Қай елдер, қалай және неге АЭС-тен бас тартты?

Қазір әлемде елуден астам ел атом электр станциясын белсенді пайдаланып отыр. Сонымен бірге, ешқашан АЭС болмаған немесе бастапқыда қосып, кейін ажыратып тастаған елдер де, ядролық қуатты қосуға сәл қалғанда ойламаған жайтқа тап келген елдер де бар. Ол қандай жайттар? Оған не себеп болды?

Қазір әлемде 50-ден астам ел АЭС қызметін пайдаланады. 400-ден астам ядролық реактор күллі әлемдегі энергияның тоғыз пайызға жуығын өндіреді. Дегенмен, ешқашан АЭС салуды ойламаған елдер де бар. Ойласа да, кейін ол ойынан айнып қалған елдер де кездеседі. Жұмыс істеп тұрған станцияларды жауып тастағандар да бар. Олар неліктен мұндай қадамға барды?

Greenpeace белсенділері Берлиндегі соңғы үш АЭС-тің жабылуына байланысты ядролық энергияға қарсылық акциясын өткізіп тұр. Германия, 15 сәуір, 2023 жыл

АЭС САЛУДАН БАС ТАРТУҒА СЕБЕП БОЛҒАН АПАТТАР

Біріншіден, бұған себеп – АЭС-те болған апаттар. Олар жекелеген адамдарды ғана емес, тұтас елдерді АЭС-ке қарсы қойды.

Кейінгі 60 жылда үш ірі төтенше оқиға болды. Біріншісі – 1979 жылы АҚШ-тың Три-Майл-Айленд АЭС-інде болған. Техникалық қызмет көрсетуде кеткен олқылық салдарынан белсенді аймақ қызып, балқып кетуге шақ қалды. Ал операторлар жанып тұрған индикаторларды көрмеген, себебі белгі беретін шамдардың үстінде басқа заттар тұрған. Бір мезетте апат қаупі туған кезде қосылатын суыту жүйесі автоматты түрде іске қосылып, соның арқасында АЭС апаттан аман қалды.

Апат салдарынан қираған Чернобыль АЭС-індегі №4 реактордың көрінісі. Украина ССР-і, Киев облысы. 1986 жылдың тамыз айы.

Жеті жылдан кейін, 1986 жылы Совет Одағындағы Чернобыль АЭС-ында жарылыс болды. Радиоактивті бұлт бірнеше елге жайылды. АЭС айналасындағы 30 шақырым жер өмір сүруге жарамсыз болып қалды. Апаттың нақты себебі айтылған жоқ. Совет өкіметі кезінде қызметкерлерді айыптады. 1990-жылдары апатқа реактор конструкциясындағы кемшілік себеп болуы мүмкін екені айтылды. Қазір бұл негізгі нұсқа болып саналады.

2011 жылы Жапониядағы Фукусима-1 АЭС-ында апат болды. Оған жойқын жер сілкінісі мен цунами, жобалау кезіндегі кемшіліктер мен қызметкерлер жұмысындағы қателіктер себеп болды. Бірнеше жойқын толқыннан кейін станциядағы электр қуаты желісі істен шығып, апат болған жағдайда суытатын жүйе жұмыс істемей қалды. Үш реакторда отын балқыды. Кейін апаттың себебін тексерген комиссия станция мұндай ауқымды апатқа дайын болмаған деген тұжырым жасады. Қазір онда апат салдарын жою жұмысы әлі жүріп жатыр.

Фукусима-1 атом электр станциясының апаттан кейінгі көрінісі. Жапония, 24 наурыз, 2011 жыл.

Осы апаттардың әрқайсы әлем елдерін шошытқаны соншалық, мұның аяғы АЭС-тен бас тартуға дейін әкелді. Мәселен, АҚШ-тағы оқиғадан кейін төрт жыл ішінде ондаған реактордың жұмысын тоқтатқан. Дегенмен, Құрама Штаттар ядролық энергиядан біржола бас тартқан жоқ. Бүгінде мұндай станциялардың күшімен барлық энергияның шамамен бестен бірін алып отыр.

Чернобыльдегі апатқа дейін Италияда 4 АЭС жұмыс істеп тұрған еді. 1987 жылы елде өткен референдум қорытындысы бойынша, Италия атом станцияларынан біржола бас тартты. 1990 жылға қарай Италия барлық 4 атом станциясын жапты. Оларды утилдеу жұмысы әлі жүріп жатыр.

2000 жылдардың басында премьер-министр Сильвио Берлускони басқарған үкімет атом энергиясы туралы ұсынысты қайта көтерді – елде 10 реактор салуды ұсынды. Алайда Фукусимадағы апат бұл жоспарға нүкте қойды. Италия алдымен бір жылға мораторий жариялап, одан кейін тағы бір референдум өткізді. Оған қатысқан халықтың басым көпшілігі АЭС-ке толықтай тыйым салуды қолдады. Қазір Италиядағы негізгі энергия көзі – сырттан әкелінетін газ, оның үлесі шамамен 45 пайыз, ал энергияның 35 пайызға жуығын жел станциялары өндіреді.

