Белсенділерге жүгінген билік Орал оқиғасын тез ұмытты. Себебі неде?

Патшалық Ресей империясына қызмет еткеніне 400 жыл толуын атап өтпек болған казактарға қарсы шеруге шыққан қазақтар. Батыс Қазақстан облысы Орал қаласы, 15 қыркүйек, 1991 жыл.

Қазақстан тәуелсіздік алардан тура үш ай бұрын Оралда болған сепаратистік сипаттағы оқиға тиісті бағасын алды ма? Оған құқықтық және саяси баға беруді талап еткен акциялар немен аяқталды? Оқиға кейіпкері мен сол кездегі шенеуніктің қазіргі көзқарасы қандай? "Азаттық радиосына 70 жыл" аудиоподкасында толығырақ баяндаймыз.

Your browser doesn’t support HTML5

Атаманның ақыры. Орал оқиғасы ұмытылды ма?

Бұл – осыдан 32 жыл бұрын, 1991 жылғы 15 қыркүйекте Орал қаласында болған оқиға. Сол күні қалада жер-жерден жиналған казактар өздерінің патшалық Ресей империясына қызмет еткеніне 400 жыл толғанын тойлап жатқан. Оған Жайық казактарын қосқанда сол кездегі Совет одағының 11 аймағынан делегаттар қатысқан. Шіркеуде басталған шара Оралдағы Ворошилов зауытының (қазір "Зенит" зауыты) мәдениет сарайында жалғасқан.

ШЫРҚЫ БҰЗЫЛҒАН ҚҰРЫЛТАЙ

Мәдениет сарайының сахнасына шығып сөйлеген Ресейден келген Казактар одағының атаманы Александр Мартынов жиналғандарды казактардың Ресей патшасына қызметінің 400 жылдығымен және осынау шараға байланысты казактардың Орал, Жайық жерінде бас қосуымен құттықтаған.

Казактар атаманы Александр Мартынов "Зенит" зауытының мәдениет үйіндегі жиында сөйлеп тұр. Орал, 15 қыркүйек, 1991 жыл.

Атаман сөзінде Совет одағы кезінде казактардың "геноцидке ұшырағанын, ол әлі жалғасып жатқанын" айтқан.

Ал бұл уақытта Орал қаласының орталық алаңына Қазақстанның бірнеше аймағынан жиналған мыңдаған адамнан 113 адам топтасып шығып, казактардың бұл шарасына тоқтау салуға бет алады.

Солардың арасында ақын, облыстық "Қазақ тілі" қоғамының төрағасы, "Азат" қозғалысының мүшесі Айсұлу Қадырбаева да бар еді.

Казактар жиынына барған қазақтар ақыры құрылтайды таратып тынады. Оларды күштік құрылымдар сырттай бақылап қарап тұрған.

Казактардың Ресей империясына қызмет еткеніне 400 толуына байланысты шара өтіп жатқан "Зенит" зауытының мәдениет үйінің сыртында пикетте тұрған қазақ белсенділер. Батыс Қазақстан облысы Орал қаласы, 15 қыркүйек, 1991 жыл.

Жағдай ушығып, жанжал шығып кете ме деген қауіп күшті болғанымен, куәгерлердің айтуынша, бірен-саран адам тәжікелесіп, шекісіп қалғаннан арыға бармаған. Казактар болса, келген автобустарына отырып, тарқауға мәжбүр болған.

Бір атап өтер жайт – Оралдағы оқиғаға қатысты ешкім жазаға тартылмағанға ұқсайды. Казактар құрылтайының заңсыз екенін немесе оның аяғы үлкен жанжалға ұласып кету қаупі барын қазақ белсенділер бір жыл бойы ескертсе де, билік оның алдын алмаған.

Жергілікті билік казактар құрылтайының өтуіне кеңшілік танытқан.

Казактардың патшалық Ресей империясына қызмет еткеніне 400 жыл толуын атап өтуіне қарсы пикетке шыққан "Азат" қозғалысы белсенділерін сырттай бақылап тұрған милиция қызметкерлері. Батыс Қазақстан облысы Орал қаласы, 15 қыркүйек, 1991 жыл.

