"Ұсталғандардың біразын танимын". Қытайдағы "қазақ зиялылары" қамауда отырғаны рас па?

"Жас Алаш" газеті Қытайда тұратын "қазақ зиялылары" қамауда отыр деп мақала жариялады. Газет таратқан ақпаратқа қарағанда, қамалғандардың дені Шыңжаңда көп жыл журналистика, білім беру және мемлекеттік қызмет саласында жұмыс істеген. Түрмеде отыр деген бұл азаматтардың туыстары не дейді? Пекиннің Астанадағы елшісі және Қазақстан сыртқы істер министрлігі бұл мәселеден хабардар ма? Азаттық анықтап көрді.

30 шілдеде жарық көрген мақаланың авторы Жақсылық Қазымұратұлы Қытайдағы қудалаудың арғы тарихынан бастап бүгініне дейін шолып шығып, "тергеусіз түрмеге қамау қайта басталған сыңайлы" деп жазды. Ол БАҚ, өнер-білім және мемлекеттік қызмет саласында жұмыс істейтін, қазір белгісіз себептермен қамауда отыр деген 22 адамның аты-жөнін келтірген.

"Ұсталған азаматтардың біразын жақын танимын, аралас-құралас, дәмдес болдық. Кейбірімен 15 жыл бірге жүрдім, бірақ солардың Қытай билігіне қарсы бір әрекетін көрген емеспін, керісінше, Оңтүстік Шыңжаңда атыс-шабыс болып жатқанда "мұнысы несі" деп кінәлап отырғанын да талай естігем" деді мақалада Қазақстанға көшкенге дейін "Шыңжаң" газетінде жұмыс істеген астаналық журналист Қалиақбар Үсемханұлы.

"Жас Алаш" газетінің Қытайда қамауа отырған қазақтар жайлы мақаласынан скриншот.

Мақалада сондай-ақ журналист Ерлан Мазанның да пікірі келтірілген. Ол да "Шыңжаң" газетінде жұмыс істеген, қазір Астанада тұрады. Мазан да тізімдегі азаматтарды танитынын айтыпты.

"Жылдар бойы қатар жүрген сыралғы жан ретінде айтарым, ол азаматтардың Қытай заңын бұзатындай әрекетке баруы мүмкін емес, бәрі де жоғары білімді, саяси сауатты, заңнан хабары бар, жұмысына адал, отбасына қамқор, былайша айтқанда, үлгілі, өнегелі азаматтар. Қытайдың құқық қорғау органдарының оларға қандай айып таққанын білмеймін, бірақ егер саяси айып тағылған болса, өте күлкілі әрі адам сенбейтін жайт. Қытай коммунистік партиясының өзі тәрбиелеп жетілдірген кадрларға сенбейтіндей халге түскені ұят әрі өкінішті" деп келтіреді "Жас Алаш" журналистің сөзін.

Your browser doesn’t support HTML5

Қытай түрмесінде "қазақ зиялылары" отыр ма?

ЕКІ ЖЫЛ БҰРЫН МӘЛІМ БОЛҒАН ЖАЙТ

Екі жыл бұрын әлеуметтік желіде бірнеше адам кезек-кезек сөйлеген видео жарияланды. Онда олар Қытайда тұратын жақыны Ғарапа Насиолла Қытай түрмесіне түсіп, содан соң хабар-ошарсыз кеткенін, оның қайда екенінен бейхабар қалғанын айтқан еді.

– Інім Ғарапа Бейжің ұлттар университетін бітірген. Мамандығы қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі. 2012 жылы Санжы облыстық №2 орта мектепке жұмысқа тұрып, сол жерде алты жыл істеді. 2018 жылы Шыңжаңның ішкері өлкесіне тәрбиеші болып ауысты. Жаңмын (Қытайдың Гуандун өлкесіндегі Цзянмынь қаласы – Азаттық) қаласында үш жыл еңбек етіп, 2021 жылы жазғы демалыста Шыңжаңға оралды. Бірақ көп ұзамай, шілденің 8-9 күндері Қытай сақшылары оны үйінен ұстап әкетті, – деді видеода ағасы Тасқынбек Насиолла.

