Түрік келіншектің таңдауы: «не масқара болу, не ар сақтау»

Түркиядағы әйелдер. (Көрнекі сурет)

Guardian («Гардиэн») басылымы қыркүйектің 9-ы күні Түркияда зорлықтың кесірінен ауыр қылмыс жасаған келіншек жайлы мақала басты. Қазір түрік қоғамы ол әйелдің өзі мен құрсағындағы сәбиінің тағдырын талқылап жатыр.
Басылымның жазуынша, өткен аптада Түркияның Жерорта теңізі аймағындағы бір кафеде отырған қонақтар қан-қан болған қап көтеріп келе жатқан жас келіншекті байқаған. Қаптағы зат ер адамның басы екен. Келіншек бас салынған қапты отырған жұрттың алдына лақтырып тастап: «Мен арымды сақтап қалдым. Бұдан былай сыртымнан өсек айтпаңдар» деді.

ТАҢДАУ

Бұл келіншек – екі баланың анасы, 26 жастағы Невин Йылдырым. Невиннің күйеуі басқа қалаға барып жұмыс істейді. Күйеуі үйінде жоқ кезде келіншекті Нуреттин Гидер есімді 35 жастағы еркек бірнеше рет зорлап, жалаңаш тәнін суретке түсіріп, «енді сені масқаралаймын» деп қорқытқан. Келіншек содан жүкті боп қалған. Зорлықшы еркек жора-жолдастарына мақтанып, оқиғаны бүкіл ауыл-аймаққа жайған.

Басылымның жазуынша, келіншек Нуреттин Гидерді он рет атып, қарнына пышақ салып өлтіріп, басын кесіп алған. Полицияға өзі хабарласқан әйел: «Гидерден бала туғанша өлгенім артық» деді. Невин Йылдырымның 7 жасар қызы биыл мектепке барғалы жатқан. «Ел-жұрт баламды «жезөкшенің баласы» деп айтқандарын қаламаймын. Одан да өзінің ар-намысын қорғап қалған келіншек атанғаным жақсы» дейді ол.

Guardian-ның жазуынша бұл оқиға бүкіл Түркияны дүр сілкіндірген. Әйелдер құқығын қорғайтын ұйымдар оған жаппай қолдау көрсетіп, ақпарат құралдары ол жайлы жарыса жазып, Невиннің түсік жасамақ болған әрекеті қоғамда қызу талқыланып жатыр.

Мақала авторы Элиф Шапактың зерттеуінше, сот келіншектің түсік жасатуына қарсы болмаған. Талқылау осы арада күшейген. Себебі әйелдің құрсақтағы сәбиі – 29

Түрік әйелдері абортты айыптаған премьер Ердоғанға қарсы акция өткізіп тұр. Стамбул, 3 маусым 2012 жыл. (Көрнекі сурет)

апталық. Заң бойынша, түсікті 10 аптаға толмай жасатуы тиіс. Жүктілік әйелдің денсаулығына қауіп төндіргенде ғана 20-аптаға дейін рұқсат етіледі.

Соттың осы жолғы шешімі қоғамдағы әр түрлі айтыстың өршуіне түрткі болды. Өйткені түрік үкімет жақында ғана түсік жасату мен баланы кесіп алып босандыратын тәсілдерді шектеп, мүмкін болса оларды мүлде тоқтату туралы мәселе көтерген. Денсаулық министрі Режеп Акдаг «бала қандай жолмен туса да, мемлекет оны қарауына алуға міндетті» деді. Түсік жасату мәселесі қоғамның қарсылығына ұшыраған соң ол іс кейінге қалды. Түсік жасату туралы заң да өзгеріп, процедура әжептәуір шектелген.

«ӘЙЕЛ ҚҰҚЫН ШЕКТЕУ ЖАҚСЫЛЫҚТЫҢ НЫШАНЫ ЕМЕС»

Мақала авторының ойынша, Түркиядағы әйелдердің бала босануына қатысты, өзге әйелдерге ғана тиесілі құқықтардың бұлайша талқыға түсуі жақсылықтың нышаны емес.

Әйелдердің кейбір құқықтарын шектеу туралы ұсынастар кенет көбейген соң елдегі қыз-келіншектердің болашағы да алаңдата бастады. Себебі басқа мұсылман еліндегі замандастарымен салыстырғанда түркиялық қыз-келіншектердің көптеген артықшылығы болған еді. Енді содан айырылып қалу қаупі төніп тұрған сияқты.

Мақала авторының зерттеуінше, Түркияда отбасында азап тартып, әртүрлі зорлыққа ұшырап қорланған әйелдердің шағымданатын кеңсесі онсыз да көп емес.

Билікке наразылық танытып тұрған күрд әйелдері. Стамбул, 16 мамыр 2011 жыл. (Көрнекі сурет)

Жұртшылық та көбінесе қылмыскерді емес, әйелдің өзін айыптап шыға келеді. Осының кесірінен жыл сайын бірталай әйел намыстан өздеріне қол жұмсайды.

Журналист осындай әділетсіз жайттарды сараптай келе, әйелдер проблемасын айналысатын саясаткерлердің осы мәселеге тереңірек үңілуін қалайды. Себебі, оның ойынша, Түркияның басқа жақтарымен салыстырғанда жергілікті билік өкілдері және ұлтшыл саясаткерлер әлі де патриархалды күйде қалған.

Невин Йылдырымның дүниеге енді келетін сәбиі мазақ пен қорлыққа ұшырамайтын қауіпсіз жерде, денсаулығы дұрыс, аман-есен өсуі керек. Автордың пайымдауынша, Түркия ондай қоғамнан әзірше алыс жатыр. «Себебі бұл елде әлі де ерлердің үстемдігі, олардың атақ-абыройы жоғары тұрады. Сондықтан бұл елде барлық жағдайда азап пен қорлықты әйелдер мен олардың бейкүнә сәбилері тартады» дейді Guardian басылымындағы мақаланың авторы Элиф Шапак.