САЯСИ-ҚҰҚЫҚТЫҚ БАҒА БЕРУ ТАЛАБЫ

Арада бір айдай уақыт өтеді. 14 қазанда бұл жолы Алматыда белсенді, ақын Айсұлу Қадырбаева аштық жариялайды.

Сол күндері Алматыдағы Жібек жолы даңғылы мен Парламент үйінің алдында шатыр құрып, басқа да акция – 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасынан кейін қуғынға түскен азаматтарды ақтауды талап еткен наразылық шаралары өтіп жатқан.

1986 жылғы Желтоқсан оқиғасына саяси баға беруді талап етіп, Алматыдағы алаңда аштық жариялап жатқан белсенділер. 1990 жылдары түсірілген бұл сурет Астанадағы Ұлттық академиялық кітапханада сақталған Хасен Оралтайдың жеке қорында сақталған.

Ал Айсұлу Қадырбаева арнайы комиссия құруды, Орал оқиғасына құқықтық және саяси баға беруді талап еткен. Кейін оның талабын қолдағандар Оралда аштық жариялап, олардың кейбірі Алматыға келіп, Айсұлудың акциясына қосылған. Билік өкілдері аштық акциясы тоғызыншы күнге жалғасқанға дейін бұл мәселеге назар аудармаған.

Осы акциядан хабар таратқан Азаттық радиосының тілшісі Батырхан Бозғұрт (Дәрімбет) Айсұлу Қадырбаеваның жоғары деңгейдегі комиссия құрылғанша наразылықты жалғастыра беретінін айтқан.

Бұл Қазақстан қоғамы демократиялық талпыныстарымен билікке өз талабын қоя бастаған кез еді. Сондықтан сол кездегі Қазақстан қоғамының сепаратистік сипаты бар оқиғаға құқықтық және саяси баға берілмеуін айыптағаны айтылады.

Батырхан Бозғұрттың хабарлауынша, биліктің баяу қимылдауы демократиялық күштердің наразылығын тудырған.

Айсұлу Қадырбаеваны қолдаушылар 22 қазанда Парламент үйінің алдына жиналып, өз талаптарын жеткізген. Олармен депутат Тілеутай Ибраев кездескен, оның айтқан сөзінен Орал оқиғасын тексеру үшін құрылған басқа да комиссиялардың жұмыс істеп жатқаны белгілі болған.

НАЗАРБАЕВ НЕ ДЕДІ?

Бұл кезде Қазақ ССР президенті Нұрсұлтан Назарбаев тұңғыш рет бүкілхалықтық сайлауға түсуге даярланып жатқан. Коммунистік партияның сатысымен билік басына көтерілген басшының бұл әрекеті драмаға толы болғанға ұқсайды. Назарбаев 26 қазанда президенттікке жалғыз кандидат болып ресми тіркелгенге дейін оны қолдаушылар комитеті құрылып үлгереді.

23 қазанда осы комитеттің мүшелерімен кездескен Назарбаев Орал оқиғасы туралы да айтып, оған тойтарыс берген "Азат" қозғалысының іс-әрекетіне ықылас білдіреді. Сол кездесуде "Азат" төрағасы Сәбетқазы Ақатай президентті Айсұлу Қадырбаеваның акциясы мен талабынан хабардар етеді. Назарбаев сол кездегі вице-президент Ерік Асанбаевқа комиссия құруды тапсырады.

Назарбаев бұл оқиға туралы алдын-ала сол кездегі Ресей президенті Борис Ельцинге хат жазғанын, ал атаман Мартыновпен сөйлескенін айтты. "Сонда Ельцин де, Мартынов та Қазақстан жерінде орыс казактары шара өткізбейтінін айтқан. Мен оларға сендім. Ал Мартынов бұл жиынды әуелде Омбыда өткізуге уәде берді. Бірақ олар аяқ астынан өзгеріп, 15 қыркүйекте Оралға келді...", – деген Назарбаев.

