Азаттық: - Испанияға қалай бардыңыз, шарап жасау ісіне неліктен қызықтыңыз? Бұл өмір бойғы арманыңыз ба әлде ыңғайы келген іс болды ма?
Екатерина Брицкая: - Туризм саласындағы магистрлік бағдарламаны іздеп жүріп, нәтижесінде тамаша үйлесімін таптым: саяхат пен шарап. 2016 жылы WINTOUR бағдарламасы (Erasmus Mundus Masteron Wine Tourism Innovation – ред.) туралы естігендер аз болатын, сол бағдарламаға алғашқы топты іріктеп жатты. Мен тәуекелге бел буып, соған құжат тапсырдым, оным бекер болмады. Erasmus Mundus бағдарламасының толық стипендиясына ие болып, оқуға кеттім. Испания осы салада білім берген алғашқы үш мемлекеттің бірі болды. Екі жыл саяхаттап, Испания, Франция мен Португалия университеттерінде білім алдым, кейін сол жақта қалдым.
Азаттық: - Оқу процесі қалай өтті? Шарап түрлерін татып көруден басқа не тындырдыңыз?
Испандар бизнесі туралы ашық айтады. Кіммен, қандай жағдайда жұмыс істейтінін, экспорт саясаты мен шарап жасаудың қыр-сырын жасырмайды, соған таң қалдым.
Екатерина Брицкая: - Бағдарлама екі жылға созылады. Осы уақыт ішінде түрлі шарап жасайтын аймақтарға бардық, жүзден астам шарап өндірушілерді көрдік. Шарап дайындау ісінің мамандарымен және шарап-туризм менеджерлерімен сұхбаттасып, өнімге талдау жасап, шарап ісінің негізгі әдіс-тәсілдері туралы білдім. Испандар бизнесін қалай құрып, жүргізетіні туралы ашық айтады. Кіммен, қандай жағдайда жұмыс істейтінін, экспорт саясаты мен шарап жасаудың қыр-сырын жасырмайды, соған таң қалдым.
Маркетинг, туризм және тарихтан бөлек, энологияны (шарап туралы ғылым – ред.) зерттедім, өнім піскенде шарап жасайтын жерде жұмыс істедім. Шарап әлемі туралы қалыптасқан романтикалық бейнені бұзғым келмейді, бірақ шарап жасаушының ісі – ауыр еңбек. Бір бокал шарап үшін тәулік бойы еңбек ету керек. Шарап ісінің басты энологы Де Мюллер Джорди Бенито былай дейді: "Менің күнделікті өмірім – үздік шарап үшін марапат алатын бір бақытты күн мен 364 күндік проблемадан тұрады".
Мен Еуропаның үш жоғары оқу орнында – Таррагондағы Ровира және Виргили университетінде (Испания), Бордо университетінде (Франция) және Порто университетінде (Португалия) оқыдым.
Үш мемлекеттің әрқайсысында жарты жылдан білім алдым. Шарап туризмі бойынша магистр дәрежесімен бірге құжаттарды рәсімдеу, бөтен елде жалға пәтер алу, т.б. бюрократиялық түйткілдердің қыр-сырын меңгеру тәрізді қосымша біліміміз бар деп әзілдейміз.
Жаңа ортаға тез бейімделуді үйрендім. Тобымда әлемнің 19 мемлекетінен келген балалар оқыды, таптаурын көзқарастан арылып, басқа мәдениеттің ерекшелігін қабылдауды үйрендік. Осындайда көп ұлтты Қарағандыда өскенімнің көмегі тиді.
Азаттық: - Шарапқа қатысты біліміңізді қайда жұмсасам дейсіз? Болашағыңызды қалай елестетесіз?
Екатерина Брицкая: - Ең үздік шарап іздеушінің гастрономиялық саяхатпен қайда баруы керектігін білемін. Қазір тапсырысқа бірегей турлар бағдарламасын жасап жатырмын. Оған қоса үш бағытта бизнесті дамыту мүмкіндігін қарастырып жатырмын – шарап-гастрономиялық турлар ұйымдастыру, шарап туризмін дамыту саласында консалтинг және жергілікті шағын шарап жасаушылардың Еуразия экономикалық нарығына шығуына көмектесу.
