және 11 ауадағы жарылыс тіркелген. Полигон әлі күнге қолданыста: онда қазір зениттік бөлімдер әскері жаттығып, құрлықаралық баллистикалық зымырандар сынақтан өткізіледі.
Сайхин және Хан Ордасы – "Шекарадағы күй" арнайы жобасы аясында Азаттық тілшісі Пётр Троценко барған кезекті жер.
"Шекарадағы күй" – Қазақстандағы шекараға жақын орналасқан ауылдар мен қалалардағы халықтың тіршілігі туралы репортаждар сериясы.
Капустин Яр – зымыран полигоны. 1946 жылы құрылған. Совет Одағы кезінде мұнда құрлықаралық баллистикалық зымыран сынақтары мен ядролық жарылыстар болған. 1962 жылдан бері Капустин Яр ғарыш айлағы ретінде пайдаланыла бастады. Қазір бұл жер Ресей қорғаныс министрлігінің 4-мемлекеттік орталық полигоны саналады.
"ҚАЛАЙ ІШПЕЙСІҢ?"
Оралдан Сайхинге дейін – 550 километр. Жолдың алғашқы бөлігіне асфальт төселген, қалған 200 километрі – топырақ жол. Жаңбыр жауғанда батпақтан УАЗ көліктерінің өзі жүре алмайды. Жергілікті билік 2021 жылға дейін жаңа трасса салуға уәде берген, бірақ ол сөз жүзінде қалды.
Сайхин ауылын теміржол басып өтеді. Жанымыздан ресейлік темір жол құрамдары, жолаушы және жүк таситын вагондар жүйткіп өтіп жатыр. Олардың бірде-бірі жергілікті станцияға тоқтамайды. Өткен ғасырдың басында салынған ескі вокзал үнемі құлыптаулы тұрады. Жергілікті жұрттың айтуынша, Совет Одағы тарағаннан кейін станция істемей, ауыл адамдарының көбі жұмыссыз қалған.
Темір жол Сайхин ауылын ескі және жаңа бөлікке бөледі. Ауылдың жаңа бөлігінде әкімдік, аурухана, мәдениет үйі, дүкендер мен шаштараз бар. "Шанхай" деп аталатын ескі бөлігінде ауылда бұрыннан тұратын адамдар қоныстанған.
"Шанхайдағы" үйлердің бірінің алдында жасы елулер шамасындағы үш кісі ары-бері өткен поездарға қарап, ішіп отыр. Сарғайған газет үстіне бір бөтелке арақ, нан, тұз, қияр мен қызанақ қойылған.
Отырғандар ашық-жарқын, қонақжай адамдар екен. Арасындағы бір кісінің туған күнін тойлап жатыр.
Туған күн иесі өзін Нұрлан деп таныстырды да, бірден "Біз, шанхайлықтар, ешкімді құр қайтармаймыз" деп ішімдік ұсынды.
Сыпайы түрде бас тарттым да, ауыл халқының тыныс-тіршілігі туралы сұрадым.
– Полигон жанындағы өмір қалай? Әскери адамдар мазаламай ма?
– Бірқалыпты өмір кешіп жатырмыз. Шекара жақын, бес километр жерде, анау тұрған мұнараны көрдің бе? – Нұрлан теміржолдың ар жағындағы металл құрылымды нұсқады. – Әскери адамдар орнатқан, көп жылдан бері бос тұр. Мұнда ондай мұнара көп: солардың бойымен жүрсең, полигонға жетесің.
– Темір алатындарға өткізіп жіберсе ғой, – дейді Нұрланның жолдасы. – Зымыран қалдықтары құлағанда бәрі тұра жүгіреді: кім үлгерсе, дюралюминийді сол іліп әкетеді.
– Зымыран қалдықтары жиі құлай ма?
– Сирек және алысқа құлайды. Құлағанын естіп, жеткенше, түгі қалмайды, – дейді ол қынжылып.
– Полигонға жақын тұру денсаулыққа зиян емес пе?
– Әсері бар шығар. Ғалым емеспіз, білмейміз. Бізді неге ішеді дейсің? Радиациядан қорғану үшін. Өзім Чернобыльде болғанмын, 1986 жылы Украинада Донецкіде әскерде болдым. [Чернобыль апатынан] кейін 15 күннен соң бізді 30 километрлік аймақты қоршауға жіберді. Содан мүгедек болып қалдым, қалай ішпейсің?