ЖЕРГІЛІКТІ БИЛІК НЕ ІСТЕДІ?

Президенттің осы кездесуде айтқанына қарасақ, Орал оқиғасы аяқ астынан 15 қыркүйекте ұйымдастырылғандай әсер қалдырады.

Бірақ Орал қалалық атқару комитеті 1991 жылдың мамырында мұндай шараны сәл атын өзгертіп өткізуге рұқсат беріп қойған. Ал 1990 жылы қыркүйекте Жайық казактары Қазақстандағы "Тіл туралы" заңға қарсылық білдіріп, дүркін-дүркін рұқсат етілмеген жиындар өткізген.

Тіпті 1991 жылдың ақпанында "Орал автономиялық облысының тәуелсіздігі туралы декларация" деген мәтін таратылады.

Патшалық Ресей империясына қызмет еткеніне 400 жыл толғанын тойлауға жиналған казактар шіркеудің қасында мінәжат етуге келіп тұр. Орал, 15 қыркүйек, 1991 жыл. YouTube-тегі видеодан скриншот.

Осы шараларға қарсы Оралда белсенділер де жиын өткізіп, елдің жауапты органдарының назарын осы мәселеге бұруға тырысады. Айсұлу Қадырбаева Жоғарғы кеңес пен сол кездегі Қазақ ССР-нің прокурорына хат жазған.

Ал Орал қалалық атқару комитеті, сол қысымдардың әсерінен болар, басында Орал, Жайық казактарының Ресей патшасына қызметінің 400 жылдығын атап өтуді сол кездегі қоғамдық-саяси жағдайға байланысты "қабылдауға келмейтін шара" деп қарсылық білдіргендей болады. Алайда сол сәт 1991 жылдың 28 мамырында 1991 жылғы 15 қыркүйек, жексенбіде Жайық бойындағы халықтардың ортақ мерекесі аясында Орал казактары күнін атап өтуін орынды деп мойындайтынын аңғартады.

Назарбаев өзін қолдаушылар комитетімен кездескеннен кейін, Орал оқиғасына құқықтық және саяси баға беру жөніндегі комиссия құрылып, оны сол кездегі президент кеңесшісі Серік Әбдірахманов басқарған. Бұл құрылым "президенттік комиссия" деп аталды.

"ҚАНТӨГІССІЗ ЖЕҢІС"

Арада 32 жыл өткенде Айсұлу Қыдырбаева сол күндерді былай еске алады.

– Мен аштық жариялаған тоғызыншы күні комиссия құрылып, оның басшысы Серік Әбдірахманов маған келді. Аштық акциям бас-аяғы 14 күнге созылды. Өйткені басында оларға сеніңкіремедім, – дейді белсенді ақын.

Айсұлу Қадырбаева бүгінде Орал оқиғасы ұмтылып бара жатқанын айтады. Жалпы сол кезде Назарбаевтың алғашқы жалпыхалықтық президент сайлауына түсуі, сол кездегі Оралдағы жекешелендіру дауы, кейін Қазақстанның тәуелсіздік жариялауы, Совет одағы құлағаннан кейінгі басқа оқиғалар Оралдағы тартысты және оған байланысты талаптарды ұмыттырып жібергендей.

– Бұл үлкен жалпыхалықтық күрес болды. Орал оқиғасы әдейі шеттетілді. Бірақ біз неге бұлай болды деп айқай салмадық. Өйткені қантөгіссіз қол жеткен жеңіс еді. Біз бір-бірімізге кедергі жасамай, әскери тәртіпке бағынғандай жұмыс істедік, – дейді Айсұлу Қадырбаева Азаттыққа.

"КОМИССИЯҒА ҚҰЗЫРЕТ БЕРІЛМЕДІ"

Серік Әбдірахманов оқиғаның осылай аяқталуына бір жағы Ресейдегі бейберекеттік себеп болды деп есептейді. Яғни, казактар Мәскеу тарапынан тиісті деңгейде қолдауға ие болмаған. Оның сыртында ол Орал оқиғасында Қазақстан билігі мен белсенділері бірігіп әрекет еткенін айтады.