Австрияда 1970-жылдары Венаға жақын маңнан, Дунай өзені бойынан алғашқы атом станциясын салуды бастаған. Бастапқыда ол аса ірі болған жоқ. 1976 жылы, құрылыс аяқталуға жақындағанда атом энергиясының пайдасын көрсететін ақпараттық науқан басталды. Ойламаған жерден ол кері әсер берді. Австрия халқы арасында ядролық энергияға қарсылық күшейе түсті. Ядролық қалдықтарды мемлекет өз аумағында сақтауға тиіс екені мәлім болғанда бұл қарсылық шарықтау шегіне жетті. Ел аумағында жобаға қарсы ауқымды бейбіт шерулер өтті. Бұқаралық ақпарат құралдарында қызу пікірталас жүріп жатты.

1978 жылы, АЭС құрылысы аяқталып қалғанда үкімет күдік-күмәнді жою үшін мәселені референдумға шығарды. Канцлер халық жобаны қолдайтынына сенімді еді.

Австрияда 1978 жылғы 5 қарашада болған жағдайды тіпті антиядролық қозғалыс мүшелері де күтпеген еді. Австриялықтар АЭС-ті пайдалануды қолдамады. Айырма аса үлкен болған жоқ: дауыс беруге қатысқандардың 50,5 пайызы "қарсы" болса, 49,5 пайызы "қолдаймын" деп жауап берді.

Ал арада біраз күн өткенде Три-Майл-Айленд станциясында апат болды.

Содан кейін Австрияда коммерциялық атом станцияларын салуға тыйым салатын заң қабылданды. Цветендорф атом станциясын жартылай бұзды. Қазір оны оқыту орталығы ретінде пайдаланып отыр және түсірілім жасап, іс-шаралар өткізуге жалға береді. Оның ішінде мұражай да бар.

Австрияда әлі күнге дейін антиядролық қозғалыс мықты. Словакияда екі елдің ортақ шекарасына жақын маңдағы Моховце АЭС-інің жобасы көп жылға жабылды. Бұған да көршілес Австриядағы наразылық әсер етті.

Словакияның Венадағы елшілігіне кіріп кеткен австриялық Global 2000 экологиялық тобы белсенділері Моховце АЭС-ін салуға қарсылық білдіріп тұр. Австрия, 22 мамыр, 1998 жыл.

Ал 2022 жылы Еуроодақтың атом энергиясын "таза" энергия деп мойындау жөніндегі шешіміне Австрия қарсы шықты.

"Ол жасыл энергия емес, тұрақты да емес, сондықтан біз уәдемізде тұрып, шағым түсірдік", – деп мәлімдеді Австрияның қоршаған орта министрі Леонора Гевесслер.

АЭС-ТЕН БАС ТАРТУҒА МӘЖБҮР ЕТКЕН ӨЗГЕ ЖАЙТТАР

Литва да совет заманында салынған Игналина атом электр станциясын жауып, АЭС-тен бас тартты. Бұл станция өндірген қуат Литваның қажеттілігін толық өтеп, артық қалғаны көрші елдерге сатылатын. Игналинадағы өңделген отыннан алынатын плутоний совет билігі тұсында әскери өнеркәсіпте қолданылатын.

Бұл АЭС-тің қауіпсіздігі Еуроодақта да біраз сұрақ тудырды, себебі құрылысы жағынан Чернобыль станциясына ұқсайтын. Оны жабу Литваны Еуроодаққа қабылдау шарттарының бірі болды. 2009 жылға қарай екі реактор да жабылды. Жоспар бойынша, станцияны бұзу 2038 жылға қарай толық аяқталмақ.

Игналина станциясы жабылғаннан кейін өз энергия көзі қалмаған Литва толықтай сырттан әкелінетін газға тәуелді болып қалды, соның салдарынан тариф күрт өсті. Қазір Литва жел, күн энергиясы мен биоотын технологиялары арқасында бұл тәуелділікті айтарлықтай азайтты. Осы қуат көздері ел тұтынатын жалпы энергияның үштен бірін өндіреді.

Игналина АЭС-і жабылғанға дейін-ақ Литва жаңа станциялар салуды зерттеп жүрген еді. 2012 жылы мәселені референдумға шығарды. Ел азаматтары идеяны қолдамады: дауыс беруге қатысқандардың 63 пайызы қарсы болды.