"ЖАС БОЛСАМ, СОҒЫСҚА БАРАР ЕДІМ"
Екінші Дүниежүзілік соғыс кезінде Сайхин майдан шебіндегі қала болған. 1942 жылы нацистік Германия әскері Сталинградты алмақ болғанда қазіргі Қазақстан территориясына жақындаған. Тактикалық маңызды нысан – теміржолды қирату үшін тасталған бомбалар ауылға да тиген. Тарихшылар ауылға кемі 30 бомба құлаған дейді.
Соғыс 80 жыл бұрын аяқталса да, Сайхиннің төбесінен әлі күнге зымырандар мен ресейлік әскери ұшақтар өтеді.
– Зымыран ұшырғанын көрген жоқпын. Бірақ сынақ кезінде жарылыс толқынынан тереземіз ашылып кетеді. Қазір бұрынғыдай бомбаламайды, тек әскери ұшақтар ғана жүреді. Әсері бар дейді, біреудің басы, біреудің малы ауырады, – дейді Сайхин тұрғыны Ертарғын Самиғуллин.
Ертағын – 69 жаста, Сайхинде туып-өскен. Осында шағын кәсібі – шаштаразы бар. Қолынан бәрі келеді: тапсырысқа жиһаз жасайды, пышақ пен балта істеп сатады.
– Атам Хасен Сидалиев молда болған, осында мешітте істеген. 1929 жылы Меккеге жаяу барып, үш жыл дегенде қажылық сапарын аяқтап келген. Елге оралған соң, төрт жылға түрмеге жабылды. Бірнеше жылдан кейін тағы Меккеге барып, қайтадан түрмеге түсті. Соғыс басталғанда ғана босап шыққан. Атам істі болғандықтан, әкемді 12 жасқа дейін мектепке қабылдамаған. Көп жылдан кейін атам ақталды. Мен мемлекеттік қауіпсіздік қызметіне хат жазып, атам не үшін сотты болғанын білгім келді. Сол күйі біле алмадым. Бірақ олардың жауабынсыз-ақ ол кезде мешіттерді қиратып, имамдарды Совет билігінің жауы көргені белгілі ғой.
Ертарғынға атасынан советтік төлқұжаты мен ескі Құран ғана қалған. Қоштасып жатып, полигон туралы сөйлесіп қалдық. Полигонға жақын тұруға көзқарасын сұрадым.
– Жақсы қараймын. Бекерден-бекер сынақ өткізіп жатқан жоқ қой, қауіпсіздік туралы ойлап жүр: жауымыз – НАТО-ға соққы бергісі келеді. Путинді қолдаймын. Жас болсам, соғысқа барар едім. Бұл сөзім біреулерге ұнамайтын шығар, бірақ ойымды ешкімнен жасырмаймын, – дейді Ертарғын.
ҚҰМДАҒЫ АУЫЛ
Хан Ордасы ауылы Сайхиннен 50 километр жерде орналасқан. Елдімекендер арасында асфальт жоқ, сол баяғы топырақ жол. Жақын жерде қарағай орманы бар. 200 жыл бұрын бұл ағаштарды Жәңгір ханның бұйрығымен Бөкей ордасының басшылары отырғызған.
Қазір орман жойылып кетудің алдында тұр: ескі ағаштар қурап, жаңадан отырғызылғандары өнбей жатыр. Экологтар жерасты сулары азайып кеткен дейді. Бұл сулар бірнеше ауылды, оның ішінде Сайхинді ауыз сумен қамтамасыз етіп отыр.
Хан Ордасының іргесінде Хаки сор тұзды көлі бар. Қазір көлдің орны Капустин Яр полигонынан ұшырылған зымырандарды көметін молаға айналған.
– Тура жүрсең, көлге дейін он километр ғана. Экологиялық мәселе бар. Зымыран ұшып, көл жақтан жел тұрса, бақшадағы қиярым өліп қалады, дәрумен шашпасам, жеміс бермейді, – дейді ауыл тұрғыны Маржан Махметова.
