ИМ құрамында жанкешті тәжіктер неге көп?

Тәжікстанда офицер болған Гулмурод Халимов (сол жақтан үшінші) экстремистер қатарында.

Ислам дінінің ресми тіркелмеген ағымдарын мемлекеттің басып-жаншуы, шетелде еңбек мигранты ретінде мәжбүрлі жұмыс істеу және бұрынғы арнайы қызмет командирінің экстремистерге қосылуы сияқты факторлар жанкешті тәжіктердің көбеюіне ықпал етті.

Жақында жарық көрген есепте «Ислам мемлекеті» (ИМ) ұйымына барып қосылғандардың ішінде жанкешті тәжіктердің саны көп екені анықталды, «Орталық Азияның ең кедей мемлекеті неліктен бұндай күйге ұшырады?» деген сауалға жауап іздеген сарапшылар жоғарыдағы үш факторды атайды.

Гаагадағы Терроризмге қарсы күрес жөніндегі халықаралық орталықтың (ICCT) баяндамасында 2015 жылдың желтоқсаны мен 2016 жылдың қарашасы аралығында 27 тәжіктің өзін ажалға қиғаны айтылады. Мемлекеті анықталған шетелдік азаматтар арасында бұл – ең жоғары көрсеткіш.

«ХАЛИМОВТЫҢ ЫҚПАЛЫ ЗОР»

«Өзін-өзі өлтіру соғысы: Ислам мемлекетінің жанкештілер өндірісіне статистикалық талдау» атты баяндамада Тәжікстанның экстремизмге қарсы күресі және жанкештілер арасында тәжіктердің көбею себептері түсіндірілген.

ИМ-нің «Амак» ақпарат агенттігі де наурыздың 8-і күні Ауғанстан астанасы Кабулдегі әскери госпитальге шабуыл жасаған жанкештілердің арасында екі тәжіктің болғанын жазды. Бұл жарылыстан кем дегенде 49 адам қаза тапқан.

2015 жылдан бері Ауғанстанға шабуылдап келе жатқан экстремистік топтың дерегін Тәжікстан үкіметі де, Ауғанстан да растаған жоқ. Тәжікстанның ішкі істер министрлігі қаңтар айында 1100-ге жуық азаматының Сирия мен Иракта соғысып жүргенін мәлімдеді.

Душанбенің дерегі бойынша, олардың кем дегенде 300-і сол жақта опат болған, 60-тан астамы өз еркімен елге келіп, биліктің амнистиясын алды.

ICCT баяндамасының авторы Чарли Уинтер жанкештілер арасындағы тізімде тәжіктердің «пропорционалды орналаспағанын» айтады, себебі ИМ құрамына өткен басқа шетелдіктермен салыстырғанда тәжіктердің саны аз. Мысалы, ИМ сапында 6500-ге жуық тунис азаматы және 2500 сауд арабиялық соғысып жүр.

Уинтердің айтуынша, «тәжіктердің жанкешті ретінде терактіге қатысуына ұлты да ықпал еткен».

Инфографика: «Ислам мемлекеті» ұйымындағы жанкештілерді елдері бойынша жіктеу

АҚШ-та жаттыққан, жоғары лауазымды қызмет атқарған арнайы қызмет командирінің мансабын тастап, Сириядағы ИМ-ге барып қосылғаны жанкешті тәжіктердің көбеюіне әсер етті. Тәжікстанның арнайы қызметінің (ОМОН) бұрынғы қолбасшысы Гулмурод Халимов 2015 жылы ИМ экстремистік тобына қосылды. Терроризмге қарсы күрес сарапшылары Халимовтың ИМ әскери командирі болғаны туралы ақпарат бар дейді.

«Тәжіктерді ажалға жиі айдауға Халимовтың ИМ жоғары әскери командирі болғаны ықпал етті. Халимов тәжіктерді өз еркімен ажалға баруға көндіріп беретін шығар» дейді Колумбия университетінің қызметкері, Тәжікстанды зерттеуші Эдуард Лемон.

Тәжікстанда офицер болған Гулмурод Халимов экстремистер қатарында.

ДІНГЕ ҚЫСЫМ ЖАСАУ

2015 жылы мамырда жарияланған бейнебаянда қара киім киген Халимов сөйлеп, тәжік үкіметінің мектеп пен кеңселерде ислам дініне сай киінуге, қоғамдық орындарда намаз оқуға тыйым салғанына наразылық ретінде экстремистік топқа қосылғанын мәлімдеді.

Сарапшылар да «Тәжікстан үкіметінің исламшыл саяси және діни топтарға қысым жасағаны мен тіркелмеген діни ұйымдар ИМ рекрутерлеріне тиімді» дейді.

Тәжікстанда 1992-97 жылдары болған азамат соғысы бейбіт келісім жасаумен аяқталды. Келісімге сай біріккен тәжік оппозициясы үкіметтен орын алуға тиіс болды. Соның арқасында елдегі басты оппозициялық күш – Тәжікстанның ислам қайта өрлеу партиясы (ТИҚӨП) маңызды рөл атқарды.

ТИҚӨП Орталық Азиядағы ресми мойындалған алғашқы ислам партиясы болды. Душанбе ашықтық танытқандай, ал партия басшылығы жұмсарғандай көрінді. Бірақ уақыт өте келе Тәжікстан ислам дініне қатысты дүниенің бәрін бақылап, тексере бастады, мемлекеттік мешіттер мен дінбасыларды қолдап, елдегі тіркелмеген жүздеген мешітті жауып тастады.

«МИГРАНТТАР ҚОРЛЫҚТАН ҚҰТЫЛҒЫСЫ КЕЛЕДІ»

2015 жылы ислам өркендеу партиясына мүлдем тыйым салып, оның басшылығын тұтқындады. Сарапшылар осындай шектеулер кейбір діншілдерді теріс жолға бағыттады дейді.

«ТИҚӨП» үкіметтің құрамында болғанда адамдарды ИМ-ге қосылмауға шақыратын. Партияға тыйым салған соң ИМ-ге қосылған тәжіктер саны күрт артты – студенттер, тіпті тұтас ауылдар кетіп жатыр» дейді Германиядағы Гейдельберг университетінің зерттеушісі Софи Раш.

Ресейдегі тәжік мигранттары. Санкт-Петербург, 3 шілде 2015 жыл.

Ал Лемонның айтуынша, ИМ рекрутерлері көбіне әлеуметтік тұрғыда оқшауланып қалған немесе қиналған, дағдарыста жүрген адамдарды тартады. Миллиондаған тәжік Ресейде еңбек мигранты болып істейді, сол жақта жүріп үгітшілердің сөзіне ереді.

Роштың пікірінше, Ресейдегі мигранттардың көбі «қорланып» жүреді, олар үнемі қара жұмыс істейді, зәбір-жапа шегеді.

«Олар бұрынғы отар елдерден келген. Ресейде мәртебесі жоқ. Ресейде жолы болмаған, жұмыс таппаған немесе жалақысы аз мигранттар дінге бет бұрады, солайша өздерін құрметтейтін орта табады» дейді ресейлік тәжіктерді зерттеген Рош.

Фруд Бежанның мақаласын ағылшын тілінен аударған – Динара Әлімжан.