"Далада қалатын түріміз бар". Тасқын кезінде баспанасыз қалғандардың уайымы

Тасқын салдарынан бүлінген үй. Орал қаласы, 9 шілде, 2024 жыл.

Оралда көктемгі су тасқыны кезінде баспанасыз қалған 1,5 мыңға жуық адам 4 айдан бері эвакуация орындарында – спорт залдар мен жатақханаларда тұрып жатыр. Көбі мемлекеттен үй немесе өтемақы беріле ме деген сұраққа жауап таба алмаған.

"ТӨРТ АЙДАН БЕРІ ДАЛАДА ЖҮРМІЗ"

Сырлыбаевтар отбасы 4 айдан бері студенттер жатақханасындағы тар бөлмені паналап отыр. 28 жастағы Үмітгүл күйеуі және 5 баласымен бірге сәуірде жатақханаға көшіп келген. Өйткені көпбалалы отбасының Жайық жағасындағы саяжайда орналасқан үйін су алып кеткен.

Жергілікті әкімдік саяжай халқын спортзалдар мен жатақханалардан құрылған эвакуация пунктеріне жайғастырды. Суға кеткен саяжай көп адамның жазда ғана пайдаланатын жері емес, үнемі тұрып, өмір сүретін жалғыз баспанасы болатын.

– Стеновик [бау-бақша] қоғамында тұрдық. 2011 жылы үйімізге көштік. Үйде жиһаз, ыдыс-аяқ, техника – бәрі болды. Соның бәрі суға кетті. Балалар киімі, құжаттар мен төсек-орын ғана алып үлгердік, – дейді көпбалалы ана.

Көктемде Қазақстанның солтүстігі мен батыс өңірлерінде су тасқыны халықты әбігерге салды. Билік мұны кейінгі 80 жылда болған ең үлкен апат деп атап, 11 аймақта төтенше жағдай жариялады. Ондаған мың үйді су алып, жүздеген мың адам тұрып жатқан үй-жайынан басқа жерге көшірілді. Тасқын кезінде үкімет "ешкім қолдаусыз қалмайды" деп уәде берген.

Бірақ содан бері 4 ай өтсе де, Сырлыбаевтар әлі күнге уақытша жатақханада тұрып жатыр. Әкімдік жергілікті асханаға үш мезгіл тамақ жеткізеді. Әр қабатта – ортақ әжетхана мен душ бар.

Тасқын іске алғысыз еткен үйдің орнына отбасыға басқа баспана беріле ме, жоқ па, белгісіз. Олар тұрған саяжай учаскесінде екі үй болған: біреуінде Үміткүл мен күйеуі, екіншісінде күйеуінің туыстары тіршілік кешкен. Қос үй де күйеуінің туыстарының атына тіркелген. Тасқыннан кейін саяжайлардағы жағдайды зерттеуге кіріскен комиссия мүшелері Сырлыбаевтардың үйіне келмеген.

Күйеуі және бес баласымен бірге эвакуация пунктінде тұрып жатқан Үмітгүл Сырлыбаева. Орал, 16 шілде, 2024 жыл.

Тасқыннан кейін үкімет саяжайдан басқа үйі жоқ азаматтар жер учаскесін мемлекетке беруге келіссе, билік олардың баспанасын қалпына келтіретін болды.

Батыс Қазақстан облыстық әкімдігі өкілдері «Стеновик» қоғамындағы саяжайдың меншік иесі Сырлыбаеваның күйеуінің бауыры болғандықтан, тасқын бүлдірген үйдің орнына, пәтер соған берілді, ал Үмітгүлдің отбасының өтініші орындалмады деп хабарлады.

– Тұрғын үй және коммуналды шаруашылық бөліміне бардық. Оларда тізім бар. Баспана алатын кісілердің тізіміне бізді қоспапты. Барар жеріміз жоқ, пәтерді жалға алып тұруға жағдайымыз жетпейді, – деді Сырлыбаева.

Үмітгүл – үй шаруасындағы әйел, бала тәрбиесімен айналысады. Кенже ұлы – 1,5, үлкені – 9 жаста. Күйеуінің мамандығы – дәнекерлеуші, анда-санда жалдамалы жұмысқа шығады. Көпбалалы ана баспана кезегінде 1289-орында тұр. Бұл кезекпен баспанаға қашан қолы жететінін білмейді.

– Қазіргі жалғыз шешім – баспана алып беретін қайырымдылық қорларына жүгіну. Құжаттарымызды жібердім, жақын күндері жауап келуі керек, – деді Үмітгүл көз жасын сүртіп.

Орал әкімдігінің дерегінше, 71 отбасы дәл осылай баспанасыз қалған. Олардың су алып кеткен үйі басқа адамдардың атына тіркелген. Жергілікті билік өкілдері "Мұндай жағдайда мемлекет ештеңе істей алмайды" деп отыр.

