Вацлав Гавел қайтыс болды

Вацлав Гавел Азат Еуропа/Азаттық Рдиосына сұқбат беріп отыр. Прага, 21 қазан 2009 жыл

Бұрынғы Чехословакияда бейбіт төңкеріс жасап, коммунизмді құлатуда жетекші тұлға болған, белгілі диссидент драматург, Чехияның бұрынғы президенті Вацлав Гавел 75 жасында қайтыс болды.

Пьесаларына тыйым салынып, билікке қарсы көзқарасы үшін 5 жыл түрмеде отырған драматург Вацлав Гавел 1989 жылғы төңкеріске басшы болып, Чехословакияның соңғы президенті атанды. Үш жылдан кейін тәуелсіздік жариялаған Чехия Республикасының президенті болды.

КОММУНИСТЕР БИЛІГІ ТҰСЫНДА

Вацлав Гавел 1936 жылы 5 қазанда бақуатты отбасында дүниеге келді. Бірақ 1948 жылы билікке келген коммунистер ол әулеттің де дүние-мүлкін тәркілеп, Гавелдің жоғары білім алуына үлкен тосқауыл қояды.

Әскери борышын өтеп қайтқан Гавел театр саласына келді. Әуелі сахна жұмысшысы болып қызмет етті. Кейін, 1960 жылдары коммунистік биліктің мағынасыз өмірін көрсететін спектакль жаза бастады.

1968 жылғы Совет әскері бастаған Варшава келісімі күштері Прагаға еніп, жаңа реформалық қозғалыстарды тоқтатты. Гавелдің спектакльдеріне де тыйым салынып, оның өзі полицияның қатаң бақылауына алынды.

1976 жылы Вацлав Гавел коммунистік билікті азаматтық құқықтарды сақтау жөніндегі халықаралық келісімдерді сыйлауға шақыратын петицияға қол жинап, хартия авторларының бірі болды. Оған қол қойған адамдар қудаланып, Гавел үш жарым жылға абақтыға қамалды.

ЕУРОПАҒА «ОРАЛУ»

1989 жылы Совет одағы құрамында болған Шығыс Еуропа елдері үлкен өзгерістер алдында тұрған. Сол жылы қыркүйек айында шығыс германиялықтар "Батысқа қашамыз" деп, Прагаға ағылды. Екі ай өткенде Берлин қабырғасы құлады.

Қарашаның 17-сінде полиция Прагадағы студенттерді басып тастаған соң халық көтеріліп, ол "Мақпал төңкерісіне" ұласты. Вацлав Гавел ол кезде

Полиция мен шерушілер. Прага, 19 қараша 1989 жыл.

оппозициялық азаматтық форумы тобын құрушылардың бірі болады.

Чехословакияның "Мақпал төңкерісі" студенттердің бейбіт шеруімен басталғанда, оларды полиция күшпен басқан. Одан кейін жүз мыңдаған чехтар пен словактар бейбіт шерумен көшелерге шықты.

Вацлав Гавел осы кезде коммунистік билікпен бейбіт келіссөздерге барып, жиылған жұртқа үндеу айтып, осы көтерілістің көшбасшысы ретінде танылды.

- Біз еркіндікте, демократиялы және өркендеген елде өмір сүргіміз келеді. Біз Еуропаға қайтқымыз келеді, алдағы күндері қандай жағдай болса да өз ойларымыздан ешқашан бас тартпаймыз, - деді Вацлав Гавел 1989 жылдың 23 қарашасында Праганың Вацлав алаңына жиналған 300 мың адамға.

Көп ұзамай коммунистік режим ыдырап, 1989 жылы желтоқсанның 10-ы - Халықаралық адам құқын қорғау күнінде Гавел өзінің президенттік науқанын бастады, желтоқсанның 29-ында президент болып сайланды.

- Аз уақыт бұрын мен республика парламентінің бір ауыздан сайлауымен президент болдым. Барлық чех және словак азаматтарына, басқа ұлттарға

Вацлав Гавел алаңға жиналған халық алдында сөз сөйлеп тұр. Прага, 10 желтоқсан 1989 жыл.

да мені қолдағандары үшін алғыс айтамын. Мен сенімдеріңізді ақтап, көңілдеріңізді қалдырмауға уәде беремін, - деді ол президенттік ант қабылдау сәтінде.

Вацлав Гавел 1990 жылы словак ұлтшылдары автономия алып, Чехословакиядан бөлініп кетеміз дегенде оған қарсы болды. Бірақ Гавелдің ол әрекеті жүзеге аспай, 1992 жылы биліктен кетіп, Чехословакия екіге бөлінді.

ТӘУЕЛСІЗ ЧЕХИЯНЫҢ ТҰҢҒЫШ ПРЕЗИДЕНТІ

1993 жылы Вацлав Гавел тәуелсіз Чех республикасының президенті болып сайланды. 1998 жылы тағы да президенттік билікте қалды.

Ол 2003 жылы зейнетке шыққанға дейін Чехияны НАТО-ға мүше етіп, Еуропа одағына қосылуға дайындап кетті.

Өмірінің соңғы жылдарында денсаулығы қатты нашарлады. Өкпесіндегі қатерлі ісікті алғызып, операция жасатты.

Бірақ өмірінің соңына дейін ол азаматтық қоғам үшін күресті. Куба, Ресей немесе Беларусьтағы демократия мен адам құқықтарына алаңдады