БАҚ пен депутатты сотқа берді. Құрылыстан басталып, абырой-беделді қорғау ісіне ұласқан дау

"Кублей" зауытының өкілі, заңгер Бақытжан Базарбек кәсіпорынның сотта жеңіліп қалғанына наразылық білдіріп тұр. Орал, 27 желтоқсан, 2023 жыл.

Орал қаласында тұратын ерлі-зайыпты кәсіпкерлер жер мәселесі жөніндегі заңгер әрі мәжіліс депутаты Бақытжан Базарбекті және аймақтық "Уральская неделя" газетін сотқа берді. Құрылыс компаниясының иелері сотқа депутат Базарбек өндіріс нысанының жанынан салынып жатқан тұрғын-үй кешеніне қатысты шыққан дауға пікір білдіріп, кәсіпкерлерге тіл тигізіп, моральдық шығын келтірді деп шағымданды. Сот талап-арызды ішінара қанағаттандырды.

Орал қаласының соты "ар-намыс пен абыройды, іскерлік беделді қорғау жөніндегі" арызды қарап, парламенттің төменгі палатасының депутаты Бақытжан Базарбекті жергілікті кәсіпкер Роберт Ирменовке – 150 мың теңге (шамамен 315 доллар), жұбайы Жанар Ирменоваға 50 мың теңге төлеуге міндеттеді. Сонымен қатар сот шешімімен азаматтық істің тағы бір жауапкері – аймақтық "Уральская неделя" басылымы құрылыс компаниясының ерлі-зайыпты иесіне 100 мың теңге төлеуге тиіс. Арызданушылар Базарбектен 4,8 миллион теңге, ал газет басшылығынан жалпы көлемі 400 мың теңге талап еткен. Сот Базарбектің БАҚ-та таратқан мәліметтері Ирменовтердің ар-намысы мен абыройына, іскерлік беделіне нұсқан келтірген жоқ деген шешім шығарды.

21 қыркүйекте Батыс Қазақстан облысында аяқталған дау бірнеше сатыдан өтіп, бұған мүлде қарама-қайшы үкім шығарған ертеректегі тағы бір даумен байланысты.

Осыдан үш жыл бұрын ет өңдеумен айналысатын "Кублей" консерві зауыты өндірістік ғимаратының жанынан тұрғын-үй кешені салынып жатқанын айтып, сотқа шағым түсірген. Орал қаласының өндірістік аймағында орналасқан зауыт әкімдіктің көп қабатты тұрғын үй салуға берген рұқсатын заңсыз деп тануды талап етті.

Консерві зауытына жақын салынған тұрғын үйлер. Батыс Қазақстан облысы Орал қаласы, 26 қазан, 2022 жыл..

Бастапқыда сот "Кублейдің" талабын қанағаттандырған. Шешімді Жоғары сот та қолдаған. Сот органдары 2020 жылы өндірістік аймақтағы "Циолковский-1" тұрғын-үй кешенінің құрылысын бастаған компанияның даулы жерде құрылыс жүргізуге рұқсаты жоқ деген шешім шығарған еді.

Алайда екі жарым жылдан кейін іс қайта қаралды. 2023 жылдың наурызында Батыс Қазақстан облыстық сотының апелляция алқасы "Кублейдің" шағымын қанағаттандырудан бас тартып, әкімдіктің зауыт жанынан үй салу туралы шешімі күшінде қалсын деген қаулы шығарады.

Сол сотта зауыттың мүддесін қорғаған заңгер Бақытжан Базарбек биыл наурызда парламент сайлауының ресми қорытындысы бойынша мәжіліс депутаты болды. Дәл сол даудағы үшінші тұлға – "Ирменова ЖК" құрылыс компаниясы. Бұл фирманың иелері Роберт пен Жанар Ирменовтер енді қайта арыз жазып, сот оны биыл сәуір айында қарастыруға кіріскен.