– Заң бойынша, оларға ешқандай көмек ұсына алмаймыз. Өйткені жалғыз баспанасын су алған азаматтарға ғана үй беріледі. Мемлекет атынан көмектесе алмаймыз, бірақ демеушілер көмегі бар. Демеуші тартып жатырмыз. Олар он отбасыға жылжымайтын мүлік алып берді. Отбасының жағдайын қоғам өкілдері тексереді: көпбалалы, толық емес немесе мүгедек адамы бар отбасыларға көмектеседі, – деді Орал әкімінің орынбасары Азамат Халелов.

ОҚУ БАСТАЛҒАНДА, БАСПАНАСЫЗ ХАЛЫҚ ҚАЙДА БАРАДЫ?

Үмітгүлдің екі үлкен баласы қыркүйекте мектепке барады. Ол "балаларым эвакуация пунктінен алыстағы оқу орнына қалай қатынайды?" деп уайымдап отыр. Отбасы оқу жылы басталғаннан кейін де жатақханада тұра бере ме, әлде оларды басқа жаққа көшіре ме, белгісіз. Жатақханада тұрып жатқан халық ауыл-аймақ пен басқа қаладан келген студенттерге орын жетпесе, бізді шығарып жіберетін шығар деп қорқады.

Су тасқыны кезінде эвакуация пункті ашылған жатақхана. Орал, 16 шілде, 2024 жыл.

Эвакуация пунктінде тұрып жатқан Ақтолқын Қабиева жатақханаға оралған студенттерді көріп, алаңдай бастаған. Ол мемлекет көпбалалы отбасына (күйеуі, өзі және бес баласы) Зашағанда салынып жатқан үйден пәтер береді деп үміттенеді. Зашаған – Оралдың іргесіндегі инфрақұрылымы нашар дамыған аудан. Онда тұратын адамдар су мен жарық жиі өшетінін, жақын маңдағы қоқыс полигонынан тараған жағымсыз иіс барын айтып шағынады.

– Басында бір бөлмелі пәтер береміз деді. Бес баласы бар отбасыға бір бөлмелі пәтер бермек болды! Бас тарттық. Онда үй береміз, әзірге іргетасы ғана құйылған деді. Құрылыс қашан бітетінін білмейміз, ешкім нақты ақпарат бермейді, – деп шағынды Ақтолкын Қабиева.

Эвакуация пунктінде тұрып жатқандар "Оқу жылы қарсаңында сіздерді басқа жаққа көшіру жайлы айтылған жоқ па?" деген сұраққа "ешкім ештеңе түсіндірмейді" деп жауап берді.

Жатақханадағы эвакуация пунктінде тамақ алып жатқан адамдар. Орал, 16 шілде, 2024 жыл.

Орал әкімдігі тамыздың ортасына қарай эвакуация пункті ретінде қолданылған жатақханаларды студенттерге босату керек деді. Тасқыннан зардап шеккен адамдарға берілетін үйлер дайын болмаса, оларды басқа уақытша баспанаға көшіреді.

– 15 тамызға дейін уақытымыз бар. Қазір эвакуация пунктерінде 400 отбасы тұрып жатыр. Оларға көшуге ордер берілген, бірақ жөндеу жұмыстары аяқталғанын күтіп отыр. Ақырындап көшіп жатыр. Өткен аптада эвакуация пунктерінде 440 отбасы тұратын. 40 отбасы баспана алып, көшіп кетті. Қазір бізде 8 эвакуация пункті бар, біртіндеп олардың саны азая береді. Кейін бәрін бір эвакуация пунктіне жинаймыз, – деді қала әкімінің орынбасары. – Азаматтарға көмектесе алмасақ, олар су тасқыны кезінде бүлінген үйіне қайтады. Бұл үйлерге техникалық тексеру жүргізілмеген, өйткені үй иелерінің басқа пәтері бар.

"ҚҰРЫЛЫС ЖҰМЫСТАРЫН ЖЕДЕЛДЕТУ КЕРЕК"

Орал әкімдігіне тасқыннан зардап шеккен халықтан 10 мыңнан астам өтініш түскен. 3,5 мың адамның өмір сүруге жарамай қалған үйінен басқа баспанасы жоқ.

– Оларға жаңа баспана береміз. Қазірге дейін 1137 отбасыға ордері берілді, біреулер жаңадан салынған пәтер, басқалары дайын үйлер алды. Енді салынып жатқан үйлерді күтіп отырғандар да бар. Жұлдыз. ПДП-1, ПДП-2 және Зашағанда 374 үй салып жатырмыз. Мердігерлер анықталды, құрылыс 60 пайызға біткен, 1 қыркүйекке дейін үйді тапсыруы керек. Адамдардың бір бөлігі сатуға қойылған үйлерден баспана қарап жатыр. Халықты баспанамен қамтуға бюджеттен қаржы бөлінген жоқ, бәрі – бизнестің ақшасы, – дейді Халелов.

