«Ислам халифатын» құру мүмкін бе?

ИШИМ сарбаздары өздері жаулап алған Сирияның солтүстігінде парад өткізіп келеді. 30 маусым 2014 жыл

Сирия мен Ирактың өздері жаулап алған аймағында ислам халифатын құрғандарын мәлімдеген «Ирак және Шамдағы ислам мемлекеті» ұйымы туралы Азаттық зерттеп көрді.

Бұл жолы ИШИМ өз атауындағы «Ирак пен Шам» деген сөздерді алып тастап, тек «Ислам мемлекетін» қалдырып, жетекшілері Әбу Бәкір әл-Бағдадиды оның «халифы» ретінде таныстырды. «Ислам мемлекеті» әлемдегі барлық мұсылман «үмбетін» өздерін мойындауға шақырды, үндеу тасталғандардың арасында бұларға бәсекелес әскери топтар да бар.

Әсіре діншілдер Исламның 1400 жылдық тарихында Таяу Шығыс пен Солтүстік Африка аумағында билік жүйесінің бір түрі ретінде танылған халифат құруды бұрыннан армандап жүрген болатын.

ХАЛИФАТ ДЕГЕН НЕ?

Араб тілінде халифат деген сөз «халифтың билігіндегі үкімет» деген мағына береді. Жетінші ғасырда Ислам дінінің негізін қалаған Мұхаммед пайғамбар дүниеден өткен соң құрылған ислам мемлекеті «халифат» деп аталды. «Халиф» сөзі араб тілінен шыққан, Мұхаммед пайғамбардың «ізбасары» деген мағына береді. Қазақша «халифа», «қалипа», «қалпе» болып та айтылады.

Халиф – ислам мемлекетіндегі ең жоғарғы діни жетекші, саяси көшбасшы болған. Ол әлемдегі барлық мұсылмандардың рухани көсемі саналған. Көбіне халифты «Амир әл-Муминин», яғни «мүміндердің әмірі» деп атайды.

ҚАЙ КЕЗДЕ БАСТАЛЫП, ҚАШАН АЯҚТАЛДЫ?

Әділ (Рашидун) халифат (632-661) - Мұхаммед пайғамбар дүние салған соң құрылған алғашқы халифат. Сүнниттік Ислам қағидасына негізделген бұл халифатты пайғамбардың ең жақын төрт сахабасы (қазақ арасында «төрт шадияр» деп аталады) – Әбу Бәкір, Омар (Ғұмар деп те айтылады), Оспан (арабша Усман) және Әли (пайғамбардың күйеу баласы) билеген.

Рашидун сөзі араб тілінде «әділ басқару» деген мағына береді. Алғашқы төрт халифадан соң Омейядтар династиясы (661-750) мен Аббасидтер династиясы (750-1258) тәрізді түрлі әулет өкілдері халифалық билеу тәсілін жалғастырды. Моңғолдар шабуылынан соң халифат әлсіреді, кейін Осман империясы халифат құруға ұмтылды (1453-1923).

Түркияның бірінші президенті Мұстафа Кемел Ататүрік 1924 жылы халифаттық билеу жүйесінің күшін жойды. Бұдан соң да халифат құруға тырысқандар болды, бірақ саяси жетекшілер бір-бірімен келісе алмай, нәтиже шықпады.

ХАЛИФ АТАУЫ ДАУЛЫ МА?

Лондондағы Кингз колледжде Ислам діні бойынша дәріс беретін Карул Керстен «халифат – сүннит мұсылмандар қолдайтын саяси билік үлгісі» дейді. Шииттер оны жақтамайды. Шииттер Мұхаммед пайғамбардың мұрагері тек оның әулетінен шыққан адам болуы керек деп санайды. Олар пайғамбардың немерелес інісі және күйеу баласы Әли ғана заңды мирасқоры деп сенеді. Бірақ сүнниттік дәстүр бойынша, халиф сайланады. Бұл түсінік бойынша Әли де Әбу Бәкір, Омар және Оспаннан кейінгі төртінші халиф болып сайланған.

«Ізбасарлары Әлиді халиф емес, имам деп атаған. Осыдан соң шииттер халифтар емес, имамдардың билікке келуін қалайды» дейді Керстен. Тіпті сүнниттердің өз іштерінде де халифатқа көңілі толмайтындар болған. Кезінде Испания мен Египеттегі бәсекелес сүннит династиялар бір-бірімен жағаласа өздерін халифат деп жариялап жатты.

ИШИМ МӘЛІМДЕМЕСІНІҢ МАҢЫЗЫ ҚАНДАЙ?

Көптеген бақылаушылар ИШИМ-нің («Ирак пен Шамдағы ислам мемлекеті» – ред.) халифат құру туралы мәлімдемесі Ирактағы үлкен аумақты басып алған соң билігін заңдастыруға қол жеткізуге тырысу әрекеті екенін айтады.

Бағдаттың оңтүстігінде ИШИМ сарбаздарымен соғысып жатқан Ирак армиясының жауынгерлері. 30 маусым 2014 жыл

​Керстеннің сөзінше, ИШИМ «ислам саяси жүйесіне сай нағыз, түпнұсқа, балама мемлекет құрамыз» деп мәлімдеу арқылы Таяу Шығыстағы қазіргі мемлекетаралық шекараларды өзгеріске ұшыратпақ. «Халифат жариялау арқылы олар өздері жаулап алған аумаққа қазіргі халықаралық жүйеде орныққан ұлттық мемлекет үлгісіне ұқсамайтын саяси билік орнатқысы келетіндерін мәлімдеді» дейді Керстен.

Зерттеуші ИШИМ-нің бұл мәлімдемені мұсылмандар үшін қасиетті Рамазан айы басталған күннің ертеңінде жасауы бекер емес дейді. «Жылдың осы айында мұсылмандардың діндарлығы күшейеді» дейді ол.

Таяу Шығыста ИШИМ халифатын қабылдай қоятындар аз сияқты. Экстремистік топтың халифат құруға ұмтылуы халықаралық жиһадшыл (джихадшыл) қозғалыстарға, соның ішінде ИШИМ-нің Сириядағы жетекшілерімен келіспей қалған «Әл-Қаиданың» болашағына әсер етуі мүмкін.

Қосымша: Өздерін Сирияда ИШИМ сапында жиһад жасаушылармыз деп сипаттаған қазақстандықтар туралы материалымызды оқыңыздар.

«Әл-Қаида» халықаралық деңгейдегі бірден-бір жиһадшыл қозғалыс атағын иемденіп келген еді. Бірақ ИШИМ Таяу Шығыстағы үлкен аймақты басып алды, «Әл-Қаиданың» қолынан ол келген емес.

«ИШИМ-нің мәлімдемесі Парсы шығанағы елдері, соның ішінде Сауд Арабиясын да ызыландырады. Сауд Арабиясы ИШИМ сияқты ұйымдарды қолдаса да, олардың мәлімдемесін жақтырмайды, себебі Сауд Арабия королі «Қос киелі мешіттің (Мекке мен Мәдинада) қамқоршысы» деген ресми атаққа ие. Ал бұл атақ «халифа» атауына балама тәрізді» дейді Керстен.

Материалды әзірлеуге Фруд Бежан мен Динара Әлімжан қатысты.