Мемлекеттік телеарналар Иранның жедел жәрдем қызметіне сілтеме жасап, генерал Касем Сүлейманидің туған жері Кермандағы жерлеу рәсіміне келген 56 адам аяққа тапталып, қаза болғанын хабарлады. Тағы 200-ден астам адам жараланған.
Ислам революциясы корпусының "Құдс" арнайы жасағының қолбасшысы Сүлеймани 3 қаңтарда Бағдаттағы АҚШ-тың әуе шабуылы кезінде мерт болған. Оны өлтіруге АҚШ президенті Дональд Трамп тікелей бұйрық берген.
Ирандағы ISNA ақпарат агенттігі ел билігінің Сүлейманидің жерлеу рәсімін кейінге шегергенін хабарлады. Генералдың денесі қашан жер қойнына тапсырылатыны белгісіз.
Интернетте тараған видеоларды жолда өлі күйінде жатқан адамдарды көруге болады. Ондаған адам көмек сұрап, айғайлап жатыр.
Қара киінген, қолдарына Сүлейманидің суретін ұстаған мыңдаған адам 7 қаңтар таңнан бері Керманның орталық алаңына жинала бастады.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Трамп Иран мен Иракқа сес көрсетті. Таяу Шығыстағы жағдай ушығып барады
Жиналғандар алдында Ислам революциясы корпусының жетекшісі Хоссейн Салами сөйлеп, АҚШ-қа сес көрсетті.
"Кек қайтарамыз. Олар жақсы көретін жерлерді жоямыз. Олар қайда жүргендерін білетін болады" деді ол.
Салами сөзін аяқтаған сәтте жиналғандар "Израильге өлім!" деп айғайға басты.
Иранның сырттағы әскери операцияларын басқарған 62 жастағы генерал Сүлейманидің өлімі АҚШ пен Иран арасындағы жағдайды ушықтырып жіберді.
6 қаңтарда генаралмен қоштасу рәсімі Тегеран қаласында да болды. Жүз мыңдаған адам жиналған шарада Сүлейманиге Иранның рухани көсемі аятолла Әли Хаменеи құран оқыған. Жаназадан соң жиналғандар "Америкаға өлім" деп айқайлаған. Тегерандағы қоштасу рәсіміне келгендердің саны жайлы ақпарат жоқ.
Видео: Тегеран генерал Касем Сүлейманиді аза тұтты. 6 қаңтар 2020 жыл.
Your browser doesn’t support HTML5
Вашингтон Сүлейманиді "Иракта жүрген америкалық әскерилерді өлтірді, жаңа шабуылдарды жоспарлады" деп айыптайды.
Сүлеймани көзі тірісінде Сирия президенті Башар Асадты қолдайтын күштерге жетекшілік етті. Ирак, Ливан, Йемендегі қақтығыстарда Иранның мүддесін қорғады.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ АҚШ-Иран жанжалына себеп болған Касем Сүлеймани кім еді?7 қаңтар күні Иран парламенті АҚШ әскері мен Пентагонды "террорлық ұйым" деп атады және шешім бірауыздан мақұлдады.
2019 жылы сәуірде Дональд Трамп Иранның Ислам революциясы корпусын "террорлық ұйым" деп таныған.