Англияда олимпиада алауы эстафетасы басталды

Лондон олимпиадасының алауы.

19 мамырда Ұлыбританияның Корнуолл графтығында олимпиада алауының эстафетасы басталды. Елдің ең батыс нүктесі - Лендс-Энд мүйісінен аттанған алау шеруін желкенді қайық спортынан үш дүркін олимпиада чемпионы Бен Энсли бастады.
Ұлыбританияның бүкіл аумағын шарлайтын алау 12 мың 875 шақырымды басып өтіп, 27 шілде күні олимпиада ойындарының ресми ашылуы өтетін «Стратфорд» стадионына жеткізіледі. Сегіз мың адам қатысатын алау эстафетасы 70 күнге созылады.

10 мамыр күні Афина қаласында тұтанған олимпиада алауын Лондонға Ұлыбританияға белгілі футболшысы Дэвид Бекхэм, Лондон мэрі Борис Джонсон және Англия олимпиада қауымдастығының басшысы Анна ханшайым алып барған еді.

«ЛОНДОН ОЛИМПИАДАҒА ДАЙЫН»

Лоимпиаданы ұйымдастырушылар Лондонның дайындық шараларын бітіргенін хабарлады. Лондон олимпиадасы ұйымдастыру комитетінің төрағасы Себастьян Коу АР агенттігіне берген сұхбатында:

– Ел астанасы олимпиаданы қабылдауға толық дайын. Біз тексеруді аяқтап, азды-көпті жөндеу жұмыстарын жүргізуге тапсырма бердік. Қазір Лондондағы барлық

Грек актрисасы Ино Менегаки олимпиада алауын әкеле жатыр. Грекия, 9 мамыр 2012 жыл. (Көрнекі сурет)

спорт кешендері жарыстар өткізуге сақадай сай тұр, – деді.

Олимпиаданы ұйымдастырушылар жыл басынан бері 28 спорттық кешенді толық тексеруден өткізіпті.

Лондон «олимпиада ойындарын тамашалауға бүкіл әлемнен бір жарым миллион турист келеді» деп отыр. Бұған қоса ол қалаға шет елдерден 294 мың арнайы қонақ барады. Ал Ұлыбританияның басқа қалаларынан 287 мың адам да ойындарға билет сатып алған.

Қазір қаладағы қонақ үйлердің барлығы да меймандарды қабылдауға дайын. Бүкіл отельдерде ресми түрде 110 мың орын брондалған. Бұл орындардың 40 мыңы – бұқаралық ақпарат құралдарына тиесілі. Олимпиада кезінде Лондон қонақ үйлерінің бағасы орта есеппен 213 фунт стерлингті құрамақ.

«ЛАБОРАТОРИЯЛАР ДА ДАЙЫН»

Халықаралық антидопинг агенттігі (WADA) Лондонда спортшылардың қанын тексеретін лабораториялық кешенге тексеру жүргізіп шықты. Агенттік

Ұлыбританияның және Олимпиаданың жалауы. (Көрнекі сурет)

«лабораториялар ойындарға толық дайын» деген тұжырым жасап отыр.

Тексеру орталығы олимпиада кезінде күні-түні жұмыс жасап, күніне 400 допинг-тексеру жүргізуі керек. Ағылшын корольдік колледжінде орналасқан допинг лаборатория жылына 8 мың тексеру жүргізетін. Ал олимпиада мен паралимпиада ойындары өтетін бір айдың ішінде 6 мың 250 тексеріс өткізуі мүмкін.

Independent ақпарат агентігінің хабарлауынша, Лондон олимпиадасы кезінде түрлі террористік оқиғаларды болдырмау үшін төрт мыңға жуық полицей жұмылдырылады.

Ал спорттық жарыстар өткізілетін 34 кешенде барлығы 20 мыңға жуық күзет қызметкері жұмыс жасамақ.