Қазақстанда оқу бітіріп, еңбек жолын бастаған, медицина бойынша шет елдерде ғылыми зерттеу жұмысымен айналысқан, қазір Италияда тұратын жас ғалым өз саласындағы зерттеудің ашықтығы жайлы айтады.
Елтай Рахманов 1985 жылы Қызылорда облысы Арал ауданында дүниеге келген. Ақтөбедегі Марат Оспанов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік медицина университетінің емдеу факультетіне оқуға түсіп, бітіріп шығады. Университетті бітіргеннен кейін сол оқу орнында бір жыл оқытушы болып қызмет істеген. Қазір ол Италияда медициналық генетика диагностикалық орталығында жұмыс істейді.
ШЕТКЕ КЕТУ
Елтай Рахманов магистрлік жұмысын - Италияда, докторлық жұмысын Қытайда қорғаған. Арасында Польшадан тағылымдамадан өтіп, жұмыс істиеген.
Өзінің айтуынша денсаулық сақтау саласын басқару бойынша шетелге шығудың өз ерекшелігі бар. Айталық, клиникалық мамандық бойынша шетелге шығу үшін маман алдымен баратын елде оның құжаттарын нострификациялау міндетті. Ал медициналық мекемені басқару және ұйымдастыру саласы бойынша мұндай талаптар қойылмайды.
- Қазақстанда университетте «Денсаулық сақтау саласын басқару және ұйымдастыру» кафедрасында жұмыс істеп жүріп, түрлі бағдарламалар бойынша құжаттар тапсырдым. 2010 жылы Польшада ғылыми тағылымдамадан өттім. Онан кейін Италияға магистратуға түстім. Онда екі жыл оқып бітіргеннен кейін Қытай үкіметінің грантын жеңіп алдым, - дейді Елтай.
Қытайда докторлық диссертациясын қорғағаннан кейін Елтай қайтадан Польшаға барып жұмыс істейді.
- Докторлық жұмысымды 2016 жылы қорғап онан кейін отбасын құрып, Польшаға келдім. Ол жерде білім беру саласы бойынша бір жыл жұмыс істегеннен кейін Италияға қоныс аудардым. Қазір осындағы ғылыми зерттеу институтында жұмыс жасаймын, - дейді Елтай Рахманов.
АЙЫРМАШЫЛЫҚ НЕДЕ?
Елтай спорт медицинасы саласында докторлық диссертациясын қорғаған. Тақырыбы – спорттық жарақаттар, шеміршек тінінің қалпына келу қабілеті. Докторлық жұмысын қорғағаннан кейін ұсыныс түскен Қазақстанға емес, Польшаға ат басын бұру себебі жайлы ол мынаны айтты.
- Докторлық жұмысымды қорғағаннан кейін Қазақстан тарапынан бірнеше ұсыныс түсті. Бірақ Қазақстанда дербес зерттеу жүргізуге тәжірибем жеткіліксіз болды. Екіншіден, ол жақта кеңестік жұмыс істеу жүйесі әлі сақталып келеді. Яғни кез-келген тапсырмалар жоғарыдан төмен түседі де, төменнен жоғары қарай ұсыныстар болмайды. Мұны мен өзім істеген облыс орталығында басымнан өткіздім, - дейді Елтай Рахманов Азаттыққа.
Елтай Қытай үкіметін коммунистік жүйе басқарып отырғанымен, кеңестік жүйеде қалып қойған қазақстандық білім беру үрдісінен өзгеше екенін айтады. Ол 2013-2016 жылдар аралығында докторлық зерттеу жұмысын Ухань қаласын жүргізген. Ол негізгі зерттеу жұмыстарын ағылшын тілінде жүргізгенімен, пациенттермен тілдесу керек болғандықтан қосымша қытай тілін де меңгерген екен.
- Тағы да айта кететін жәйт, Қазақстанмен көрші орналасқан және коммунистік жүйеде басқарылатын Қытайда жұмыс жасау стилі мүлдем бөлек, - дейді ол.
ҚАРЖЫЛЫҚ АШЫҚТЫҚ
Елтай әуелде өзінің «Қытайда да кейбір шешімдерді Қазақстандағыдай ұзақ күтемін» деп күмәнданғанын жасырмайды. Ал іс барысында «кейбір тапсырыстарды алу үшін Қазақстандағыдай ұзақ күтпегенін» айтады.
...әрбір ғылыми қызметкер, оқытушы қандай шараларға қанша қаражат бөлінетіндігін жыл басында немесе жоба басталардан бұрын біліп отырады
- Қытайдағы зерттеуімнің сәтті болған себебі, ол жерде шешім бірден қабылданады. Яғни менің зерттеуіме немесе оқыту-әдістемелік жұмыстарыма қажетті құралды университет басшылығы жылдам жеткізіп беретін. Әрине, бұл елде ұсыныс та, бәсекелестік те жоғары. Бірақ зерттеу жұмысы мен оқыту үрдісін жеңілдеткен жайттың сыры – қаржыландыру мәселесінің ашықтығында (financial transparency). Яғни, әрбір ғылыми қызметкер, оқытушы қандай шараларға қанша қаражат бөлінетіндігін жыл басында немесе жоба басталардан бұрын біліп отырады. Ал қазақстандық жас ғалымдарға магистрлік, докторлық жұмыстарын толыққанды зерттеуге кеңестік бюрократияға қоса, қаржылық ашықтықтың жоқтығы да кедергі, - дейді ол.
Елтай Рахмановтың қазіргі қызмет орны – Италияның Роверето қаласындағы медициналық генетика диагностикалық зерттеу институты. Онда ол «Генетикалық ақау салдарынан болатын семіздікке спорттың әсері» тақырыбында ғылыми зерттеу жұмыстарын жүргізумен айналысады.