Қыркүйектің 15-і күні (Астана уақыты бойынша 16 қыркүйек) Лас-Вегаста (АҚШ) өткен рематчта төреші Дэв Моретти мен Стив Вайсфельд 115:113 есебімен жеңісті Альвареске берсе, Глен Фельдман кездесу тең аяқталды деп шешкен.
Жекпе-жектен кейін жарияланған нәтижеге сай, үш төрешіде 11-раундтан кейін жеңісті 105:104 есебімен Альвареске берген. Соңғы 12-раундта Фельдман жеңісті Головкинге - 10:9, қалған екеуі дәл осындай есеппен жеңісті Альвареске жазған.
36 жастағы Геннадий Головкин осымен 40-рет жекпе-жекке шығып, алғаш рет жеңілді. Ол орта салмақта (72,6 кг) WBA, WBC, IBO тұжырымдары бойынша әлем чемпионы атағынан айырылды. Головкиннің барлық атағы Альвареске беріледі. Қазақстандық боксшы бұған дейін 38-мәрте жеңіске жетіп (34 кездесуде нокаутпен жеңген), бір рет тең түскен.
28 жастағы Сауль Альварес 53-кездесуін өткізіп, елуінші рет жеңіске жетіп отыр. Ол бұған дейін екі рет тең түсіп, бір рет жеңілген. Мексика боксшысы - енді орта салмақта әлемнің жаңа чемпионы.
Кездесуден кейін Альварес "мен ұлы боксшымын және оны бүгінгі кеште дәлелдедім. Көпшілікке нокаутпен жеңіске жетемін деп уәде беріп едім. Ол [Головкин] өте мықты боксшы. Бірақ бұл таза жеңіс болды. Егер көпшілік Головкинмен тағы бір кездесуді қаласа мен дайынмын" деді.
Ал қазақстандық боксшы жекпе-жек біте сала рингтен түсіп, сұхбат бермей кетіп қалды.
Кездесу статистикасы бойынша, Головкин 234, Альварес 202 соққы жасаған. Головкин соққыларының 26,2 пайызы, ал Альварес соққыларының 32,5 пайызы дәл тиген.
ТӨРЕШІЛЕР ЖҰМЫСЫ ЖӘНЕ ҮШІНШІ КЕЗДЕСУ ТУРАЛЫ СӨЗ
Головкиннің бапкері Абель Санчес жекпе-жектен кейін Альваресті жеңісімен құттықтады.
"Жақсы төрешілер болды. Олар жекпе-жекті әр бұрыштан көріп отырды. Олардың шешіміне шағым айта алмаймын. Бірақ бұл нәтиже үшінші жекпе-жекке сұранып тұр. Альваресті құттықтаймын" деді ол.
Кездесуден кейін кәсіпқой бокстан бұрынғы әлем чемпионы америкалық Деметриус Андраде (69,9 келіде) "Канело жеңіске жететіндей ештеңе жасаған жоқ. Жанкүйер қалай қарсылық білдірсе де жарасады" деді.
Лондон олимпиадасының қола жүлдегері, қазір кәсіпқой боксқа ауысқан Майкл Конлан (Солтүстік Ирландия) Twitter парақшасында: "Бұл жолы ешқандай тонау болған жоқ. Канело жеңді. Кейбір раундтарда нақты кім жеңгенін анықтау қиын болды. Бірақ Канелоның қимылы, соққылары мені таң қалдырды" деді.
Қазақстандық спорт журналисі Әли Битөре бұл жекпе-жек Головкиннің карьерасына әсер етеді деп санайды.
"Жеңілісті аты - жеңіліс. Меніңше, бұл Головкин үшін нақты шешім қабылдайтын жекпе-жек болды. Боксты қоятын немесе ары қарай жалғастыратын шешетін кездесу деп айтсақ болады. Головкин осымен боксты қойып, промоутерлікпен айналысатын шығар. Өйткені ол енді басқа мықты боксшылармен жекпе-жек өткізе алмайды. Себебі Головкинде атақ та, ақша да жоқ. Ал кәсіпқой бокс - бизнес. Головкин карьерасын қайта жандандыруы үшін кемінде төрт-бес жекпе-жек керек. Бірақ жасы да келіп қалды. Қиын болады. Сондықтан оған боксты қойып, промоутер болғаны дұрыс" деді ол Азаттыққа.
