ИМ өлтірген Мамаев Қазақстанда тұрған

ИМ-нің "ФСБ жансыздарын жазалау" видеосынан көрініс.

Ультра-радикалдық «Ислам мемлекеті» (ИМ) ұйымы «ФСБ тыңшысы» ретінде атқан екі адамның бірі Жанболат Мамаевтың расымен Меркеде тұрғанын ауылдастары растады.

«Ислам мемлекеті» кеше жариялаған «Іштен шыққан жау» деп аталған видеода өздерін 1976 жылы туған Жанболат Мамаев және 1984 жылы туған Сергей Ашимов деп таныстырған азаматтар ұйымға ФСБ тапсырмасымен келгенін айтқан еді. Ұйым оларды жас балаға атқызып тастаған.

«МАМАЕВТЫҢ МЕРКЕДЕ ТҰРҒАНЫ РАС»

Видеодағы «Жанболат Мамаевпын» деген адам Қазақстанның Жамбыл облысының тұрғыны екенін, өзін Сирияға «Ислам мемлекеті» ұйымындағы орыстілді содырлар туралы ақпарат жинау үшін ФСБ қаржыландырып жібергенін» мәлімдеген.

Азаттық тілшісі бұл видеодағы Жанболат Мамаевтың Жамбыл облысы Меркі ауданында тұрғанын анықтады. Жанболат Мамаевпен бірге Меркедегі 48-мектепте оқығанын, біраз көрші де болғанын айтқан Мұхаметжан Музараповтың сөзінше, Мамаевтар ол жерден 20 жыл бұрын көшіп кеткен.

– Содан бері ешқандай хабарымыз жоқ. Бірақ қайда көшкенін, мұнда туыстары қалған-қалмағанын білмеймін. Ол Большевик деген ауылда тұрып, осындағы мектепке келіп жүрді. Әкесі қазақ, шешесі қарашай болған, – деді Мұхаметжан Музарапов Азаттық тілшісіне.

«Вконтакте» қолданушысы «Амина Мамаева» өз парағында суреті тұрған бұл адам ері Жанболат Мамаев екенін айтады.

Жанболат Мамаев пен оның ағасын сырттай білгенін айтқан Мұхаметжан Музарапов өзін ҰҚК (ұлттық қауіпсіздік комитеті) шақырып жатқанын хабарлады.

– Қазір ҰҚК келіп кетті. Қандай да бір видео жіберген дей ме. Қазір барамыз. Менің оны білетінімді-білмейтінімді сұрағысы келеді, – деді Мұхаметжан Музарапов.

1976 жылы туған «Жанболат Мамаев» есімді адамның Меркедегі Ойтал ауылының 48-мектебінде оқығанын сол мектептің оқу ісі меңгерушісі Бақыт Әліпбаева та растады.

– Ол бізде біріншіден тоғызыншы сыныпқа дейін, 1991-1992 оқу жылына дейін оқыған. Сегіз жылдық білім туралы аттестатты осы жерден алған. Кейбір сабақтардан «екіге» шыққан, – дейді Бақыт Әліпбаева.

ӘЛЕУМЕТТІК ЖЕЛІЛЕРДЕГІ «ЖАНБОЛАТ» ПЕН «СЕЙФУЛЛАХ»

«Жанболат Мамаев» есімді никі бар адамның бірі ресейлік «Одноклассники» әлеуметтік желісінде тіркелген. Оның профиліндегі суреттердің бірінде «Ислам мемлекеті» ұйымының кешегі видеосында «өлтірілген» адамға ұқсас ер кісі кішкентай баламен бірге отыр.

«Одноклассники» әлеуметтік желісінде «Жанболат Мамаев» никімен тіркелген адамның парағы. 14 қаңтар 2015 жыл.

​«Одноклассники» желісіндегі «Жанболат Мамаев» парағында өзінің 15 мамырда туғанын, 38 жаста екенін, тұрғылықты мекені «мерке-карачаевск, Казахстан» екенін жазған. Ол мүше болған қауымдастықтар арасында «Мерке наше детство, наша юность», «Мерке-райский уголок на земле!!!» және «Мерке-1отд.совхоз» сияқты топтар да бар.