Ағасының сөзінше, бауыры Ғарапа сазгер әрі ақын, қазақ мәдениетінің жанашыры ретінде танылған жігіт. WeChat желісінде сайт ашып, қазақ әдебиеті, өнері, тарихы жайында түрлі материал жариялаған, талай ақын-жазушы, сазгерлердің туындылары жарыққа шыққан. Туыстары сайт ел арасында өте танымал болған дейді.

– Өте ықпалды сайт еді. Көп азаматтың тырнақалды туындыларының жарыққа шығуына, танылуына мүмкіндік берді. Біз, Ғарапа Насиолланың не себепті ұсталғанын білгіміз келеді. Халықаралық адам құқығы ұйымдарынан оның жазықсыз жазаланбауына, отбасымен аман-есен қауышуына ықпал етуін сұраймыз, – дейді сол видеода Ғарапа Насиолланың бөлесі Оразбек Сапархан.

Ғарапа Насиолла – "Жас алаш" газетінде жарияланған 22 адамның бірі. Тізімде ол Бейжіңдегі ұлттар университетінің түлегі, әнші, сазгер деп көрсетілген. Кезінде бауырына араша сұрап, әлеуметтік желі арқылы үндеу жариялаған бұл кісілерді Азаттық тапты. Бірақ тікелей тілдесе алмады. Бірнеше күн қатарынан ағасы Тасқынбекке хат жазып, телефон шалдық. Бірақ жауап болмады. Кейін Тасқынбектің өзі таныстары арқылы "журналиске дәл қазір сұхбат бере алмаймыз" деп сәлем жолдады.

"АРАША СҰРАУДЫҢ АРТЫ ТҮРМЕДЕГІ ТУЫСТАРЫНА ТАЯҚ БОЛЫП ТИЕДІ"

"Жас Алаш" журналисі бұл тақырыпты көптен бері зерттегенін айтты. Ол әуелі Қытай түрмесінде отыр дегендердің Қазақстанда тұратын туыстарын тауып сөзге тартқан.

– Олардың туыстарын тікелей әрі жанама іздеуге тырыстық. Мақалада аты аталған адамдардың көбінің жақындары Қазақстанда тұрады екен. Бірақ бәрі пікір білдіруден бас тартты. Себебі түсінікті. Өйткені кейде олардың араша сұраған әрекеті түрмеде жатқан азаматтарға таяқ болып тиюі мүмкін, – деді журналист.

"Шыңжаң" телевизиясы басшысының бұрынғы орынбасары Қанат Ережеп – "Жас Алаш" жариялаған 22 адамның бірі.

Азаттық тізімдегі бірнеше адамның Қазақстанда тұратын жақындарын тауып, сөйлесті. Шыңжаңдағы туысының еш негізсіз, тергеусіз, сотсыз ұсталып, біраз уақыттан бері қамақта жатқанын кемі алты адам растады. Бірақ ешбірі ашық сұхбатқа келіспеді. "Қытайдағы жақындарыма кесірім тиіп кетер", "Менің сұхбат бергенімді біліп қойса, ол жақтағыларға қиын болар" дейді. Үрейленіп қалғаны сонша, аты-жөнін атамауды ғана емес, тіпті Қытайда туысының қашан ұсталғаны туралы деректі де жасырып беруімізді өтінді.

– Ештеңе білмейміз. Себебін де түсіндірген жоқ. Ол жақтағылар ашып айтпай отыр. Әр жерден естіген өсек сияқты, ақпаратты там-тұмдап ғана аламыз. Оның өзі толық емес, – деді Азаттық сөйлескендердің бірі. – Қандай айып тағылғанын, не үшін ұсталғанын біле алмадық. Қай жерде, ол түрме не лагерь ме, оны да анықтай алмай отырмыз. Созылмалы ауруы бар еді, бірақ осы күнге дейін медициналық көмек көрсетілді ме, жоқ па, білмейміз. Бір білеріміз, ол жақтағы туыстарымыз қорқып қалған. Тек "үндемеңдер, тыныш отырыңдар, бәрі реттеледі" дейді. Болды.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ "Әкем Қытай заңына имандай сенетін". Қазақтар мен қырғыздар Қытай "лагерінде" жатқан туыстары туралы

Бұл кісінің айтуына қарағанда, Шыңжаңдағы туысын Қытай сақшылары үйінен ай-шайға қарамай алып кеткен. Содан бері бірнеше ай өтіпті.

