Қырғызстан қоғамы ешкім күтпеген жерден жоғарғы биліктің ауысуына алып келген қазандағы парламент сайлауынан соң ес жиып үлгермей жатып, елде кезектен президент сайлауы алдындағы үгіт-насихат жұмыстары басталды. Әзірге президент сайлауына түсіп жатқан 18 кандидаттың кейбірі ғана сайлауалды науқанға белсене кірісті.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Түрмеден шыққан саясаткерді премьерлікке ұсынды. Даулы сайлаудан кейінгі саяси дағдарысҚазанда болған наразылық кезінде жақтастары түрмеден босатып алған соң көп ұзамай премьер-министр қызметіне кірісіп, кейін президент сайлауына қатысу үшін бұл лауазымнан бас тартқан Садыр Жапаров сайлауалды науқан аясында Талас, Жалал-Абад, Ош, Баткен облыстарында болып, халық көп жиналған стадиондарда сөз сөйледі. Ол жұртқа сайлауалды бағдарламасын таныстырып, сайлаушылардың сұрағына жауап берді. Барлық кездесулерді YouTube порталындағы бірнеше арна тікелей эфирде көрсетті.
Өңірлерде ғана емес, Бішкектің өзінде сайлау жарнамаларынан Садыр Жапаровтың суреті жиі ұшырасады. Арасында жарнама ілетін орындардан тағы бір кандидат – кәсіпкер Бабыржан Толбаевтың суретін де көруге болады. Бақылаушылар кандидаттардың сайлауалды науқаны арасындағы айырмашылықты әртүрлі бағалайды.
Саяси PR бойынша сарапшы Азим Азимов:
– Менің ойымша, қазір бұл сайлаудың фавориті Садыр Жапаров болып отыр. Ал басқа кандидаттар жеңіске жететініне сенбей, көп қаржы жұмсамауға тырысып жатыр. Сондықтан [бұл сайлауда] интрига да жоқ. Кандидаттардың көбі президент сайлауын алдағы парламент сайлауына дайындық ретінде пайдаланады. Сол себепті қызықсыз әрі белсенділігі төмен сайлауалды процеске куә болып отырмыз, – дейді.
Қырғыз Республикасының президенттігіне кандидат ретінде 18 адам ресми тіркелген. Жақында Адахан Мадумаров, Курсан Асанов, Әбділ Сегізбаев, Елдар Абакиров және Аймен Қасенов сияқты кандидаттар өңірлерді аралауды бастады. Ал Равшан Жеенбеков, Қаныбек Иманалиев пен Бақтыбек Қалмаматов сайлауалды үгіт-насихат жұмыстарын әлеуметтік желі арқылы өткізіп жатыр.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Қырғыздар президент, қазақтар депутат сайлайтын күн. Екі елдегі науқанның ерекшелігі неде?Кандидаттардың сайлауалды науқанды әрқилы өткізуі олардың сайлау қорындағы қаржы көлемінің әртүрлі болуымен байланысты. Сайлау және референдум өткізу жөніндегі орталық комиссиясының 18 желтоқсандағы дерегінше, ең көп қаржы – 47 млн 404 мың сом Садыр Жапаровтың сайлау қорына түскен. Одан кейінгі орында 9 млн 352 мың сом ақшасы бар Бабыржан Толбаев тұр. Алғашқы үштікте сайлау қорына 4 млн 924 мың сом салған Имамидин Ташов та бар. Қалған кандидаттардың сайлау қоры 4 млн сомнан аспайды, ал оннан астам кандидат 1 миллион сомнан сәл асатын ақша жинаған.
Журналистер Шайырбек Абдырахман уулу мен Ибраим Нуракун уулу президент сайлауына түсіп жатқан кандидаттарды әлеуметтік желіде тікелей эфирге шығып, сұхбат беруге үндеді.