– Оралдағы оқиғаның ойдағыдай аяқталып, казактарға тойтарыс бергеннің артында халық пен биліктің бірігіп жасаған әрекеті тұр. Бірлік, ынтымақ, түсіністік болды, – дейді Серік Әбдірахманов.

Казактардың Ресей патшасына қызмет еткеніне 400 жыл толуын тойлауына қарсы акцияда тұрған белсенділер Орал Сәулебай (алдыңғы қатарда сол жақта), Айсұлу Қадырбаева (ортада) және Жасарал Қуанышәлин (ортада). Орал, 15 қыркүйек, 1991 жыл. YouTube-тегі видеодан скриншот.

Серік Әбдірахманов Айсұлу Қадырбаева мен Жасарал Қуанышәлин тәрізді белсенділердің сол кездегі әрекеттерін еске алды. Айтуынша, Айсұлу Қадырбаева жергілік казактарға "ортақ отан – Қазақстан" туралы айтып, түсіндіру жұмыстарын жүргізген. "Ол сепаратистік әрекеттің түбі жақсылыққа апармайтынын айтып, елді түсіністікке шақырды", – дейді Серік Әбдірахманов.

Әбдірахманов өзі басқарған комиссия Орал оқиғасына саяси баға беретіндей жеткілікті құзырға ие болмады деп есептейді. Қоғамдық пікір қысымынан кейін құрылған осы комиссия жайлы ол былай дейді:

– Бұл мәселеде барлық шаруаны атқарған президент, президент әкімшілігі және алаңдағы белсенділер болды. Көпшіліктің көңілін аулау үшін құрылған біздің комиссия мәлімет тіркеумен шектелді. Оған оқиғаға баға беретіндей құзырет берілмеді. Соған сай өз басым комиссия нәтижеге жеткізеді деген пікірде болмадым. Комиссияның басшысы ретінде белсенділерді жинап, қызбалыққа салынбаған жөн деп ақыл айтып отырдық. Негізгі мақсат – жерімізді бөлшектемей алып қалу болды. Сайып келгенде, еңбек, ерлік белсенділердікі болды, олар барлық шараны алаңда бітірді.

"НАЗАРБАЕВТЫҢ КӨҢІЛІ САЙЛАУДА БОЛДЫ"

Серік Әбдірахманов бұл кезде Нұрсұлтан Назарбаев үшін кезекті саяси оқиға – жалпыхалықтық президент сайлауы көбірек маңызды болғанын айтады. Бұл – Орал оқиғасы тыныш аяқталған соң президенттікке кандидат ретінде елді аралаған Назарбаевтың Оралға да аялдап, жергілікті атамандармен кездесіп, анекдот айтып жүрген кезі болатын.

Қазақ ССР президенті Нұрсұлтан Назарбаев СССР халық депутаттары съезінде сөйлеп тұр. Мәскеу, 2 қыркүйек, 1991 жыл.

– Назарбаевтың бар көңілі сайлауда болды. Сайлаудың нәтижесін және керек сандарды шығаруды ойластырудан босамады. Арасында халықтың көңілін аулау үшін оралдықтармен де кездесіп, жылы сөз айтты. Ал өмір көші одан әрмен жылжи берді. Алдыда әлі Беловежь оқиғасы, тәуелсіздік жариялау сәті тұрды. Тәуелсіздікті жариялаған күннің өзінде ертеңіміз қалай болады, Ельцин қалай қарайды деп басы қатып отырды да, Орал оқиғасына қарайлауға мұршасы да, ниеті де болған жоқ. Бір жағы бәсекесіз сайлау науқанының өзі Назарбаев үшін салтанат болды, – дейді Серік Әбдірахманов Азаттыққа 32 жыл бұрын болған оқиғалар жөнінде.