Совет одағының айтуымен, 1980-жылдардың ортасында Куба АЭС сала бастады. Одақ құлағаннан кейін ол жоба тоқтады. Оған Кубаға қарсы Американың эмбаргосы да әсер етті. 2000 жылдары Ресей президенті Владимир Путин Куба басшысы Фидель Кастроға станцияны салып бітіруді ұсынды, бірақ Куба билігі АЭС мәселесі енді маңызды емес деп мәлімдеді.

Куба лидері Фидель Кастро (оң жақта) мен Ресей президенті Владимир Путин Хосе Марти атындағы әуежайда тұр. Гавана, 13 желтоқсан, 2000 жыл.

"ЯДРОЛЫҚ ҚУАТ ПА? ЖОҚ, РАҚМЕТ!"

Израиль – аумағында ешқашан АЭС болып көрмеген бірнеше елдің бірі. Бұл мәселе ауық-ауық күн тәртібіне шыққанымен, әрі қарай қолдау тапқан жоқ.

Негізгі қиындықтың бірі Израильдің Ядролық қаруды таратпау келісіміне қосылмауымен байланысты, сондықтан бұл ел АЭС саламыз деген ұйғарымға келсе де, ядролық технологияларды жеткізушілермен жұмыс істеу қиынға түседі. Израильдегі негізгі энергия көзі – газ. 2009 жылы ел аумағынан ірі кен орны табылды.

1998 жылдан бастап Австралияда АЭС-ке толық тыйым салынған. Жаңа Зеландияда тыйым салмағанымен, станция салуға мұқтаж емес. Бұл елдерде басқа энергия қоры жеткілікті.

Грекияда коммерциялық ядролық қуат жоқ. Үш жыл бұрын елдің премьер-министрі "жер сілкінісі қаупі жоғары болғандықтан, ешқашан АЭС болмайды" деп мәлімдеген. Грекия толықтай дерлік сейсмикалық белсенді аймақта тұр.

Португалияда коммерциялық реактор деген атымен жоқ. Жарты ғасырға жуық уақытта бұл мәселе бір көтеріліп, бір басылумен болды, бірақ елде антиядролық қозғалыстың ықпалы күшейіп үлгергендіктен, жобаны талқылау қолдау таппады. 2000 жылдары қазіргі БҰҰ бас хатшысы Антониу Гуттериш басқарған үкімет жаңартылатын қуат көздерін дамытуды қолға алды. Қазір энергияның 95 пайызы осындай көздерден өндіріледі.

Дания да АЭС салу идеясын көтерген елдің бірі, әсіресе 1970-жылдардағы дағдарыс кезінде тақырып өзекті болды. Қуатты антиядролық қозғалыс та осы кезде қалыптасты. "Ядролық энергия ма? Жоқ, рақмет!" деген жазуы бар символды да осы қозғалыстың мүшелері ойлап тапты. Қазір мұны басқа елдер де белсенді пайдаланады.

Оңтүстіккореялық белсенділер Жапонияның Фукусима АЭС-індегі апаттан кейін ондағы қалдық суды тазартып, теңізге төгу жоспарына қарсылық білдіріп тұр. Олардың қолындағы плакатта күлімдеген күннің суреті мен "Ядролық қуат па? Жоқ, рақмет!" деген жазу бар. Сеул, 12 тамыз, 2023 жыл.

1985 жылы Дания АЭС-ке тыйым салу туралы заң қабылдады. Бұл ел энергияның 54 пайызын жел станцияларынан алады. Қазір парник газдардың шығуын төмендету қажеттілігіне орай АЭС салу туралы пікірталас қайта көтеріле бастады. Бірақ тыйым әлі күшінде.

Тарихқа назар аударсақ, әлемде АЭС тақырыбы ондағы апаттар туралы әңгіме ұмытылып, прагматикалық есеп алға шыққан кезде өрбитінін байқаймыз.

Кейінгі жылдары бірнеше ел, соның ішінде өзінде бар атом станциясынан бас тартатынын немесе жаңа станция салмайтынын айтқан елдер де саясатын өзгертті. Қазір әлемнің 16 елінде 60 жаңа реактор салынып жатыр. Негізгі қозғаушы күш ретінде климаттың өзгеруі айтылады: АЭС мүлде парник газ шығармайды деуге болады. Кейінгі жылдары басқа фактор – Украинадағы соғыс бар. Бұл Батыс елдерін Ресейдің көмірсутегіне тәуелді болмас үшін балама көздер іздеуге мәжбүрлейді. Әйтсе де, әлемдегі жаңа реакторлардың үштен бірін Ресейдің "Росатом" мемлекеттік корпорациясы салып жатыр.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ "Геосаясат илеуіне түсіп қалуымыз мүмкін". Қазақстанда АЭС салуға қатысты сарапшы пікірі
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Қазақстанда қай елдердің компаниялары АЭС салуы мүмкін?