Азаттық: - Испанияда тұру қымбат па? Қазақстандықтар ол жақта қалай күн көре алады?
Екатерина Брицкая: - Испания мен Қазақстанда өмірге қажетті өнімдердің бағасы бірдей. Негізгі азық-түлік бағасында айырма жоқ. Басында бізде таңсық ас саналатын тағамдарды (теңіз өнімдері, хамон, ірімшік пен зәйтүн майы) ол жақта күнде жеуге болатынына қуанасың. Кейін оның теріс жағын байқайсың: біздегі қарақұмық жармасы ол жақта бес есе қымбат.
Мысалы, Каталонияда еңбек нарығы үлкен, бізге қажет мамандар ол жаққа да қажет. Жазда туризмге қатысты бос орындар көп болады. Жұмыс іздеудегі қиындықтар жұмыс істеуге рұқсаттың болмауы мен испан тілін білмеуге келіп тіреледі. Испаниядағы демалыс пен күнделікті өмірді шатастырмау керек. Қоныс аударуды армандайтын адамдарға алдымен осында бірнеше айға келіп, сонан кейін ғана шешім қабылдауға кеңес берер едім.
Азаттық: - Испандар Қазақстан туралы не біледі? Испанияда қазақстандықтар көп пе? Олар немен айналысады?
Екатерина Брицкая: - Испандар үшін де, португалдар үшін де Шығыс Еуропа – "Тақтар таласындағы" [танымал телесериал – ред.] қар басқан солтүстік әлем, ал Орталық Азия мен Ресей – "қабырғаның ар жағындағы" аумақ. Қай жақтан келгенімді айтқанда испандар әдетте үнсіз бас шұлғиды немесе "Ол қай жақта? Қазақтардың түрі қандай? Қазақ тілі бар ма?" деп сұрай бастайды. Португалияда пәтер жалдар кезде қиындық туды, пәтер иесі Қазақстанды Google-ден іздеп, футуристік Астананы көрмейінше келісімшартқа қол қоюға асықпады.
Әрине, бәрі бірдей емес. Шарап саласында жұмыс істейтін, саяхаттап көрген испандар Қазақстан туралы аздап біледі, "Қазақстан – ислам мемлекеті, ол жаққа кіру, шарап сату қиын" дегенді де естідім. "Қазақстан сияқты елдерде шарап өндіру алға басады, жастар Еуропадағы тәрізді шарап ішкісі келеді, ал ақшасы бар егде адамдар қымбат шарап алып, мақтанады. Қазақстанда шарап өндірісін ашар едім…" дегендер де болды.
Испанияда қазақстандықтар көп, соның ішінде қарағандылықтар да жетерлік. Жастардың көбі оқуға келіп, осында қалып қояды. Бұл жақта жұмыс табу жеңіл әрі тез – таныстар арқылы, дұрысы, туыстар арқылы тапса болады. Солай бола тұра, мұнда дәулетті отбасының балаларын тәжірибе мен білімсіз отбасылық компанияда жоғары қызметке тағайындамайды. Мен жұмыс істеген шарап шаруашылығының қожайыны ұлын басқа мемлекетке бармен болып істеуге жіберген, әкесі оның өз бетімен өмір сүріп көргенін қалапты; қазір ол мекемеде қарапайым жұмысшы болып жүр, біртіндеп оны компанияны басқаруға дайындайды.
Азаттық: - Қазақстан азаматысыз ба? Болашақта азаматтықты ауыстыру ниетіңіз жоқ па? Отанға оралуды ойлайсыз ба?
Екатерина Брицкая: - Қазақстан азаматымын, оны ауыстырсам деген ойым жоқ. Не үшін ауыстырам? Бір-екі ай бұрын ғана Қазақстанда болып, достарым мен туыстарымды аралап шықтым. Үйге қайтқым келмейді, соңғы уақытта "үй" деген ұғым қатты өзгерді. Қазақстанға қатысты көзқарасым айтарлықтай өзгерген жоқ, бірақ қазақстандық жаңалықтарды көргенде прогресс көп сияқты, ал шындығында олай болмай шығады.
Азаттық: - Сұхбатыңызға рақмет.