Гамбия «Мьянма БҰҰ-ның 1948 жылы қабылдаған Геноцид конвенциясын бұзды. Ел билігі рохинджа мұсылмандарын қудалауға тікелей атсалысты» деп санайды.
Гаагадағы сотқа Мьянма делегациясын ел лидері, Нобель сыйлығының иегері Аун Сан Су Чжи өзі бастап келді. 11 желтоқсандағы сотта Аун Сан Су Чжи Мьянма үстінен қозғалған істі «қателік» деп атады.
«Гамбия ұсынған дәлелдер Ракхайн штатындағы жағдай туралы дәлелдері жұртты шатастырады» деді ол сотта.
2017 жылы Мьянманың Ракхайн штатында әскерилер ислам дінін ұстанатын мыңдаған рохинджаны өлтірген. Аймақтан 700 мыңнан астам рохинджа Мьянмамен көршілес жатқан Бангладешке қашқан.
Мьянма билігі Ракхайндағы әскерилердің әрекетін «ел тәуелсіздігіне қауіп төндіретін экстремистермен күрес» деп есептейді.
Гаагадағы сотта Аун Сан Су Чжи «Мьянмадан бөлініп шыққысы келетіндер полиция постына шабуыл жасап, жанжалды өздері бастағанын, мьянмалық әскерилер оларға жауап қайтарғанын» айтты. Ол Мьянма әскерилері соғыс бастауға әрекеттенген жағдайда жауапқа тартылатынын жеткізді.
Аун Сан Су Чжи қазір Мьянма Ракхайн штатынан босып кеткен рохинджаларды кері қайтарып жатқанын айтып, Халықаралық трибуналды «жағдайды ушықтыратын шешім қабылдамауға» шақырды.
Мьянма Халықаралық сот Гамбияның шағымын қанағаттандырмауы тиіс деп санайды.
Сотта сөз алған Гамбия әділет министрі Абубакар Тамбаду «Мьянма кінәсіз адамдарды өлтіруді тоқтатуды талап етсеңіздер. Біздің сұрарымыз – осы. Мьянма өз халқына қарсы геноцидті доғаруы тиіс» деді. Тамбадудың сөзінше, қазанда Гамбия делегациясы Бангладештегі рохинджа босқындар лагеріне барып, жағдаймен танысқан соң сотқа шағымданған.
Алғашқы сот тыңдауы үш күнге созылады. Гамбия Гаагадағы соттан іс толық қаралып біткенше рохинджаларды қорғау үшін шара қабылдауды ұсынады. Ал сот бірнеше жылға созылуы мүмкін.
БҰҰ есебінше, қазір Бангладештегі босқындар лагерінде 900 мыңнан астам рохинджа бар.
2017 жылға дейін Мьянманың Ракхайн штатында бір миллион рохинджа мұсылмандары өмір сүрген. Бірақ халқының басым бөлігі будда дінін ұстанатын Мьянма оларды заңсыз иммигранттар деп, азаматтық беруден бас тартқан.
Рохинджалар ұзақ жылдар бойы қысым көріп келе жатқандарына бірнеше рет шағымданған. 2017 жылы рохинджа әскерилері Ракхайн штатында бірнеше шабуыл ұйымдастырған.
БҰҰ Халықаралық трибуналы Екінші дүниежүзілік соғыстан бері әлемдегі үш оқиғаны – 1970 жылы Камбоджадағы мемлекеттік терроризмді, 1994 жылғы Руандадағы оқиғаны, 1995 Босниядағы Сребреница қырғынын – геноцид деп таныған.