"ДИКТАТОРДЫҢ АҚШАСЫ"
Венесуэла оппозициясының өкілі Карлос Веккио Bloomberg агенттігіне Nurlan Baidilda Ltd қорынан Мадуроның активтері табылғанын айтқан. Веккионың айтуынша, бұл қор Қазақстанда туған Ресей азаматына тиесілі.
- Ұрланған активтерді қайтару үшін зерттеу жүргізіп жатырмыз. Диктатор (Мадуроны айтады – ред.) ұрлаған қаржының көбі Nurlan Baidilda Ltd қорында жатқанына дәлеліміз бар, - деп жазды Веккио Twitter парақшасында.
Қазақстан мен Ресейде тендер жайлы курс өткізіп жүрген Нұрлан Байділда сейсенбі, ақпанның 26-сы күні бұл ақпаратқа қатысты Instagram парақшасында пікір білдірді. Оның ойынша, Bloomberg ақпаратында сәйкессіздік көп.
"Мен және Tender First компаниясы әр түрлі адамдармен бірінші жыл жұмыс істеп жатқан жоқпыз. Мен үшін бастысы – бизнес. Қазір тендер бойынша курстарға жүздеген адам инвестиция құйып жатыр. Мен үшін, сол адамдардың, саяси көзқарасына қарамастан, көп табыс тапқаны маңызды. Клиенттерімнің құпия ақпараттарын бәрінен жоғары қоямын" деп жазды ол.
Байділданың ойынша, "бұл шуды өзінің президент командасына кіргенін көре алмағандар қолдан ұйымдастырған". Бизнесмен желідегі жазбасында нақты қай елдің президенті екенін айтпады.
ВЕНЕСУЭЛАДА НЕ БОЛЫП ЖАТЫР?
Венесуэла президенті Николас Мадуро 2018 жылы мамырдағы сайлауда жеңімпаз деп танылды. Бірақ елдегі оппозициялық күштер, АҚШ, Аргентина, Бразилия, Мексика және Колумбия сайлау нәтижесін мойындамады. Елде азық-түлік, дәрі-дәрмек тапшылығы мен жұмыссыздық салдарынан халықтың жағдайы нашарлап кетті. Венесуэлада билікке қарсылық күшейді. Соған қарамастан Мадуро биліктен кетпеді. 2018 жылы қарашада БҰҰ үш миллион адам елден кеткенін хабарлады.
2019 жылы қаңтардың 23-і күні елдегі оппозициялық күштердің лидері, Ұлттық ассамблея жетекшісі Хуан Гуайдо өзін Венесуэла президенті деп жариялады. АҚШ және Еуропа одағы Гуайдоны ел президенті деп мойындады. Бірақ Мадуро билікте қала беретінін мәлімдеді.
АҚШ Мадуро биліктен кетуі тиіс деген талап қойды. Мадуро Вашингтонмен арадағы қарым-қатынасты үзіп, АҚШ-тың гуманитарлық көмектерін қабылдаудан бас тартты. Ол АҚШ-ты "елдің ішкі қауіпсіздігіне қатер төндірді" деп айыптап, ел шекарасын жауып тастады.
Мадуро vs Гуайдо
Мадуро билігін қолдағандар: Боливия, Қытай, Куба, Иран, Ресей, Түркия, Сирия, Никарагуа.
Хуан Гуайдоны қолдағандар: Австрия, Аргентина, АҚШ, Бразилия, Канада, Чили, Колумбия, Коста-Рика, Хорватия, Дания, Эквадор, Франция, Германия, Гватемала, Гондурас, Латвия, Литва, Голландия, Панама, Парагвай, Перу, Польша, Испания, Швеция, Ұлыбритания.
Ақпанның 24-і күні елдің Бразилия және Колумбиямен шекарасының маңында әскерилер мен халық арасында қақтығыс болды. Тұрғындар шекараға келген гуманитарлық көмектерді алмақ болғанда әскерилер оларға оқ атқан. Қақтығыстан екі адамның мерт болғаны хабарланды. Ақпанның 25-і күнгі дерек бойынша, 60-тан астам әскери қызметкер Гуайдо билігін мойындаған.
Ақпанның 26-ы күні Колумбия астанасы Боготада "Лима тобының" (Венесуэладағы дағдарысты шешу үшін құрылған ұйым) жиыны өтті. Кездесуте АҚШ-тың вице-президенті Майк Пенс пен Гуайдо қатысты.
Жиында Пенс "Ақ үй Гуайдо билігін толық мойындайтынын, АҚШ 400 тонна гуманитарлық көмек тиелген бес әскери ұшақ жібергенін" айтты.
Боготадағы жиында Гуайдо Венесуэлаға демократияны оралтып, диктаторды биліктен кетіру туралы айтты.
"Мадуро гуманитарлық көмектерді елге кіргізбей қойды және ол жеңіске жеттім деп ойлап отыр. Олар Каракас (ел астанасы – ред.) төрінде, жергілікті халықтың қабірінің үстінде билеп жатыр. Ол демократия мен диктаторлықты, өз халқына оқ ату мен өз халқының өмірін сақтау деген түсініктерді шатастырып алды" деді Гуайдо.
Гуайдо "елдегі билік транзиті қақтығыссыз, қан төгіссіз болғанын қалайды".
Венесуэла – Оңтүстік Америкада орналасқан ел. Халқының саны – 30,5 миллион адам. "Шекарасыз репортерлер" ұйымының мәлімдеуінше, Мадуро билігі тәуелсіз басылымдарға қысым көп жасайды.
Your browser doesn’t support HTML5