Ал осы тұста Ресей мемлекеттік думасындағы чувашиялық депутаттар Олег Николаев пен Алена Аршинованың мандатын айыруды талап еткен петиция жарияланды. Қазірге дейін бұл петицияға 1600-ден астам адам қол қойған. Қол жинап жатқандар "Олег Николаев пен Алена Аршинова ұлттық тілдерді ерікті түрде оқыту туралы заң жобасының тең авторы болды" деп айыптайды.
Мемлекеттік дума заң қарар алдында, яғни маусымның 15-і күні Ресейге қарайтын Чувашия республикасының ұлттық кітапханасында "Ресей халықтарының өзіндік ерекшелігін сақтау мен ұлтаралық қатынастарды дамытудағы ана тілінің рөлі" деген тақырыпта дөңгелек үстел ұйымдастырды. Шара Ресей қоғамдық палатасы, Мемлекеттік думасы, Чувашия мемлекеттік кеңесі депутаттары қатысты. Жиынды Чувашия орталық сайлау комиссиясы мүшесі, заңгер Игорь Михайлов ұйымдастырған.
Тілдерді ерікті түрде оқыту туралы жаңа заң жобасының тең авторы, Мемлекеттік думаға Чувашиядан сайланған депутат Олег Николаев Ресей халықтары тілдерінің жағдайы мен мәртебесіне шолу жасады. Оның сөзінше, ұлттық республикаларда мемлекеттік тілдер мәртебесі 1990 жылы Борис Ельциннің федерация субъектілеріне "Қалағандарыңша етілге еркіндік беріңдер" деген мәлімдемесінен кейін пайда болған. Бірақ 2017 жылы Йошкар-Олада Владимир Путиннің "тілдер ерікті түрде ғана оқытылсын" деген жарлығынан кейін жағдай өзгерді.
Николаевтың пайымдауынша, Ресейде ұлттар арасындағы тіл мәселесі соңғы уақытта шиеленісі түскен. Ресей білім министрлігіне осы мәселеге қатысты көп хат түскен. Депутаттың айтуынша, білім туралы федералдық заңға енгізілетін өзгерістер ана тілін таңдау еркі мен оны Ресей конституциясына сәйкес мемлекеттік қолдау арқылы ғылыми негізде оқу құқығын бекітеді. Ұсынылған өзгерістерді талқылап, ортақ позицияға келу үшін тиісті жұмыс тобы құрылған.
- Мен жаңа заң жобасының тең авторы неге болдым деп ойлайсыздар? Өзекті проблеманы талқылаудан хабардар болып, қабылданатын шешімдерге мүмкіндігінше ықпал еткім келді. Президент әкімшілігі және білім министрлігі өкілдерінің қатысуымен бірнеше жиын өтті. Мұғалімдермен де талай кездесіп, талқыладым. Ата-ана баласын қай тілде оқытуды бірінші сыныпта және бала төртіншіден бесінші сыныпқа көшкен кезде таңдайтын болады. Ана тілін оқыту міндетті білім беру стандартына енгізілетін болады. Енді орыс тілі де ана тілі ретінде қарастырылады. Бұрын ондай болмаған. Мемлекет пен жеке меншік әріптестігі негізінде ана тілін дамыту және оқытудың арнайы қоры құрылатын болады, - дейді депутат.
Чувашия республикалық білім институтының директоры, Чувашияның бұрынғы білім министрі Юрий Исаев "нормативтер базасы федералдық деңгейде әлі күнге дейін реттелмеген болатын. Мәртебесі түсініксіз болған. Оны реттеу керек. Көрші Татарстан депутаттары қабылдаған шешімдердін қолдаймын. Олар ана тілін де, аймақтың мемлекеттік тілдерін де міндетті пән ретінде оқытуды ұсынады. Біз де осы позицияны қолдаймыз. Меніңше, бұл жерде олармен педагогикалық позициямыз тоғысады" дейді.
Исаев интернетте ұлты чуваш емес адамдар арасында ұлт тілдерін оқытуды жақтырмай жатқанына назар аударды.
- Әлдебір фобия, дұрыс түсінбеушілік бар. Мұны елемей қоюға болмайды, санасу керек. Ана тілінде оқығысы келетіндерге толерантты болуға тиіспіз. Ал чуваштар тарапынан "Чувашия Республикасында тұратын аз ұлт өкілдерін басып-жаншып тастауымыз керек" деген ой жоқ. Чуваштар өздерін ешқашан өзге ұлттардан үстем санап көрген емес, - дейді Исаев.
Чувашия мемлекеттік кеңесінің әлеуметтік саясат және ұлт мәселелері жөніндегі комитеті төрағасының орынбасары Григорий Данилов ұлттық аймақтардың позициясына міндетті түрде құлақ асу керек деп санайды.