КӘСІПКЕРЛЕР, ДЕПУТАТ ЖӘНЕ ГАЗЕТ: ТАРАПТАРДЫҢ ДӘЙЕГІ

Талапкерлердің адвокаты Виталий мен Светлана Клениндер сотқа шағымдануға Бақытжан Базарбектің әлеуметтік желіге, "Уральская неделя" газетіне жариялаған бірнеше мақаласы мен Ulysmedia басылымына берген бейнесұхбаты себеп болды деп мәлімдеді. Осы материалдардың бәрінде "Кублей" зауыты мен әкімдік арасындағы сот дауы туралы әңгіме болған.

– Басылымдағы ["Уральская неделя"] мақалада сараптама көрсеткендей, Ирменовтердің ар-намысы мен абыройына нұсқан келтіретін сөздер болған. Онда "Ирменов Шаған өзенінің суқорғау аймағында орналасқан Самал ауданындағы 3,9 га жер телімінің иесі. Жер әкім Ғали Есқалиевтің резиденциясының жанында" деп жазылған (Есқалиев Батыс Қазақстан облысы әкімі қызметінен 2022 жылдың желтоқсанында кеткен – ред.). Сонымен қатар Роберт Ирменов тұрғызған "Циолковский" ТК төңірегіндегі дау ұзап кетті, бірнеше үй "Кублей" зауытының санитарлық-қорғау аймағына кіріп тұр, ол жерге заң бойынша құрылыс жүргізуге болмайды" делінген. Мақалада бәрі қойыртпаққа айналып кеткен, – деді сотта Ирменовтердің адвокаты Светлана Кленина.

Кәсіпкерлер Ирменовтердің адвокаты Светлана Клёнина Оралда өткен сотта сөйлеп тұр.

Ол өзі мүддесін қорғаған тұлғаның "Шаған өзенінің суқорғау аймағындағы Самал ауданында 3,9 га жері жоқ" деді. Адвокаттың сөзінше, тұрғын-үй кешені зауыттың санитарлық-қорғау аймағына тұрғызылды деген сөзі дәлелсіз мәлімдеме.

– "Кублей" зауытының санитарлық-қорғау аймағы болған емес, қазір де жоқ. Себебі ол кезде әкімдіктің ДЖЖ (детальді жоспарлау жобасы – ред.) мен уческенің нысаланы мақсатын өзгерту туралы қаулысы болған. Ол жерде құрылыс салуға неге тыйым салынғаны түсініксіз, – дейді Кленина.

Сәуірдегі алдын-ана тыңдауда сот психология-филологиялық сараптама белгілеген. Алайда процес бірнеше айға шегерілген.

Адвокат Кленина істі қарау барысында жүргізілген сараптама Базарбектің желіде жариялаған жазбаларының көбі "кәсіпкерлердің ар-намысы мен абыройына нұқсан келтіреді" деген қорытындыға келді деп мәлімдеді.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Төрт жүз үлескерді әуре-сарсаңға салған жер дауы

Сотта Бақытжан Базарбектің мүддесін қорғаған адвокат Жәнібек Башанов арызданушылардың сөзі мүлде жөнсіз және талаптары орынсыз деп санайды.

– 2020 жылы біз "Кублей" ісінде толық жеңіске жеттік. Тіпті Жоғары сотта да. Ол үйлер ("Циолковский-1" ТК) зауыттың санитарлық-қорғау аймағында заңсыз салынды деген шешім шықты. Содан соң Бас прокуратура облыс әкімінің үстінен қылмыстық іс қозғады. Мұның бәрінің... саяси астары бар, – деді адвокат Башанов Азаттыққа.

Ол Роберт Ирменов кассациялық сотқа шағымданғаннан кейін істі бірінші сатыдағы сотқа қайтарып берді дейді. Содан соң Жоғары соттың шешімімен процесс Орал сотына қайтарылып, қала әкімдігі және үшінші тұлғалар – құрылыс компаниясының иелері мен кешен тұрғындары жеңіп шыққан.