Кейін белсенділер Орал оқиғасына құқықтық және саяси баға беру үшін құрылған комиссияның анықтамасын әзірлеген. Бұл шын мәнінде оқиғаға құқықтық және саясаи баға беруге тиіс құжат еді. Алайда оған президенттік комиссия төрағасы Серік Әбдірахманов қол қоймаған. Бұрынғы шенеунік оның себебін былай түсіндіреді:

– Онда қызбалыққа салынған тұстар болды. Мен соны орынсыз деп таптым. Келісімге келмедік те, мен оған қол қоймадым. Бірақ мен соның салдарынан бірдеңеден айырылып қалдық деп ойламаймын.

"ҚАНТӨГІС БОЛСА, ЖАҢА РЕСПУБЛИКА ЖАСАҚТАЛУЫ МҮМКІН ЕДІ"

Орал оқиғасы жөнінде қандай тұжырым жасауға болады? Бұл туралы бер жақтағы жағдай аздап болса да түсінікті болған сияқты. Ал екінші жақта Казактар одағының атаманы Александр Мартынов 2019 жылы шыққан "20 және 21 ғасыр айқасындағы казачество" деген кітабында 1990-жылдары казактардың іс-әрекеті Солтүстік Кавказдағы қақтығыстардан кейін Қазақстанда да тойтарысқа ұшырағанын жазған.

Ресейдегі Казактар одағының атаманы Александр Мартыновтың 2019 жылы шыққан "ХХ және ХХІ ғасыр тоғысындағы казачество" кітабынан.

"Азат" қозғалысының белсенділері мен жақтастарының арандатуы және демаршының нәтижесінде Жайық казактарының ежелгі астанасында патриоттық форум көлеңкеде қалды. Сол кезде қантөгіс бола қалса, жаңа республика жасақталып, Қазақстан тәуелсіз мемлекет ретінде құрылмауы мүмкін еді" деп жазған ол Ресей мемлекетінің осындай драмалық оқиғалардан сабақ алмағанын жазғырған.

Ал Қазақстанда Орал оқиғасына баға беру үшін жұмыс істеген президенттік комиссияны басқарған Серік Әбдірахманов қазір ол оқиғаны егжей-тегжейлі зерттеу үшін ғалымдардың қатысуымен ғылыми-практикалық конференция өткізу керек деп есептейді.

– Нақты не болды, қалай болды, қандай әрекеттер істелінді, кім үнсіз қалды, кім белсенді болды, сол кезде жергілікті органдардың ролі қандай болды – соның бәрін біздің тарихшылар егжей-тегжейлі зерттеуі керек. Ұлттық қауіпсіздік комитетінің (оқиға кезінде әлі КГБ) сол кезде жинаған мәліметтері бар шығар. Солардың бәрін жинақтап ортаға салып, терең талдап, қорытынды шығару үшін үлкен ғылыми-практикалық конференция өткізген дұрыс болар еді, – дейді Орал оқиғасына баға беру үшін құрылған комиссияның төрағасы болған Серік Әбдірахманов.

Азаттық радиосы бұған дейін де Орал оқиғасы туралы кеңінен тоқталған. 2011 жылы қыркүйек айының алғашқы жартысында, яғни оқиғаның 20 жылдығы қарсаңында Азаттық сайтында Ержан Қарабектің үш бөлімнен тұратын журналистік зерттеуі жарық көрген.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ 1991 жылғы Орал оқиғалары. Астары мен аңызы

"Азаттық радиосына 70 жыл" подкасының бүгінгі эпизодында Азаттық радиосы архивінде сақталған деректер негізінде сол кездегі белсенділер мен биліктің әрекетін сараладық. Казактар құрылтайына заңды жолмен тыйым сала алмаған биліктің сол оқиғада белсенделердің тасасында қалуға тырысқаны байқалады.

Подкастың барлық эпизодын Азаттық сайтынан, подкаст платформаларынан және Азаттықтың YouTube-арнасынан тыңдауға болады.