Ал ресейлік бокс сарапшысы Александр Беленький қазақстандық vesti.kz сайтына берген сұхбатында "Головкин шамасы келгенше бокстасқанын, ал төрешілер шешімі әділ болғанын" айтқан.
"Матч-реванш бола қоймас. Екі боксшы арасындағы тартыс аяқталды. Альварес командасы үшінші жекпе-жекке мүмкіндік бермейді. Үшінші кездесу болса Альварес бұдан да мықты боп келеді. Уақыт келе барлық боксшы жеңіледі. Енді Головкин кіммен кездесетінін айту қиын. Барлығы енді Альвареспен кездесуді күтеді. Ал басқа боксшылармен кездесу жанкүйерлер үшін қызық болмайды. Головкин жеңілді. 36 жасында жеңілді. Енді бәрін қалпына келтіру қиын" дейді ол.
1992-2000 жылдары кәсіпқой бокста жұдырықтасқан Барри Джонс: "Головкин жеңді деп ойладым. Бокс әлемдегі ең субьективті спорт деп санаймын" деп жазды Twitter парақшасында.
Los Angeles Times газетінің, Yahoo және Associated Press ақпарат агенттіктерінің сарапшылары кездесу тең аяқталды деп санайды.
Ұлыбританиялық ВВС сайтының бокс сарапшысы Майк Костелло: "Головкин жеңді деген жанкүйердің қарасы көп. Бірақ төрешілердің көзімен Альварес жеңді. Төрешілер нәтижесіне күдік те бар. Бұл жекпе-жектің шешімі алдағы бірнеше аптада қызу талқыланады" деп жазды.
1968 жылғы Мехико олимпиадасының чемпионы, кәсіпқой бокстан әлем чемпионы болған америкалық Джордж Форман Twitter парақшасында Альваресті құттықтап, "Панчердің боксын көрсетті. Канелодан мұндай бокс күтпедім. Екі ұлы боксшы арасындағы үшінші жекпе-жекті көргіміз келеді" деді.
Головкин мен Альварес 2017 жылы қыркүйекте жекпе-жекке шығып, тең түскен. Үш төрешінің бірі жеңісті Головкинге (115:113), бірі Альвареске берген (118:110). Бір төреші кездесу тең аяқталды (114:114) деп шешкен. "Альварес 118:110 есебімен жеңді" деп шешкім қабылдаған төреші Аделеида Бред кейін жанкүйерлер тарапынан сынға ұшыраған. Бокс фанаттары мен кейбір сарапшылар "Альварес 118:110 есебімен жеңген жоқ" деп санайды.
Головкин мен Альварес арасындағы екінші жекпе-жек мамыр айында өтуі тиіс еді. Бірақ ақпанда Альварестің допинг сынамасынан рұқсат етілмеген кленбутерол препараты табылып, ол алты айға бокстан шеттетілген. Ал Головкин мамырда Ванес Мартиросянмен (АҚШ) жекпе-жекке шығып, екінші раундта қарсыласын құлатқан.
ГОЛОВКИН МЕН АЛЬВАРЕС ҚАНША ПАЙДА ТАПТЫ?
Екі боксшы бұл жекпе-жек үшін бес миллион доллардан пайда көрді. Бұдан бөлек телетрансляциядан түскен қаржыдан да алады. Бұл қаржының 55 пайызын Альварес, 45 пайызын Головкин иеленеді. WBC есебі бойынша, телетрансляциядан Головкин шамамен 20 миллион, Альварес 30 миллион доллар пайда табуы тиіс.
Қазақстандық боксшы IBF (Халықаралық бокс федерациясы) тұжырымы бойынша да әлем чемпионы болған. Бірақ федерация маусымда Головкинді IBF тұжырымы әлем чемпионы атағынан айырған. Ұйым Головкин IBF белбеуін қорғау үшін украиналық Сергей Деревянченкомен кездесуі тиіс деп санайды.