– Бақытжан Базарбек бұл туралы айтқан кезде сот шешімі әлі шықпаған еді. Оған қоса, мұның бәрі – сот процесі екінші мәрте жүріп жатқан кездегі оқиғалар. Сондықтан ол кезде Бақытжан шындықты айтты, яғни санитарлық-қорғау аймағы болған, үйлер заңсыз салынған. Ал Ирменов шағым түсіріп, "көрдіңдер ме, сот біздің үй салғанымыз дұрыс екенін айтты, – дейді Башанов.

Сондай-ақ сот Ирменовтердің "Уральская неделя" газеті редакциясына қатысты талабын да негізсіз деп тапты. Газеттің бас редакторы Тамара Есләмова Азаттық тілшісімен әңгімеде "Уральская неделя" басылымының журналистері "біреулерге ұнамағандықтан", осы сияқты қыспаққа жиі ұшырайды дейді. Айтуынша, бұл жолы мәселенің төркіні Ирменовтер мен "Кублейдің" тым эмоцияға беріліп, даудың ушығып кеткен.

Арызға негіз болған мақаланы Тамара Есләмова біреудің ар-абыройына нұсқан келтіретіндей емес деп есептейді. Мақалада өзен жағасындағы учаске 2000-жылдардың ортасында жекеменшікке өткені, ал Жанар Ирменова, әкімдіктің ақпаратына сенсек, оны басқа бір қожайыннан сатып алғаны жазылған.

Батыс Қазақстан облысында шығатын "Уральская неделя" газетінің бас редакторы Тамара Есләмова. Орал, 19 маусым, 2018 жыл.

– Біз саспаймыз, себебі Базарбектің шағымын алға тарттық, оның үстіне қала әкімінің орынбасарынан пікір алдық. Ол бізге жер телімінің (Ирменовке тиесілі делінген 3,9 га жер) қалай қолға өткені туралы ақпаратты берді. Ешкім сөзін жоққа шығарған жоқ, тіпті редакцияға өтірік ақпарат тараттыңдар деп хат жазған да жоқ. Демек, мұның бәрі – факт, – дейді Тамара Есләмова.

"Уральская неделя" газетінің өкілдері Орал қаласында өткен сотқа қатысқан жоқ. Арызда үшінші тарап ретінде көрсетілген Ulysmedia онлайн-басылымының өкілдері де қосылмады (редакциядағылар басылым процесстің қандай да бір тарапы емес, сондықтан пікір айтуға ешқандай негіз жоқ деп жауап берді). Сот залында үнемі арызданушының өкілдері ғана болды. Жауап беруші Бақытжан Базарбектің өкілі сотқа онлайн қосылды. Бұған дейін арызданушының адвокаттары тараптар барлық сот отырыстарына қатысуға тиіс деген талап қойған еді.

Баспасөзді қорғайтын "Әділ сөз" қорының айтуынша, жыл сайын БАҚ пен оның өкілдеріне қарсы ондаған азаматтық және қылмыстық іс қозғалып, әкімшілік жауапкершілікке тарту фактілері болып тұрады. Кейінгі бір жарым жылда қазақстандық журналистер Михаил Козачков, Махамбет Әбжанға қатысты қозғалған қылмыстық істер, Лұқпан Ахмедьяров пен Амангелді Батырбековтің әкімшілік қамауға алынуы қоғам назарында болды.

"Әділ сөз" қорының атқарушы директоры Мәдина Әлімханова азаматтық істер бойынша негізінен "ар-намысты, абыройды және іскерлік беделді қорғауға" қатысты арыздар түскен дейді. Баспасөзді қорғау ұйымының өкілі журналистер мұндай соттарды жеңе алады деген пікірде. Мысалы, биыл 25 соттың 18-і (былтыр 35-соттың 24-і) журналистердің жеңісімен аяқталған.

"Уральская неделя" газетінің үстінен арыз жазғандардың ұзақ уақыт сот процесінен кейін жеңіске жетуі сирек кездестін жайт деуге болады.

Сонымен қатар, үш жылға жуық уақытқа созылған "Циолковский-1" тұрғын үй кешені толық пайдалануға берілгелі жатыр. Зауыттың жанынан тұрғызылған көпқабатты үйлерге қазір тұрғындар ішінара қоныстанып та үлгерді.