Кей үйлер әлі күнге тартылмаған судың астында жатыр. Техникалық тексеру аяқталмаған. Бұл туралы Азаттыққа тұрғын үй және коммуналды шаруашылық бөлімінің жетекшісі Нұртілеу Шайдығалиев хабарлады.

Оралдағы саяжай қоғамындағы үйлер. 9 шілде, 2024 жыл.

Батыс Қазақстан облысында үйлерді қалпына келтіру және құрылыс жұмыстары уақытынан кешігіп жатыр.

"Өңір жұмыс қарқынын күшейту керек. Үкімет сапалы, қауіпсіз әрі жайлы баспанаға басымдық береді. Барлық құрылыс нысандарында бақылауды күшейткен жөн. Облыста баспанасын күтіп, уақытша жатақханаларда тұрып жатқан отбасы көп. Құрылыс жұмыстарын жеделдетіп, 2-3 ауысымдық режимге көшу керек. Толық іске кірісуді тапсырамын", – деді осы аптада Батыс Қазақстан облысына барған премьер-министр Олжас Бектенов.

Орал әкімдігі тасқыннан кейін бүлінген үйдің бәріне тексеру жүргізілген жоқ десе, үкімет сел болған аудандардағы үйлер 100 пайыз тексерілді, "су тасқыны салдарын жою және зардап шеккен халыққа көмектесу жұмыстары жалғасып жатыр" деп мәлімдеді.

Орал әкімінің орынбасары апатты деп танылмаған үйлерге иелері оралып, жөндеу жұмыстарын жүргізіп жатыр дейді. Әкімдік оларға үйін қалпына келтіруге көмек көрсетіледі деді.

– Жөндеу жұмыстарына ақша бөліп жатырмыз. Техникалық тексеруден кейін үй тұруға жарайды деген қорытынды шықса, тұра беруге болады. Бірақ азаматтарға үйді қайта су алып кетсе, өтемақы берілмейді деп ескертеміз. Халықты жыл сайын көшіре алмаймыз, – дейді Азамат Халелов.

Орал қалалық тұрғын үй және коммуналды шаруашылық бөлімінің жетекшісі Нұртілеу Шайдығалиев

Тұрғын үй және коммуналды шаруашылық бөлімінің өкілі Нұртілеу Шайдығалиев 800 үй жөнделетінін айтты.

– Тасқыннан зардап шеккен азаматтардың өтінішімен үйлерді тексеріп, апатты жағдайда тұрғаны немесе жөндеуге жарайтыны жөнінде қорытынды бердік. Осы қорытындыға сәйкес, 5 мердігер компания апатты деп танылған үйлерді сүруді бастады, – деді Шайдығалиев.

САЯЖАЙ ХАЛҚЫНЫҢ ЖАҒДАЙЫ

Ірі техника үйлерді қиратып жатыр. Бетон мен кірпіш сынықтары, шифер тақтасын КАМАЗ жүк көлігіне тиеп жатыр. Оралдағы Екінші саяжай ауылына барған Азаттық тілшісі осындай көрініске куә болды. Үйлерді сүріп жатқан жұмысшылар жиналған қалдық қоқыс полигонына апарылады деді.

Сүрілген үйдің қасында 75 жастағы Валентина Хват тұрады. Зейнеткер күйеуімен бірге су тартылғаннан кейін еккен бау-бақшасын баптап жүр. Қарт адамдар саяжайға жазда ғана келеді. Қалған уақытта қаладағы пәтерінде тұрады. Тасқыннан кейін саяжайдағы үй аман қалған. Бірақ ондағы заттардың бәрі істен шыққан. Хват тасқын салдарынан шеккен шығынды есептеу қиын дейді. Ол үйін тезірек тазалап, қалпына келтіру үшін бүлінген заттарын өртеп жібергенін айтты.

Саяжай аумағындағы тасқыннан бүлінген үйлерді сүріп жатқан жұмысшылар. Орал, 10 шілде, 2024 жыл.

Хват күзде бақшасынан өнім жинағысы келеді. Саяжайдың одан кейінгі тағдыры белгісіз. Зейнеткер жер учаскесінің жайы не болады деген сұрағына жергілікті биліктен жауап ала алмай жүргеніне талай уақыт болғанын айтып шағынды.

– Саяжайдағы үйіміздің құжаты жоқ. Кезінде сол күйі өз атымызға тіркей алмадық. Өтемақы алуға өтініш бердім (тасқыннан зардап шеккендерге бір рет 369 200 теңге жәрдемақы төленді – ред.). Саяжай өз атымызда екенін растайтын құжат әкел деді. Оны бау-бақша серіктестігі қауымдастығы төрағасынан алу керек. Ол жаққа барып, 4 сағат бір жерде, тағы 4 сағат басқа жерде отырдым. Телефонға жауап бермеді. Жүрегім ауырып кетті, ақшасы құрысын деп, қолды бір сілтедім, – дейді зейнеткер.

