Рахат Әлиевтің өмірі мен өлімі

Рахат Әлиев Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың үлкен қызы Дариға Назарбаеваға 1983 жылы үйленген. Ол кезде Назарбаев Қазақ ССР компартиясы орталық комитетінің хатшысы еді.

Рахат Әлиев 2000 жылдардың басында Қазақстандағы ықпалды саясаткерлердің бірі болды. Мамандығы дәрігер Рахат Әлиев 39 жасында ҰҚК төрағасының орынбасары, кейін президенттің күзет қызметі бастығының орынбасары болды. Ол 2002 жылы Қазақстанның Австриядағы елшісі атанды.

Рахат Әлиев Венада елші кезінде Қазақстанның ЕҚЫҰ-ға төрағалық етуін ұйымдастырып, Астана ол мәртебеге 2010 жылы ие болды.

Рахат Әлиев 2005 жылы Австриядан оралған соң Қазақстан сырты істер министрінің орынбасары болды. 2007 жылы ақпарат құралдары "Рахатгейт" деп атап кеткен шулы оқиғадан соң ол Венаға кетті.

2007 жылы көктемде Қазақстан ішкі істер министрлігі Рахат Әлиевке қатысты қылмыстық іс қозғады. Әлиевке "Нұрбанктің" екі топ-менеджерін (кейін олардың сүйегі табылды) ұрлады, қылмыстық топ құрды және басқарды деген айыптар тағылды. 2007 жылы мамырда Рахат Әлиевке халықаралық іздеу жарияланды. Әлиев өзіне тағылған айыпты 2012 жылы өтетін президенттік сайлауда кандидатурасын ұсынбақ жоспарымен байланыстырған.

2007 жылы сот Рахат Әлиев пен Дариға Назарбаеваны ажырастыруға шешім шығарды. Сотқа Рахат Әлиев қатысқан жоқ. Әлиев пен Назарбаеваның үш баласы бар: Нұрәлі Әлиев, Айсұлтан Назарбаев және Венера Назарбаева.

"Рахатгейт" оқиғасына кейін біраз уақыт саясатта көрінбеген Дариға Назарбаева 2012 жылғы парламент сайлауына "Нұр Отан" партиясы атынан қатысып, мәжіліске өтіп, ондағы комитет басшысы болды. 
 

Қазақстан билігі Австрияға Рахат Әлиевті экстрадициялау жайлы бірнеше рет сұраныс жіберіп, Вена оны беруден бас тартқан. 2007 жылы Австрияда ұсталған Әлиев кепіл төлеп босап шыққан. 
Қазақстанда "Мемлекеттік төңкеріс жасамақ болды" деген айыпқа да ілінген Рахат Әлиевтің ісі құпия. Оған 2013 жылы "2006 жылы оппозицияшыл саясаткер Алтынбек Сәрсенбаевты өлтіруді ұйымдастырды" деген айып тағылған.

Ақорда мен Рахат Әлиевтің арасындағы сегіз жылғы ақпарат соғысында "қазақстандық шенеуніктердің телефон әңгімелері" делінген аудио жазбалар да интернетте жиі жарияланып жатты.

Шетелде жүрген Рахат Әлиев "Өкіл қайын ата" атты кітап жазып, Қазақстан саясаты туралы пікірін білдірді. Қазақстанда бұл кітапқа тыйым салынып, оны таратқандарға қылмыстық жауапкершілік тағайындалды.

Рахат Алиев 2014 жылы маусымда Венада тұтқындалды. Оның "Австрия билігіне өз еркімен берілгені" хабарланған. 2014 жылдың соңында Австрия прокуратурасы қазақстандық банкирлердің 2007 жылғы қазасына байланысты Рахат Әлиевке айып тақты.

Рахат Әлиев көз жұмарынан бірер күн бұрын Facebook-парақшасында марқұм әкесіне - биыл 12 қаңтарда 82 жасында қайтыс болған Мұхтар Әлиевке жазған хатын жариялаған.