Португал ойыншысы мен чех бапкері не ойлайды?

Португалия ойыншысы Мейрелеш (оң жақта) Испаниямен матч кезінде. Кейптаун, 29 маусым 2010 жыл

Еуропа чемпионатының топтық кезеңі аяқталып, плей-офф кездесулері басталды. Бүгін, маусымның 21-і күні ширек финалдық алғашқы ойында Чехия мен Португалия кездеседі.
Португалия құрамасының және «Челси» командасының жартылай қорғаушысы Рауль Мейрелеш UEFA.com сайтына ширек финал алдында берген сұхбатында халықаралық аренада ірі жетістіктерге жетуді қалайтынын айтты. Ойыншы «Чемпиондар лигасынан жолым бола бастады» деді.

«ЧЕХИЯ – ҚАУІПТІ ҚАРСЫЛАС»

- Еуро-турнирде бізді ешкім фаворит санамады. Чемпиондар лигасының алдында да «Челси» командасын көбі көзге ілмеген. Чемпионат қиын болары анық. Бірақ біз арманымызға жетуге және португал халқының арманын орындауға барымызды саламыз, - деді ойыншы.

Мейрелештің айтуынша, командада сенімділік пен ұйымшылдық бар.

- Еуро-турнир алдында көп тер төктік. Чемпионат алдындағы жолдастық кездесулер де жаттығуымызды пысықтауға көп көмектесті. Командада ұйымшылдық пен сенімділік бар. Топтық кездесулерде гол сала алмадым деп өкінбеймін. Бастысы, ширек финалға шықтық. Бұл – командалық жеңіс, - деп санайды футболшы.

Португалия капитаны Криштиану Роналду командаластарымен жеңістерін тойлап тұр. Харьков, 17 маусым 2012 жыл


Рауль Мейрелеш команда капитаны Криштиану Роналдудың да ойынына баға берді.

- Роналдудың Голландиямен өткізген ойыны көптің көңілінен шықты. Әлемдік деңгейдегі ойыншылардың бірімен алаңда бірге ойнау үлкен мәртебе. Криштианудай кәсіби шебер ойыншы әлемде санаулы, - деді ол.

Мейрелеш Чехия қақпашысы Петр Чехті де жақсы таниды. Екеуі де «Челси» командасының ойыншылары. Чехиямен ойында Мейрелеш Чех қақпасына гол салсам дейді

- Чехті өте жақсы танимын. Оның мінезі өте жақсы. Чех - әлемдегі ең мықты қақпашылардың бірі. Ал, жалпы, Чехия құрамасы ширек финалда ұтылмауға тырысары анық. Ресеймен ойындағы ірі жеңілістен кейін команда бірден стилін өзгертіп, ес жиып үлгерді. Қазір бұл команда - қауіпті қарсылас, - дейді португалиялық ойыншы.

БИЛЕК: «ҚОРҒАНЫСҚА КӨП КӨҢІЛ БӨЛЕМІЗ»

UEFA.com сайтына сұхбат берген Чехия құрамасының бас бапкері Михал Билек: «Португалиямен ойында қорғанысқа көп көңіл бөлу керек» деді.

- Португалияның жартылай қорғаушылары мен шабуылшылары өте қауіпті. Нани, Элдер Поштига және Криштиану Роналдудың барын ескерсек, жеткілікті. Португалиямен ойында қорғанысқа көп көңіл бөлеміз. Нани мен Роналду кез-келген қателікті құр жібермейді. Бастысы, Ресеймен өткізген кездесудегідей қателік жібермеуіміз керек, - дейді чех бапкері.

Чехия құрамасының капитаны Томаш Росицкидің Португалиямен ойынға шығу-шықпауы белгісіз.

Билек «Росицки алаңға шықпаса да, команда жеңіс үшін бар күшін салады» деген ойда.

Йирачектің Чехияны ширек финалға алып шыққан Польшаға соққан голы. Вроцлав, 16 маусым 2012 жыл


- Еуро-турнирге іріктеу жарысында команда сұрыпталып шықты. Құрамада Томаш Росицки мен Петр Чехтан басқа «жұлдыздар» да жоқ. Дегенмен бізде командалық ойын бар. Ойыншылардың көңіл-күйі жақсы. Португалияны жеңсек, сол командалық рухтың арқасында жеңеміз, - дейді чех бапкері Михал Билек.

Португалия мен Чехия 1996 жылғы Еуропа чемпионатының ширек финалында кездескен еді. Ол ойында Карел Поборски гол салып, Чехия жеңіске жеткен. Сол кездесуге Михал Билек ойыншы ретінде қатысқан.

- 1996 жылғы жеңісті қайталауға бар күшімізді саламыз. Рас, Португалия - фаворит. Бұл команда өте мықты. Бірақ Польша және Грекия құрамаларына қарсы өткізген матчтағыдай жақсы ойнасақ, жеңіске жетуге мүмкіндік бар, - дейді Билек.

ПОРТУГАЛИЯ БАПКЕРІ ЕУРО КЕЗІНДЕ 43 ЖАСҚА ТОЛДЫ

Португалия мен Чехия 2008 жылғы Еуропа чемпионатының топтық кезеңінде де кездескен еді. Ол кезде Португалия 3:1 есебімен жеңіске жеткен. Ал биылғы біріншілікті екі команда да жеңіліспен бастады. Бірақ қалған екі кездесуді сәтті өткізіп, ширек финалға шықты.

Португалия бапкері Паулу Бенту өз командасының жеңеріне сенімді.

- Алаңда сабыр танытып, ойын стилін сақтап қалу керек. Қарсыласымыздың алаңдағы әуселесін көрелік. Дания, Германия, Голландиямен ойыннан кейін футболшылар психологиялық және физикалық тұрғыдан қайта дайындықтан өтті, - деді ол.

Бенту маусымның 20-сы күні 43 жасқа толды. Баспасөз маслихатына қатысқан журналистер Бентуді құттықтап, соның құрметіне ән орындап берді.

- Жеке қуанышымды енді командалық қуанышқа айналдыруым керек. Ширек финалдық ойыннан кейін бүкіл португал халқының көтеріңкі көңіл-күйін көрсем деймін, - дейді туған күн иесі.