Әзербайжан қаңтарды толқумен өткізді

Баку тұрғындары Исмаиллыдағы шеруге қолдау көрсетіп, алаңға шықты. Баку, 26 қаңтар 2013 жыл.

Әзербайжан оппозициясы қаңтар айында бірнеше қарсылық шараларын ұйымдастырды. Олар елдегі жұмыссыздық пен кедейлікті, биліктің жемқорлығы мен зорлығын айыптады.
Әзербайжандағы қарсылық қозғалыстары президент Ильхам Әлиев репрессивті жолмен басқарған елде халықтың бай мен кедей боп екіге жарылуына жұрттың наразы екенін көрсетті. Оған қоса бұқара халықтың басым бөлігі мұнайға бай Әзербайжан байлығынан болмашы ғана үлес тиетініне наразы.

ОППОЗИЦИЯ 2013 ЖЫЛЫ ЖЕҢУДЕН ҮМІТТІ

Президент сайлауы жақындаған сайын оппозицияның Әлиевке қарсылығы күшейіп келеді. Мамандар келесі жылы Әзербайжанда саяси дүрбелеңдер көп болады деп болжайды.

– Оппозициялық саяси партиялар «осы қарсылық шараларын тиімді пайдаланып, сайлау базаларын кеңейтіп, 2013 жылдың қазан айындағы президенттік сайлауда жеңеміз» деп үмітеніп отыр, – дейді Гарвард университетінің түлегі, «Тиімді өзгеріс» деп аталатын оппозициялық жастар қозғалысының мүшесі Бахтияр Хасиев.

Бірақ халық 2013 жылдың қазан айына дейін күтпейтін сияқты. Егер үкімет шұғыл түрде әлеуметтік, саяси және экономикалық реформалар жасап, халықты (әсіресе сауатты жастарды) сайлауға қатыстырмайтын болса, қарсылық әрекеттері алдағы айларда бүкіл елге тарауы мүмкін. Одан кейін бұл процессті бақылау қиынға соғады.

Батыс елдері мен адам құқығын қорғайтын халықаралық ұйымдар Ильхам Әлиевті «соңғы президент сайлауын әділетсіз өткізді» деп, «2003 жылы әкесінің орнына отырғалы диссиденттерге айтарлықтай мүмкіндік берген жоқ» деп айыптайды.

ҚАҢТАРДАҒЫ НАРАЗЫЛЫҚ

Қаңтар айында қарсылық шараларын биліктің өктем түрде тоқтатуы жұртшылықтың наразылығын одан сайын арттырды.

Билік орындары рұқсат етілмеген шеруге қатысқаны үшін айыптайтын заңның негізінде қаңтардың 14-і күні Бакудегі қарсылық шеруіне қатысқан 20 шақты адамға көлемді айыппұлдар салды.

Әскерде күмәнді жағдайда мерт болған жас жауынгердің өлімі де халықтың бейбіт шеруге шығына түрткі болды. Шерушілер әскердегі тәртіпсіздік пен әлімжеттік проблемасын әшкерелеуді мақсат тұтқан еді.

Арада бес күн өткенде Бакудегі ең үлкен сауда орталығындағы мыңға
жуық саудагер басшылықтың жалдау ақысын өсіруіне наразылық танытып, шеруге шыққан. Олар жалдау ақысының өсуіне биліктегі басшылардың қатысы бар деп

Исмаиллыдағы бүліктен кейінгі көрініс. Әзербайжан, 25 қаңтар 2013 жыл.

күмәнданады. Саудагерлер полиция жасағымен қақтығысып, ақыры 15 шеруші қамауға алынды. Сауда орталығындағы 5 мыңға жуық кәсіпкер шерушілерге қолдау көрсету мақсатында дүкендерін жауып тастады.

Қаңтардың 23-і күні Бакуден 150 шақырым жердегі Исмаиллы қаласында мыңдаған адам өздері «жезөкшелер үйі» деп атаған мотельді билік өкілдерінің жаппағанына наразылық ретінде тағы шеруге шықты.

Толқуға қатысқандар сол түні Әзербайжанның еңбек және әлеуметтік қамтамасыз ету министрі Физули Алекперовтің баласы Вугар Алекперовке тиесілі деп айтылатын мотельді, жергілікті әкімшілік ғимаратын және бірнеше жеңіл көлікті өртеп жіберді. Оншақты шеруші қамауға алынды.

Шерушілер қамалғандары босатуды және жергілікті әкім – министрдің інісі Низами Алекперовтің қызметінен кетуін талап етіп тағы шыққанда полиция оларға су шашып, көзден жас ағызатын газ қолданды. Билік өкілдері «12 шеруші әзірше Исмаиллының түрмесінде отырады. Оларға тәртісіздік ұйымдастырып, тонаумен айналысты деген айыптар тағылады» деді. Кейбір шерушілерге айыппұл салынды.