Ал «Вконтакте» әлеуметтік желісінде «Ислам мемлекеті» видеосындағы азаматқа ұқсайтын адам «Сейфуллах Мамаев» деген никпен тіркелген. Профайлына кішкентай қыз баламен бірге түскен суретін қойған «Сейфуллах Мамаев» тұрғылықты қаласын «Мерке», мектебін «48-мектеп, Ойтал» деп таныстырған.

«Вконтакте» әлеуметтік желісінде «Сейфуллах Мамаев» никімен тіркелген адамның парағы. 14 қаңтар 2015 жыл.

«Вконтакте» желісіндегі «Сейфуллах Мамаев» мүшелікке енген «Северо-Кавказский IT-форум» мен Shamtoday қауымдастығы қазір жабық тұр. «Сейфуллах Мамаев» «Вконтакте» желісіне соңғы рет 2014 жылы 8 қазан күні сағат 10:49-да Меркеден кірген.

Ультра-радикалдық ұйым кешегі таратқан видеодағы Жанболат Мамаевқа ұқсас адамның енді бір суреті «Вконтакте» әлеуметтік желісіндегі «Амина Мамаева» есімді аккаунттың парағында жүр. «Амина Мамаева» профайлының бас суреті ретінде сол ер адамның және үш баланың суретінен құрастырылып жасалған коллаж-фотоны қойған. «Амина Мамаева» парағына өз суретін салмаған, көбінесе діни мазмұндағы жазбалар жариялап отырған.

Азаттық тілшісі мен «Амина Мамаева» есімді аккаунт иесінің чат-әңгімесі. 14 қаңтар 2015 жыл.

​Азаттық тілшісімен чат арқылы сөйлескен «Амина Мамаева» парағындағы суреттегі адам Жанболат Мамаев екенін, екеуі ерлі-зайыпты болғандарын, үш балалары бар екенін айтты. Ол ерінің «ФСБ агенті» болғанына сенбейтінін айтып: «Қалада таксист болған. Нағыз күйеу және әке еді» деді Ресейдің Қарашай-Черкес республикасындағы Карачаевск қаласында тұрып жатқанын айтқан «Амина Мамаева». Ол «Жанболат Мамаевтың өлтірілгені» жайлы видеоны бүгін көргенін мәлімдеп, Сирияға қашан кеткені жайлы сауалға жауап беруден бас тартты.

Ультра-радикалдық «Ислам мемлекеті» ұйымының «Әл-Хаят» медиа тобы орыс тілінде түсірген, арабша және ағылшынша субтитр қойған жеті жарым минуттық видеосы қаңтардың 13-інде мәлім болған еді. Видеода екі адамның «ФСБ тыңшылары екенін мойындауы» көрсетіліп, соңынан оларды жас баланың атып өлтіргені бейнеленген. Азаттықтың бұл видео жайлы жариялаған қазақ және орыс тілдеріндегі мақалалары қаңтардың 14-і күні таңертеңнен бастап ашылмай қалған.

Бұл видео тарала салысымен Дамаскідегі Ресей елшілігі арнайы мәлімдеме жасап, ««Ислам мемлекеті» мүшелерінің ФСБ агенттерін өлтіру видеосы туралы ешқандай ақпараты жоқ екенін» хабарлады. Ал ФСБ комментарий беруден бас тарты.

ИМ-нің "ФСБ жансыздарын жазалау" видеосынан көрініс.

Қазақстан ҰҚК-сі де «Ислам мемлекеті» таратқан видеоны зерттеп жатқанын хабарлап, әзірше қандай да бір түсініктеме беруден бас тартты.

Діни ультра-радикалдық «Ислам мемлекеті» ұйымының содырлары былтырғы маусым айынан бері Ирак пен Сирияның біраз аумағын басып алып, олардың қатарына ондаған мемлекеттен экстремистер тартыла бастаған. АҚШ бастаған коалицияның әуе күштері ұйым позицияларын атқылап тұрады. Бірақ содырлар өздері бақылау орнатқан территорияда Ирак пен Сириядағы сүннит емес діни және этникалық азшылық өкілдерін мыңдап өз бетінше өлім жазасына кесіп жатыр. Батыс пен Шығыстың белгілі мұсылман теологтары «Ислам мемлекеті» ұйымының қатыгездігін сынап, бірнеше рет мәлімдеме жасады.