Оралдың бірнеше саяжайында үйлерді сүріп жатыр.

– Бізде тізім бар. Қазір тұрғын үй комиссиясынан өтіп, баспана алған адамдардың үйлерін ғана сүріп жатырмыз, – деді Нұртілеу Шайдығалиев.

Әкімдік жүзден астам үйді сүріп үлгерген. Бұл мақсатқа бюджеттен қанша қаржы бөлінгені белгісіз.

– Өмір сүруге жарамсыз үйлерді ешкім тұрмасын деп сүріп тастайды. Әкімдік бұл учаскелерді өз балансына алады, – деді әкімнің орынбасары. – Бұл үйлер үшінші тұлғаларға берілмейді, оларды мемлекет иелігіне алып, орман қорына өткізуді ойлап отырмыз.

Қазір Екінші саяжай ауылында жарық жоқ. Жұрт жарық қашан келетінін білмейді.

– Электрикпен бірге қолына папка ұстаған бір кісі келді: сол күні күйеуім мен көршілерім саяжайда болған. Әлгі кісілер үндемей келіп, жарықты қиып кетіпті. Ешкімнің есігін қағып, сұрап, ескерту жасамаған. Электр жарығына жауапты мекемеге бардым, олар арызды сіз жазбайсыз деді. Төраға жазуы керек екен. Күтіп отырмыз, енді (құрылыс техникасымен) сымдарды жұлып, бәрін әкете бастады, – деді зейнеткер Валентина Хват.

Зейнеткер Валентина Хват саяжайға жазда ғана келіп, бау-бақшасын баптайды, қалған уақытта қаладағы пәтерінде тұрады. Орал, 2024 жылдың шілде айы.

Валентинаның көршісі Лидия айналада ешкім қалмаған соң, түнде жалғыз қонуға қорқып жүргенін айтады.

– Түнде ұйықтамаймыз. Бөтен адамдар келіп, заттарды тонап, жинап жүреді. Ешкім жоқ, 80-нен асқан зейнеткерлер ғана қалдық. Қорқамыз. Саяжайды тастап кетуге қимаймыз. Мемлекетке өткізіп, өтемақы алайын десек, кімнен сұрарымызды білмейміз. Мұнда үйлерді сүріп жүрген жұмысшылардан басқа ешкім жоқ, – деді ол.

Әкімдік адамдар тұрып жатқан саяжайлар қалады дейді.

– Саяжай қалады. Коммуникация желілеріне қатысты мәселе болмайды. Жарық, газ бен су бұрынғыдай істей береді, – дейді Азамат Халелов.

Саяжай аумағындағы тасқын бүлдіріп кеткен үй. Орал, 10 шілде, 2024 жыл.

Сәуірде болған су тасқыны кезінде вице-премьер Қанат Бозымбаев "Власть" журналына берген сұхбатында саяжайдан басқа үйі бар тұрғындар өтемақы алмайды деп ескерткен.

"Саяжай көп адам үшін – жан рахатына арналған жер: жеміс-жидек, кәмпит, балалар, кәуап, ішімдік, таза ауа. Кешірім сұраймын, бірақ біз бұл үшін ақша төлемейміз, – деген Бозымбаев. – Саяжайды демалыс орны есебінде пайдаланатын кісілерге өтемақы берілсе де, ең соңынан беріледі. Өйткені тасқын салдарын жоюға қыруар қаржы кетеді".

Астана су тасқынынан бюджетке қанша шығын келгенін айтпады. Сәуірде Бозымбаев тасқын салдарын жоюға алдын-ала есеп бойынша, 200 миллиард теңге керек деген. Ірі бизнес 150 миллиард теңгеден көп ақша жинап берді деген дерек жарияланған.

Кейбір саяжай қоғамы аумағында көктемгі тасқыннан қалған су әлі кеткен жоқ.

Үкімет жақында жариялаған ақпаратқа сәйкес, бүлінген үйлерді жөндеп, қалпына келтіруге 44 миллиард, су тасқынынан зардап шеккен халыққа бір реттік төлемге 12,5 миллиард, аса қажет заттарды сатып алуға көмек ретінде 9,5 миллиард теңге, қырылған малға 2,8 миллиард, шағын бизнес өкілдеріне 1,5 миллиард, жалпы көлемі – 70 милиард теңге бөлінген.

Бұл деректегі әр санның артында бүлінген үйге құжаты жоқ, өтемақы алмайтын немесе далада қалуы мүмкін адамдардың тағдыры жатыр.