Конституцияда азаматтардың өз ана тілін сақтап, үйреніп, дамытуға жағдай жасау құқығы туралы да айтылған.
- Конституция бойынша Ресей – федеративті мемлекет. Ресей өз аймақтарының арқасында, тату-тәтті өмір сүріп жатқан түрлі ұлттардың арқасында ғана мықты. Ресей конституциясында "азаматтардың ана тілін үйренуіне кепілдік беріледі" деп анық жазылған. Ал федералдық заң бұл кепілдіктерді пысықтап, оларды қолдану механизімін қарастырып жатыр. Бұл – жақсы іс. Конституцияда азаматтардың өз ана тілін сақтап, үйреніп, дамытуға жағдай жасау құқығы туралы да айтылған. Ұлттардың ана тілі сақталып, олар білім бағдарламасында шетқақпай көрмеуі үшін федералдық заң дәл осы параметрлер тұрғысынан қабылдануы тиіс, - дейді ол.
Данилин ұлттық республикаларда заң жобасына қарсы наразылық неліктен байқалып отырғанын да түсіндіріп берді.
- Біріншіден, заң жобасында республиканың мемлекеттік тілі мен ана тілдің ара жігі көрсетілмеген. Яғни бізде үш тіл оқытылады. Ресейдің мемлекеттік тілі - орыс тілі бар. Ана тілі бар. Мысалы, Татарстанда, Ульянов облысында тұратын чуваштар ол жақта ана тілін оқуға құқылы. Бұл - Конституцияда кепілдік берілген құқық. Сондықтан кей жерлерде оқиды. Ал заңда үтір арқылы, яғни республикалардың мемлекеттік тілі және ана тілі деп жазылған. Теңестірілгендей болған. Бірақ екеуі екі бөлек ұғым ғой. Сондықтан бұл жерде түзету енгізсе жөн болар еді. Сол кезде ұлттық республикалардағы кей проблемалар өз-өзінен шешілер еді. Ал екінші жайт, заң жобасында "ана тілі орыс тіліне зиян тигізбей оқытылуы тиіс" деген тіркес бар. Ал сонда әлгі зиянды қалай анықтамақ? Бұл жағын, яғни білім бағдарламасында аймақтың – ұлттық республиканың мемлекеттік тіліне қанша сағат қалдыруды аймақ өзі-ақ шешер еді. Бұдан үшінші мәселе туындайды. Республикалардың мемлекеттік тілдерін міндетті пәндер бағдарламасына енгізгені дұрыс болар еді. Бірақ бұл да ерікті түрде болса дейміз. Аймақтың мемлекеттік тілін оқығысы келмейтіндер арыз жазып бас тартуына болады. Ал жобаның қазіргі редакциясына қарасаң, мүлде басқаша болып тұр. Баласын мемлекеттік тілде, ана тілінде оқытқысы келетіндер "мектепте ана тілінде, мемлекеттік тілде оқуға рұқсат етуіңізді сұраймын" деген арыз жазуға мәжбүр. Аймақтардың пікірі ескерілсе, барлық қайшылықтар реттеледі... Егер проблеманы елемей қойсақ, көп ұзамай бізде ұлттық тілдерді оқытатын мұғалім қалмайды, - дейді ол.
Оқи отырыңыз: Ресейде жүздеген тілге қауіп төніп тұр
Чувашия ұлттық конгресінің вице-президенті Тимер Тяпкин аймақта чуваш тілінде сөйлейтіндер азайып бара жатқанына алаңдайды.
- Өзім дүкенде де, банкте де, "гаишниктермен" де чуваш тілінде сөйлесемін, Тіл мәселесін конгрестің президиум отырысында талқылағанбыз, бірақ бұл тақырыпты қозғауға асықпауды ұйғардық. Биліктің "Хыпар" газетінде, жергілікті телевизияда дөңгелек үстел өткізуді ұсындым, бірақ бәрі "саясиландырудан" қорқады. Ал 20 жылда чуваштар 450 мыңдай адамын "жоғалтты". Чуваштар ұлт ретінде тез жойылып барады. Өкінішке орай, ересек ұлдарым чуваш тілінде сөйлемейді. 1990 жылдардың басында "Канаштан (Чувашияның Канаш ауданының әкімшілік орталығы – ред.) шыға бере чуваш тілінің қажеті жоқ" деп мұғалимамыздың өзі айтқан болатын. Есесіне әйелім екеуміз кіші қыздарымызға чуваш есімін бердік. Әйелім олармен "құрсақта жатқанда ана тілінде сөйлесетінмін" дейтін, кейін оларды бесік жырымен әлдиледі. Қыздарымды бізге "Анне, атте" (анам, әкем - ред.) дейді. Біз чуваш патриоттарын өзіміздің тарихымыз, философиямыз, дініміз, бабаларымызды құрметтеу арқылы тәрбиелеуге тиіспіз, - деп түйіндеді Чувашия ұлттық конгресі вице-президенті сөзін.