Қытай Шыңжаң өлкесінде тұратын түркітілдес мұсылмандарды "тәрбиелеу лагері" мекемелерге жаппай қамап жатқаны алғаш рет 2017 жылы айтыла бастады. Келесі жылы БҰҰ бұл лагерьлерде миллионға жуық адам отырған болуы мүмкін деді. Халықаралық ұйымдар мен Батыс елдері Пекиннің бұл саясатын айыптап, санкциялар жариялады. Қытай сондай-ақ түркітілдес мұсылман азаматтарын мәжбүрлеп ұрықсыздандырып жатыр деп те айыпталды. Пекин бұл айыптың ешбірін мойындамай, Шыңжаңдағы саясатты "экстремизммен күрес", ал лагерьлерді "кәсіпке баулитын орталық" деп сипаттаған еді. 2020 жылы коронавирус пандемиясы басталып, Қытайдағы қамау туралы шағымдар азайғандай болды.

"Жас Алаш" журналисі Жақсылық Қазымұратұлы Шыңжаңда болып жатқан қазіргі жайтты сол 2017-2020 жылдарғы саясаттың жалғасы деп санайды. Бір кездегідей жаппай болмаса да, адамдар ұсталғаны туралы ақпарат ара-тұра шығып тұрды, бірақ кейінгі кезде жиілеп кетті дейді ол.

– Қытайдың қазіргі билігі кезіндегі Совет өкіметінің жалғасы ғой, соның экономикалық тұрғыдан дамыған, техникалық тұрғыдан мығым түрі. Кеңес кезеңінде қалай болғанын білесіз, ақпарат құралына жариялаған әр материалды Орталық комитет қадағалап отырды. Яғни ұлттық мәселені сүзгіден өткізіп барып жариялайтын. Қытайдағы ақпарат та сол сияқты ғой. Түрмеге қамалды деген адамдардың көбі басылымдарда, телеарналарда істеген. Әр хабар, әр жаңалық сүзгіден өтіп жарияланды. Енді араға уақыт салып, ол жазбалардан "гәп табылды" дегенге сену қиын. Меніңше, бұл осы кісілерді ұстап, қамаудың сылтауы ғана, – деді Жақсылық Қазымұратұлы.

"ҚОЛДАҒЫ БАР ЗАҢДЫ ҚОЛДАНА АЛМАУ ЕЗДІК"

Биыл 4 шілдеде Қазақстан астанасында Шанхай ынтымақтастық ұйымының кезекті саммиті өтті. Дәл осы тұста қоғам белсендісі Ауыт Мұқибек Шыңжаңда қамақта отыр деген 17 адамның аты-жөнін, бұрынғы қызметін көрсетіп, Астанаға арнайы сапарлап келген Қытай басшысы Си Цзиньпинге ашық хат жолдаған. Ол Қытай компартиясы жетекшісінен жөн-жосықсыз қудалауды доғарып, Шыңжаң түрмелерінде қамақта отырған қазақтарды босатуға ықпал етуін сұраған.

Қытайдан келген қазақ, белсенді Ауыт Мұқибек.

– Си Цзиньпин жолдас Қасым-Жомарт Кемелұлына үш рет "қымбатты досым" деп айтты. "Қымбатты достар" бірінің елін бірі жәбірлемейді. Құрметтейді. Қалай десе де, Қытайда 1 млн 700 мың қазақ тұрады (Қытай қазақтарының нақты саны белгісіз, көп деректе бұдан аз сан айтылады – ред.). Олар біздің бауырымыз. Президент "әлемнің қай жерінде жүрсе де, ол қазақ бір қазақ, оның тарихи отаны — Қазақстан" деді. Соны Си Цзиньпин естімеді деймісің? Естіді. Қытайдың сыртқы істер министрі де, ең кемінде Қытайдың Қазақстандағы төтенше және өкілетті елшісі де одан хабардар. Қытайдың қазақтарды жәбірлеп, қамайтындай жөні жоқ еді, – деді белсенді.