Шерудің күшпен басылуы көптеген әзербайжандардың ызасын туғызып, Баку тұрғындары Исмаиллыдағы шерушілерді қолдау мақсатында көшеге шықты. Үкімет бұл жолы да демонстранттарды күшпен басып, 40 шақты шерушіні тұтқындады. Оппозицияның үш белсенді мүшесі мен бір танымал журналиске 380 доллар мен 3 мың 185 доллар көлемінде айыппұл салынды.

«БҮЛІКШІЛЕРДІҢ ІСІ»

Билік өкілдері бұл толқуларды бір-біріне қатысы жоқ, жекелеген оқиға ретінде суреттеп, толқудың жетекшілерін «қоғамда бүлік туғызбақ болған адамдар» деп сипаттайды.

Әзербайжан президенті әкімшілігіндегі қауіпсіздік департаментінің басшысы Фуад

Әскердегі әлімжеттікке қарсы шеру. Баку, 12 қаңтар 2013 жыл.

Аласгаров шерушілерді «Әзербайжандағы әлеуметтік-саяси тұрақтылықты бұзуға ниеттенген, әртүрлі алыпқашпа әңгімелер тарату ақылы халықты адастырып, қоғамды екіге жаруды көздеген топтар» деп айыптады.

Парламенттегі қорғаныс және қауіпсіздік коммитетінде отырған үкіметшіл «Ана-Ватан» партиясының мүшесі Захид Оруч шерудің шығу себебін әлемдік экономикалық дағдарыспен байланыстырады. Ол «шерушілер Әлиев билігіне қарсы болған жоқ» деген уәж айтады.

– Реформа талап етушілердің бәріне тән ортақ ұқсастық бар. Олар осы реформалардың президент Әлиевтің кезінде жүзеге асқанын қалайды. Исмаиллыдағы толқуда да, Бакудегі дүкеншілер шеруінде де халық билікке басқа басшының келуін талап ететін ұрандар тастап, не болмаса сол тектес плакаттар ұстап көшеге шыққан жоқ, – дейді Захид Оруч.

ӘЛЕУМЕТТІК ЖЕЛІ

Бұл толқулардың ерекшелігі – оларды Тунисте, Египетте және Ливияда бұрыннан әбден орнығып қалған режимдерді төңкеріп тастаған «Араб көктемі» кезіндегі толқулармен салыстырып жатқан әлеуметтік желілер бұрын-соңды болмаған роль атқарды.

Қаңтар айындағы қарсылық кезінде халықтың саяси белсенділігін арттырып отырған қаладағы сауатты жастар шерушілердің қолдауына ие болу үшін негізінен әлеуметтік желіні пайдаланды.

Армиядағы әлімжеттік проблемасына орай көтерілген шеруді қолдау кезінде Facebook-те 20 мың адам онлайн-петицияға қол жинап, әскердегі тәртіпсіздік мәселесіне Ильхам Әлиевтің назарын аудартпақ болды.

Facebook-те шерушілерді сабап жатқанда видеоға түсіп қалған полиция қызметкерін әшкерелеу туралы тағы бір парақша пайда болды. YouTube-те жарияланған видеода 26 қаңтардағы шеруден үйіне қайтып бара жатқан адамды полиция қызметкерінің бірі теуіп қалып, содан кейін бетінен шапалақпен ұрады.

http://www.youtube.com/embed/ctjd3LUNhmc

Халқының 40 пайызынан астамы 24 жасқа дейінгі Әзербайжан сияқты мемлекетте билік өкілдері әлеуметтік желіден қатты қауіптенеді.

– Үкіметтің әлеуметтік желіден қауіптенетіні даусыз. Себебі бұның алдында да әлеуметтік желінің белсенді мүшелері мен блогерлер халықты қоғамдық шерулерге шақырған. Рұқсат етілмеген шеруді ұйымдастырғаны үшін не болмаса оған қатысқаны үшін салынатын айыппұлдың ұлғайтылған сомасы Facebook-ті немесе тағы басқа әлеуметтік желіні қолдану арқылы үкіметке нарызылығын білдіретін белсенділерді қорқыту үшін жасалған, – дейді Human Rights Watch ұйымының Оңтүстік Кавказ бойынша маманы Георги Гогия.

Әзірше оппозиция әрекетінің Ильхам Әлиев билігімен ашық күреске ұласар-ұласпасын кесіп айту қиын.

Сарапшы Гогияның ойынша, қалай болғанда да Әзербайжанның бар билігін ұстап отырған адамға «қазіргі толқулар – «оян» деген белгі» деп ақыл айтатын кез келді.

Мақала Азат Еуропа/Азаттық радиосы журналистері Клэр Бигг пен Арифа Казимованың материалы негізінде жазылды.