Махметованың айтуынша, әскери қалдықтар көмілген орынның жанында тұрғындар мал бағады. Бұл денсаулыққа зиян-ау деп ешкім ойламайды. Арасында мутацияға ұшыраған жануарлар кездесіп тұрады.
– Тұяғы ерекше сиырым болды. Мутацияға ұшырағаны анық. Өйткені қанша жыл мал ұстасам да, бұрын-соңды мұндайды көрген емеспін, – деді Маржан бізді үйіне шақырып. Маржан жалаңаяқ жүреді, ауыл құмды жерде орналасқан, мұнда аяқ киіммен жүру қиын.
Маржан ауладан тұяққа ұқсайтын затты көрсетті.
"Тастамай, сақтап жүрмін. Кезі келгенде мамандарға көрсетермін", – дейді Маржан.
83 жастағы Берген Қажығалиев Хан Ордасында туып-өскен. Өмір бойы жергілікті мектепте тарих пәнінен сабақ берген.
Қажығалиев ауылда әскери сынақ басталғанда күндіз-түні жарылыс болғанын айтады.
– Қазір ешкім тексере алмайды. Бірақ ядролық сынақтан көп адам қаза тапты деп ойлаймын. Көп отбасында қол-аяғы жоқ мүгедек балалар туды. Дәрігерлер сынақтың салдары екенін түсінсе де, айта алмады. Ол кезде ешкім билікке қарсы шыға алмайтын. 1990-жылдары "Нарын" антиядролық қоғамдық бірлестігін басқарған Кәкен Көбейсінов Нұрсұлтан Назарбаевпен сөйлесіп, біз жаққа "ядролық апат аймағы" мәртебесін беруді ұсынды. Бірақ ешқандай мәртебе берілген жоқ, тек кей отбасындағы мүгедек балаларға жәрдемақы тағайындалды. Көбі мүлде көмек алған жоқ. Мүгедек боп туғандардың көбі ендігі қайтыс болып кетті, – дейді Берген Қажығалиев.
Жергілікті тұрғын Айман Бекмамбетованың қызы Ұлбикеге церебралды сал ауруы және гемипарез (ми қызметінің бұзылуынан болатын бұлшық ет әлсіздігі) диагнозы қойылған. Айман қызының ауруын қоршаған ортаның жағдайымен байланыстырады.
– Ұлбике – 28 жаста, бірақ әлі күнге бала сияқты ойыншықтармен ойнап, жөргекпен жүреді. Жанымызда полигон болғаны әсер еткен шығар. Ұлбике – ортаншы қызым, қалған екі қызымның дені сау. Өзім жұмыс істемеймін, қызыма қарап, үйде отырамын. Оның үстіне, бізде істейтін жұмыс та жоқ. Ұлбикеге мүгедектігі бойынша жәрдемақы беріледі.
Айманның көршісінің қызы да осыған ұқсас диагнозбен туған. Бірақ ерте қайтыс болған. Мүгедек қыздың анасы бұрын ауылда ауру балалар көп болғанын айтады.
"АЙБАЛТАҢ ЖАНЫҢДА БОЛСЫН"
1917 жылғы революцияға дейін Хан Ордасы қала мәртебесіне ие болған. Жылына екі рет ірі жәрмеңке өтіп, қоғамдық аурухана жұмыс істеген. Қазақстандағы алғашқы дәріханалардың бірі осында ашылған. Қазір ауылдың дүрілдеп тұрған шағы туралы жергілікті мұражайдан ғана білуге болады.
Мұражай экспозициясы бұрынғы президент Нұрсұлтан Назарбаевтың суретінен басталады. Ол бұл жерге 1990 және 1997 жылдары екі рет келген. Жұмысшылар президенттің сапарын елеулі оқиға көріп, онымен кездескендерін мақтан тұтады.
1801 жылы бұл маңда Бөкей ордасы болған, оның құрамына Ресейдің қазіргі Астрахань, Волгоград облыстарының жері де кірген.
– Сонда бұл қазақтардың жері ме? Бұл территорияларды талап етуге бола ма? – дедім өзімді ұстай алмай.
– Келесі залға өтейік, – деді мұражай қызметкері сұрағымды жауапсыз қалдырып.
Жарық бөлмеге өттік. Оюлы кілем үстіне пышақ, қанжар мен айбалта ілініпті. Оны көрген кезде айбалта туралы мақал есіме түсті.