Чебоксарыда өткен жиында Дума депутаты Олег Николаев заң жобасын жасағанда көп мәселелерді көтергенін айтты.
- Біз, яғни Ресей республикаларының өкілдері, міндетті білім стандартына ана тілін енгізуге қол жеткіздік. Оларды оқытуға бөлінетін сағат санын азайтқан жоқпыз. Бұрынғы үш сағатты сол күйі қалдырдық. Ата-аналар жыл сайын арыз жазбауы үшін. Республикалардың, мысалы, Қарашай-Черкесияның ұтымды тәжірибесін ескердік. Азаматтық қоғам мен билік органдары ортақ амалын табуы тиіс,- деді Мемлекеттік дума депутаты.
Ал ата-аналар мен республикада жұмыс істейтін белсенділер депутат сөзімен келіспейді.
- Чуваш тілі мұғалімдері "кей мектептерде 1-2 сағат қалды" деп шағынады. Кей мұғалімдерге "басқа жұмыс іздеңдер" деп кеңес беріпті. Интернетте Чувашиядағы бір мектептің оқушысы "ана тілі ретінде орыс тілін таңдаймын" деп алдын ала жазып қойған өтініш бланкісінің үлгісін жарияланып кетті, - деді "Республика" газетінің журналисі Владислав Николаев депутатқа.
Чуваш халық сайтыны бас редакторы Николай Плотниковтің айтуынша, компьютердегі операциялық жүйе чуваш тіліне аударылмаған.
Ана тілінде хабарлама алмасу үшін клавиатураға чуваш тілі әріптерін орнатып беруімді сұрап келетіндер көп. Тілдерді бұлай "ерікті түрде" оқыту чуваш тілін таңдайтындардың біртіндеп азаюына ұласады.
- Ана тілінде хабарлама алмасу үшін клавиатураға чуваш тілі әріптерін орнатып беруімді сұрап келетіндер көп. Тілдерді бұлай "ерікті түрде" оқыту чуваш тілін таңдайтындардың біртіндеп азаюына ұласады. Егер бірінші сыныпта оқушының ата-анасы баласын ана тілінде оқытуды таңдаса, төртінші сыныптан кейін неге ұлтын өзгертуі тиіс? - дейді ол.
Тарихшы Сергей Щербаковтың пайымдауынша, тіл - федерализмді ұстап тұрған соңғы дәнекер. Ғалым егер халықтардың мүддесі ескерілмейтін болса, Ресей күйрейді деп болжайды.
2017 жылы Ресей президенті Владимир Путин ана тілі емес саналатын тілдерді оқуға мәжбүрлеуге жол беруге болмайды деп мәлімдегеннен кейін Ресей республикаларында тілге қатысты жанжал шыққан. Путиннің бұл мәлімдемесінен кейін Татарстанда мемлекеттік татар тілі мен Башқұртстанда мемлекеттік башқұрт тілі міндетті пән болмай қалған. 2018 жылы Мемлекеттік думаның бірнеше депутаты ана тілін ерікті түрде оқыту туралы заң жобасын ұсынды. Бұл ұлттық республикаларда жаңа наразылық тудырды. Мысалы, сәуірдің аяғында Татарстан мемлекеттік кеңесі сессиясында депутаттар заң жобасында қарастырылған түзетулерге қарсы шықты.
Оқи отырыңыз: Ресейдегі шор халқының тілі жойылып барады
Дүниежүзілік башқұрттар құрылтайы " Білім туралы" заңға енгізу ұсынылған өзгерістерді қарамауға шақырып, Мемлекеттік дума спикері Вячеслав Володинге хат жазды әрі Татарстан мен Чувашияны тіл үшін күресте бірігуге шақырды. Дағыстан парламенті комитеттері ана тілін ерікті түрде оқыту туралы заң жобасын қолдады. Ингушетия басшысы ингуштердің бәрі ана тілін міндетті түрде оқитын болады деп сендірді. Шешенстаннан сайланған депутат ана тіліне қатысты заң жобасы авторлары тізімінен өзінің аты-жөнін алдырып тастады. Кабардин-Балқар республикасында тұратын тарих ғылымы кандидаты тілдер туралы заң жобасын қарауды тоқтатуды талап етті.
(Азаттықтың Орыс қызметінің жобасы Idel.Реалии сайты тілшісі Тимер Акташтың мақаласы орысшадан аударылды)