Еуропа чемпионаттарында матч барысында үстем тұрған қарсыласын ең соңғы сәтте қапы қалдырып, жеңіске жеткен құрама командалардың ойындары біразға дейін ел аузында жүреді. Сондай бірнеше матчты еске түсірейік.
1960 жылғы жартылай финал: Франция - Югославия 4:5
Бұл жылғы чемпионаттың алғашқы ойыны содан бері өткен 52 жылдық футбол тарихында бола қоймаған тартысты матчқа айналды. Бірінші таймнан соң Франция 2-1 есебімен ұтып жатқан. Француздар одан да көп гол соғатындай көрінген. Расында да екінші таймда екі мәрте екі доп айырмашылығымен алға шықты. Матчтың бітуіне 15 минут уақыт қалғанда есеп 4-2 болып тұрды. Бірақ күтпеген жерден югославиялық футболшылар бес минуттың ішінде үш гол соғып, жеңімпаз атанды.
1976 жылғы жартылай финал: Югославия - ФРГ 2:4
Жарты сағаттың ішінде қақпасына екі гол кіргізіп алған немістер әлем чемпиондарына ұқсаңқырамай тұрған. Ойынның бітуіне сегіз минут қалғанда ФРГ-лік Хайнц Флоэ мен алаңға енді шыққан Дитер Мюллер есепті теңестіріп үлгірді. Қосымша уақыттың соңғы алты минутының ішінде Мюллер тағы екі доп соғып, Батыс Германияны финалға шығарды.
1984 жылғы жартылай финал: Франция - Португалия 3:2
Жан-Франсуа Домерг бір гол соғып, матч аяқталуға таяған кезде (16 минут қалған) португалиялық Руи Жордау есепті теңестіріп тастады. Қосымша уақытта Португалияға қанат бітіп, тағы бір гол соғып алға шықты - 1:2! Бірақ Домерг ойын соңына қарай есепті теңестіріп, командаластарына қайта үміт бітірді. Франция құрамасын қиыннан құтқарып қалуға шеберлігі жететін капитаны бар еді. Мишель Платини 119-шы минутта жеңіс голын соқты.
2000 жылғы топтық кезең: Югославия - Словения 3:3
Ойынның соңына 23 минут қалғанда Словения Златко Заховичтің екі, Миран Павлиннің бір голының арқасында 3:0 есебімен ұтып жатқан. "Жығылғанға - жұдырықтай" болып Югославияның Синиша Михайловичі алаңнан қуылды. Алайда югославиялықтар 67, 70 және 73 минуттарда үш гол соғып, ойынды теңбе-тең есеппен аяқтады. Иван Дудич соңы минуттарда допты қақпа сызығынан кері теуіп, Югославияны жеңілістен құтқарып қалды.
2000 жылғы топтық кезең: Португалия - Англия 3:2
Англия матч бастала салысымен 18 минут ішінде екі гол соғып, чемпионатты сәтімен бастағандай шалқып тұрған. Доп салғандар - Пол Шульц пен Стив Макманоман еді. Бірақ Португалия командасында әлемдік деңгейдегі Луиш Фигу мен Виейра Пинту бар еді. Бірінші тайм біткенше екеуі бір-бір гол соқты. Екінші таймда Руй Коштаның тамаша пасынан соң Нуну Гомеш жеңіс добын кіргізді.
2000 жылғы топтық кезең: Югославия - Испания 3:4
Топтық кезеңнің соңғы матчында Испания сылбыр тартып, ойыны мандымай қойды. Хосе Антонио Камачоның жігіттері ширек финалға шығулары үшін жеңуге тиіс болатын. Матчтың негізгі уақыты 3:2 есебімен Югославия үшін сәтті аяқталып, бірнеше минут қосылған кезде қызық басталды. Гаиска Мендьета айып добын теуіп кіргізіп, оның ізін ала Альфонсо Перес матчтағы екінші голын соқты. Аяқ астынан жеңістен айырылған Югославия ширек финалға өткеніне шүкірлік етіп, көңіл жұбатты.
2004 жылғы топтық кезең: Голландия - Чехия 2:3
Дик Адвокаттың командасы алғашқы ойында Германиямен тең түскен еді. Чехтармен матчта Вилфред Баума мен Руд ван Нистелрой 19 минуттың ішінде есепті 2:0 қылып, бар істі тындырғандай көрінген. Әйткенмен 1996 жылғы күміс жүлдегерлер шеберліктен мақұрым қалмағандарын көрсетті. Ян Коллер мен Милан Барош бір-бір доптан соғып есепті теңестірді. Ал голландиялық Джон Хейтинга қызыл қағаз алғасын чехтар тіпті күшейді. Ойынның соңына екі минут қалғанда Владимир Шмицер жеңіс голын соқты.
2008 жылғы топтық кезең: Түркия - Чехия 3:2
Бұл турнир Түркия құрамасы үшін ең бір жарқын чемпионатқа айналды. Ширек финалға өту үшін түріктер Чехияны жеңуі тиіс еді. Матчтың соңғы төрт минуты тарихи сәтке айналды. Фатих Терімнің командасы 1:2 есебімен ұтылып жатқан. Капитан Нихат Кахвечи 87-ші минутта есепті теңестірді. Ойынның соңғы минутында Нихат жеңіс добын соқты да, түрік жанкүйерлерін шат-шадыман етті. Волкан Демирелдің алаңнан қуылғаны да Түркияның көңілін пәс ете алмады. Одан кейінгі ширек финалда да түріктер соңғы сәтте есепті теңестіріп, Хорватияны пенальти бойынша жеңіп кетті.
(Мақала uefa.com сайтындағы материал негізінде әзірленді).