Иранда президент сайлауы өтіп жатыр

Иран президенттігіне кандидат Хасан Роуханидің суреттері ілінген қабырғаның жанынан өтіп бара жатқан әйел. Тегеран, 18 мамыр 2017 жыл.

Иран халқы нәтижесі ел болашағына және Батыспен қарым-қатынасына елеулі ықпал ететін президент сайлауына дауыс беріп жатыр.

ИРАНДА ДЕМОКРАТИЯ БАР МА?

Бұл сауалға иә деп те, жоқ деп те жауап беруге болады. Иранның президенті мен парламенті демократиялық жолмен сайланады, бірақ елді негізінен рухани басшы басқарады, ол өмір бойы билік етеді және елдің ішкі-сыртқы саясатына қатысты барлық мәселеге қатысты түпкілікті шешім шығарады.

Рухани басшы (қазір бұл міндетті әсіре консерваторлық ұстанымдағы дінбасы аятолла Әли Хаменеи атқарып отыр) президент сайлауына үміткер ретінде кімнің қатысатыны я қатыспайтынын айқындайтын консерваторлар тобы – сақшылар кеңесін тағайындауға көмектеседі. Өткен сайлауларға қатысуға ниет білдірген көптеген танымал реформашыл үміткерлер сақшылар кеңесінің сүзгісінен өте алмаған.

Иран президенті әрі президенттікке кандидат Хасан Роухани сайлауалды кампаниясы кезінде жақтастарының алдында сөйлеп тұр. 16 мамыр 2017 жыл.

Президент ел ішінде және сыртында саясат жүргізуге қажетті өкілеттікке ие, мыңдаған лауазымды тұлғаларды сайлай алады, солайша билігін нығайтуға мүмкіндігі бар. Соның арқасында ол мемлекеттің саясатын күтпеген бағытқа бұра алады, мысалы, президент Хасан Роухани ядролық келісімде осындай саясатты ұстанды. Дегенмен де, қандай да бір шешімнің бәрін рухани басшы мақұлдауға тиіс.

БҰЛ САЙЛАУДЫҢ МАҢЫЗЫ ҚАНДАЙ?

68 жастағы Хасан Роухани 2015 жылы Иранның ядролық бағдарламасын шектеп, есесіне осы елге салынған халықаралық санкцияларды алып тастау туралы АҚШ және өзге әлемдік державалардың Тегеранмен жасасқан келісімінде негізгі ойыншы болды, Батыспен қарым-қатынасты реттеуге ықпал етті.

Президент сайлауында Роухани жеңіске жеткен күнде Иран ядролық келісімді аяқтауға күш салмақ. Роухани үшін бұл келісім өте маңызды, ол одан нәтиже шығаруға тырысады. Ал егер сайлауда консерватор кандидат жеңіске жетсе ядролық келісімге айтарлықтай қауіп төнеді. Аятолла Хаменеи қолдайтын Иранның консерваторлық күштері бұл келісімді сынап келеді.

САЙЛАУ ҚАЛАЙ ӨТЕДІ?

Сайлаудың бірінші кезеңі жұма, мамырдың 19-ы күні өтеді, егер үміткерлердің ешбірі 50 пайыздан артық дауыс жинамаса, мамырдың 26-сында сайлаудың екінші айналымы өтетін болады.

КІМ АЛДА КЕЛЕДІ?

Иран президенттігіне кандидат Ибрагим Раиси сайлауалды науқан кезінде қолдаушыларының алдында сөйлеп тұр. Тегеран, 16 мамыр 2017 жыл.

Биылғы жылы президент болудан үміткер бес адам бар, бірақ олардың екеуі ғана бір-біріне бәсекелес негізгі кандидат саналады: байсалды бағытты ұстанатын қазіргі президент Хасан Роухани және қатаң саясатты қолдайтын дін қызметкері Ибрагим Раиси. Роухани – Иранның реформашыл жолын қолдайтын саясаткер. Ол екінші мәрте билікте қалса, елді халықаралық санкциялар құрсауынан шығару үшін батыс елдерімен жасалған ядролық келісімді соңына дейін жеткізуге күш салады деген болжам айтылады.

Көпшіліктің пікірінше, 56 жастағы Раиси елдің жоғары дінбасы аятолла Әли Хаменеиге жақын адам, ол ядролық келісімге қарсы. Раиси 1988 жылдың жазында мыңдаған саяси тұтқынды жазалаған «өлім жазасын шығаратын комиссияның» мүшесі болған.

ҚАНДАЙ ПРОБЛЕМАЛАР БАР?

Роухани ядролық келісімді экономикалық мүмкіндіктерге жол ашудың әдісі, оқшауланып қалған мемлекетті әлеммен араластырып, ирандықтар үшін миллиондаған жұмыс орнын құрудың көзі деп қарастырады. Осы келісімнің арқасында Иран батыс фирмаларымен миллиардтаған доллардың келісімшарттарын жасады, мысалы, солардың бірі Иран мұнайын барлауына қатысты жасалды.

Бірақ әлемдік мұнай бағасының арзандауы мен Дональд Трамптың АҚШ президенті болып сайлануы пайданы азайтты, инвесторлар екіұдай ойда қалды. Тұрмысы орта деңгейлі ирандықтар бұл келісімдерден айтарлықтай пайда көрмеді.

АҚШ орталық барлау басқармасының World Factbook ақпараты бойынша, Иранда жұмыссыздық деңгейі 10,7 пайызды құрайды. 2016 жылы жалпы ішкі өнім деңгейі 4,5 пайыз болған, бұл көрсеткіш 2014 жылы да осы деңгейде болып, 2015 жылы 0,4 пайызға төмендеген еді. Роухани билікке келгенге дейін елдегі жұмыссыздық деңгейі 15,5 пайыз болатын.

2011-2014 жылдары санкция қатты күшейген кезде ирандықтардың табысы 20 пайыздан артық шамаға төмендеп, орташа есеппен 5300 доллардан сәл көп соманы құрады. Иран риалы бұрынғы құнынан 80 пайызға құлдырады, елде негізгі тауарлардың бағасы күрт өсті, экономика гиперинфляцияға кезікті.

Санкцияның кесірінен Тегеран жыл сайын 50 миллиард доллар табыстан қағылды. Роуханиге президент ретінде қол жеткізген жетістіктерін қорғау оңайға түспеді, қарсыластары оны уәделерін орындамады деп айыптайды. Президенттік пікірталаста негізінен ядролық келісім сөз болды. АҚШ президенті Дональд Трамптың Иранға сынмен қарап, «келісімнің быт-шытын шығарамын» деген уәдесі де күдік тудырады.

ЖЕҢІСКЕ КІМ ЖЕТЕДІ?

Тарихи шындық Роухани жағында: 1981 жылдан бері ешбір президент екінші мерзімде жеңілген емес. Бірақ Ирандағы сайлауда кесіп айту қиын: Роуханидің өзі 2013 жылғы сайлауға екі апта қалғанда қалып келе жатқан, кейін күрт суырылып, қарсыластарын басып озды. Жетекші реформашыл саясаткерлер оны қолдауға шақырған болатын.