Ауыт Мұқибек осы мәселені анықтауды сұрап Қазақстан сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеуге де хат жолдағанын айтады. Кейін хаттың Қазақстанның Қытайдағы елшілігінің консулдық бөліміне түскенін білген. Жақында жауап та келген.

"Қазақстанның Қытайдағы консулдығы Қытай тарабымен бірлесіп, отбасымен қауышу тетігін әзірлегенін хабарлаймыз. Осы тетікке сәйкес, сіздің өтінішіңізде көрсетілген адамдардың туыстары eOtinish платформасы арқылы Консулдық бөлімге тікелей отбасымен қауышу мәселесіне көмек көрсету туралы өтініш білдіруге тиіс" делінген ол хатта.

Ауыт Мұқибек кей адамдар eOtinish арқылы өтініш бергенін, жауап күтіп отырғанын айтты.

– 1991 жылғы 16 желтоқсанда қабылданған "Қазақстан Республикасы мемлекеттік тәуелсіздік туралы" Конституциялық заңның 7-ші және 8-бабы шеттегі ұлты қазақ азаматтарға арналған. Сол 8-бапта Қазақстан "шетелдегі қазақтарға рухани, мәдени жағынан көмектеседі, сол мемлекетпен арадағы келісімдер негізінде шетелдегі қазақтардың мүддесін қорғайды" деп жазылып тұр. Шанхай ынтымақтастық ұйымы саммиті өтетін кезде Қытаймен отыз шақты келісімге қол қойдық қой ақыры. Неге біз қазақтар туралы, олардың мүддесін қорғау туралы бір бап немесе бір келісім жасамадық? Неге? Қолдағы бар заңды жұмыс істете алмау деген, меніңше, ездік. Бұл – сорлылық деп есептеймін, – дейді Мұқибек.

Азаттық Шыңжаңда негізсіз қамалды делінген 22 адам жайлы Қазақстан сыртқы істер министрлігінен ресми пікір сұрап, сауал жолдады. Министрліктің ресми өкілі Айбек Смадияров мән-жайды тиісті мамандардан анықтауға уәде еткенмен, жауап болмады. Азаттық сөйлескен, бірақ ашық сұхбатқа келіспеген адамдардың бірнешеуі "сыртқы істер министрлігінен ресми жауап күтіп отырмыз" деді.

"Шыңжаңда қазақтар ұсталып, қамалып жатқаны рас па?" дегенді 31 шілде күні Қытайдың Қазақстандағы төтенше және өкілетті елшісі Чжан Сяо мырзадан сұрадық. Бірден "Ондай болуы мүмкін емес" деген елші Азаттық сауалын соңына дейін тыңдамады. Қайталап қойсақ та жауап бермей, теріс айналып, кетіп қалды.

Қытайдың Қазақстандағы елшісі Чжан Сяо. Астана, 20 мамыр, 2024 жыл.

Қытай — Қазақстанның ең ірі экономикалық серіктесінің бірі. Кейінгі жылдары Астана мен Пекин арасындағы саяси-экономикалық әріптестік күшейіп келеді. Қазақстандық және шетелдік саясаттанушылар "Қазақ-қытай қатынасында Пекиннің ықпалы басым, Астана әлемдік державаға кіріптар" деп есептейді. Қазақстан билігі мен елдегі мемлекеттік басылымдар Шыңжаңда қысым көрген қазақтар тақырыбынан қашқақтайды. Астана оны "Қытайдың ішкі ісі" деп атаған. Дегенмен ресми Астана Қытайдың Алматыдағы консулдығы алдында өткен тоқтаусыз наразылықтардан кейін Қытайда қамауда отыр деген кемі екі адамның Қазақстанға келуіне септескен. "Жас Алаш" басылымы жариялаған тізімде аты-жөні аталған 22 адамның Азаттық сөйлескен туыстары да Қазақстан билігі жақындарымызбен қауышуға көмектесе ме деп үміттенеді.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ "Әкемнің жерленген жерін білмеймін, анам мен інілерімнен хабар жоқ". Шыңжаңдағы жақындарын іздеген музыкант