Журналист Шайырбек Абдырахман уулу кандидаттардың қаржы мүмкіндігі туралы мынадай пікір айтты:
‒ Телеарналардағы жарнама бағасы өте қымбат. Астанадағы бір билбордты жалға алуға 200-400 мың сом керек деп естідім. Бірақ бұл ‒ нақты баға емес. Мұндай жағдайда халыққа сайлауалды бағдарламасын тек ақшасы көп кандидат қана таныстыра алады. Ал жақсы идеялары бар, шынайы көшбасы ақшасы болмаса, сайлауалды үгіт-насихатын дұрыс өткізе алмайды.
Қазірге дейін басқа кандидаттармен салыстырғанда көп ақша жұмсаған Садыр Жапаров "қордағы қаржының бәрі халықтан түсіп жатқанын" айтады. Ол бұл туралы 21 желтоқсан күні Баткен облысында халықпен кездескенде айтты.
– Қордағы барлық ақша халықтан түсіп жатыр. Зейнеткерлер зейнетақысын беріп жатыр. Мына плакаттарды халықтың өзі жасаған. Түрмеде отырған кезімде де жұрт маған ақша, азық-түлік, киім жіберіп тұрды. Үш жыл бойы мені халық асырады, – деді Жапаров.
4 қазанда өткен парламент сайлауына "Мекенчил" партиясынан қатысқан саясаттанушы Тологон Келдібаев кандидат Садыр Жапаровтың аймақтардағы сайлау штабтары туралы мәселе көтерді.
‒ Бұрын "Биримдик", "Алға Қырғызстан" және "Мекенім Қырғызстан" партияларына дауыс беруге үндеген адамдар қазір әр ауылдан Садыр Жапаровтың сайлау штабтарын ашқан. Олар өз шаруасын тиянақты атқарып, бір де бір көшені қалдырмай, өзара бөліп алып, жұмыс істеп жатыр. Оларды қатыстырмау керек еді, өйткені Садыр Жапаровтың өзі "сайлаудан кейін олардан құтыламыз" деп отыр, бірақ бұл оның қолынан келмейді, ‒ дейді ол.
Әлеуметтік желіде қолданушылар президенттіке кандидаттардың бағдарламаларын емес, олардың мінген атын көбірек талқылайды. Интернет қолданушылар Садыр Жапаров, Адахан Мадумаров, Курсан Асанов пен Аймен Қасеновтің атпен жүруіне байланысты ой-пікірін айтып жатыр.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Қырғызстандағы саяси өзгерістер Қазақстан мен ОА елдеріне қалай әсер етеді?"Ортаазиялық барометр" үкіметтік емес ұйымы Қырғызстанда жақында болған және алдағы уақытқа белгіленген саяси оқиғалар туралы қоғам пікірін анықтау мақсатында сауалнама жүргізіп, 21 желтоқсан күні зерттеу қорытындысын жариялады.
Оған сәйкес, қазанда болған оқиғалардан кейін билік ауысымы жайлы сұраққа респонденттердің 58 пайызы "толықтай қолдаймын", 23 пайызы "қолдайтын сияқтымын", 7 пайызы "қолдамайтын сияқтымын", ал 8 пайызы "мүлде қолдамаймын" деп жауап берген.
Сауалнамаға қатысушылардың 73 пайызы кезектен тыс президент сайлауына дауыс беретінін айтқан. Қырғызстанда кезектен тыс президент сайлауы 2021 жылғы 10 қаңтарда өтеді. Кандидаттардың сайлауалды үгіт науқаны 15 желтоқсанда басталған.
Дәл осы күні Қырғызстанда президент сайлауымен қатар референдум өтпекші. Онда халыққа парламенттік және президенттік басқару жүйесінің бірін таңдау ұсынылады. Дауыс беру бюллетенінде "Барлық нұсқаға қарсымын" деген жауап та бар.
Азаттықтың Қырғыз қызметінің журналисі Бакыт Төрөгелди уулуның материалынан аударылды.