Нәпсіқұмарлық дауына қалған дінбасы қызметтен кетті

Василие Качавенданың Сербия православ шіркеуінің епископы кезіндегі суреті. 10 мамыр 2012 жыл.

Сербия православ шіркеуі жас балалар мен қыздарды зорлауға қатысы болуы мүмкін деген күдікке ілінген 74 жастағы епископты «денсаулығына байланысты» орнынан алды.
Сербияда православ шіркеуінің төңірегіндегі дау осы аптада шарықтау шегіне жетті. Бұл жолы беделді діни басшының жас балаларға құмарлығына дәлел ретінде бейнематериалдар жарық көрді.

«БӘРІМІЗ БІЛЕМІЗ»

Бейәдеп әрекеттеріне қатысты ақпарат тарағаннан соң Босния-Герцеговинадағы Тузла және Зворник аймақтарының епископы 74 жастағы Василие Качавенда осыдан бірнеше ай бұрын қызметінен шеттетілген еді.

Қоғамда дін өкілінің қызмет бабын пайдаланып, «кәмелеттік жасқа толмаған ұлдар мен қыздарды жыныстық қатынасқа итермелеумен жылдар бойы айналысып келгені» туралы қаңқу сөз тараған. Қасиетті синодтың оны отставкаға жіберу туралы шешім қабылдауы шіркеудің осы ауыр айыптардан абдырап қалғанын байқатқандай болды.

Дау шыққан епархияның орналасқан жері – Биелинада теологиядан дәріс алған
Өтірік ақымақ болмашы, мұны бәріміз білеміз ғой» деп жауап берді
Боян Йованович «епископ ұйымдастырған талай жын-ойнақтың куәсі болғанын» айтады. Оның сөзінше, топтасып төсек қатынасын жасағандардың арасында дін қызметшілерімен қоса белгілі бизнесмендер де болыпты.

«Олар мені көп жағдайда осындай әшкерелейтін іс-әрекеттерге тартуға, өз орталарына қосуға тырысты. Маған өзім ғылымнан сабақ беріп жүрген мектептен 10 жасқа дейінгі жас балаларды алып келуді өтінді, бірақ мен, әрине, бас тарттым. Мен, сондай-ақ, басқа монастырлардағы қызметкерлердің дін оқуын оқып жатқан студенттерді епископпен бір түн өткізуге әкеліп жүргендерін көрдім. Бірде таңертең солардың бірі маған телефон шалып, өзінің заттарын алу үшін епископ жатқан бөлменің есігін ашып беруімді өтінді. «Сенің заттарың епископтың бөлмесіне қалай кірген?» деген сұрағыма ол: «Өтірік ақымақ болмашы, мұны бәріміз білеміз ғой» деп жауап берді» дейді Боян Йованович.


АЙЫПТАУ

Качавенданың аста-төк өмір салты және Радован Караджич, Ратко Младич сияқты әскери тұлғалармен байланысы жылдар бойы жұрт назарында болып келді.

Қазірдің өзінде бірнеше адам өздеріне қатысты епископтың «анайы әрекеттерға барғанын» айтып шағымданды. Олардың арасында босниялық мұсылман қыз да бар. Бойжеткеннің айтуынша, Качавенда оны христиан дінін қабылдауға күштеп көндірген. «Ал 16 жасымда мені зорлады» деген бойжеткен.

Дінбасы Василие Качавенданың (оң жақта) стриптизер Дейан Нестеровичпен 2010 жылы түскен суреті.

2010 жылы Белград қаласындағы белгілі стриптизер әйел Дейан Нестеровичпен қатар тұрған суретінің жариялануы Качавендаға қатысты өсек-аяңды өршіткен еді. Бишінің өзі дінбасымен әмпей-жәмпей болғанын мойындаған.

Сербияның «Блиц» басылымы «епископ Качавенданың жас жігіттермен жыныстық қатынас жасасқанының бейнетаспасы бар» деген ақпарат таратқанға дейін шіркеу ләм-мим деп жауап қатпай келген еді. Кейіннен атышулы бейнетаспаның шағын үзінділері интернетте де жарияланды.


«ДЕНСАУЛЫҒЫНА БАЙЛАНЫСТЫ БОСАДЫ»

Василие Качавендаға бірнеше ауыр айыптар тағылуы мүмкін. Биелина қаласында тұратын заңгер Дуско Томич қолында «епископтың әлімжеттігінен жапа шектім» деген біраз адамның айғақтары барын айтады. Бұл тізімде Качавенданың ұсыныстарынан бас тартып, кейін оқшау тұрған бір монастырда жұмбақ жағдайда қаза тапқан 16 жастағы теология студенті Милич Блазановичтің анасы мен ата-әжесі бар.

«Ол туралы барлық ақпаратты оқыған соң әрі зорлыққа ұшырағандардың сөзін тыңдаған соң православ дінінің өкілі ретінде де, жай адам ретінде де мен мұндай адамның әлі де қоғам алдында жүргеніне таң қалдым» дейді заңгер Томич.

Качавенда бұл айыптардың бәрін жоққа шығарады және «өзіме қара күйе жағып жүргендердің бәрін сотқа беремін» деп уәде етті. Ал оның отставкасын қабылдаған шіркеу бұл дау-дамай жөнінде ештеңе айтпады, тек епископтың «денсаулығына байланысты орнын босататынын» хабарлады.

Серб православ шіркеуінің мұндай дау-дамайға ілігуі алғаш емес. Мұның алдында екінші діни басшы - епископ Пахомие де 1999-2002 жылдар аралығында жас балалармен арсыз әрекеттерге барған деп айыпталған еді. Шіркеудің орталық басшылығы бұл айыптарға қатысты ләм-мим деп жауап қатпай келеді.

(Қазақ тіліне аударған Мұхтар Екей)