Ресей алтын белдігі қазақстандық туристің көзімен
«Ресей алтын белдігінде» орналасқан қалаларға сапарын Азаттық тілшісі Иванов облысынан бастады. Қалаға жақын жердегі жартылай құлаған ескі шіркеуді жергілікті тұрғындар көрікті орынға жатқызады. Ел арасында «қалыңдықтар мекені» атанған Иваново қаласы Ресейдегі тоқыма орталығы саналады, мұнда туристер жиі келеді.
Ресейдің ішкі жағындағы деревняларда ағаштан тұрғызылған үйлер ою-өрнегімен көз тартады. Кейбір үйлердегі кескін-суреттер орыс халық ертегілерін еске түсіреді. Иванов, Кострома және Владимир облыстарындағы елді мекендерде ондай үйлер өте көп. Кейде қаңырап тұрған үйлер де көзге шалынады.
Вичуги – 37 мың тұрғыны бар шағын қала. Батпақтың үстіне салынған, ауасы ылғал қалада маса-шіркей көп. 19-ғасырда бұл өңір ірі өнеркәсібі бар көпестерімен аты шыққан. Суретте: бір кездері ірі өндіріс орны болған тоқыма фабрикасының ғимараты.
Вичугада әр жерден жол жиегіне тасталған қоқыстар кездеседі. Тұрғындар мен жергілікті билік пайдалану қызметінің ақысына қатысты келісімге келе алмай жүрген қалада бұл көкейкесті мәселелердің біріне айналған. Қалада қоқыс салатын ыдыстар көзге түспейді. Тұрғындар қоқысты қапқа салып жол жиегіне шығарып қояды. Оларды кешкісін «қоқыс тасығыш» көлікпен келген жұмысшылар қолмен жинап, күресінге алып кетеді.
Ресейдің қазіргі президенті Владимир Путин туралы жазуларды үй қабырғаларынан жиі көруге болады. Жергілікті тұрғындар сырттан келгендерге сақтықпен қарайды. Азаттық тілшісімен әңгімелескен тұрғындар оның «гүлденген және дәулетті Қазақстаннан» Ресейге көшіп келу ниеті бар-жоғын сұрады. Іле-шала бұл жерде «өзімізге де жұмыс жоқ» деп шағынды.
Романовтар әулетінің атамекені саналатын Костромада туристер 500-ден астам тарихи және сәулет ескерткіштері орналасқан қала бөлігін көруге ынтығады. Балаларымен бірге келген туристерге жергілікті тұрғындар Ақшақар отауын аралап шығуға кеңес береді.
Костроманың әр жерінен кәдесый сататын шағын дүкендерді кезіктіруге болады. Онда тастан, қабықтан, ағаштан жасалған әртүрлі әшекей бұйымдар сатып алуға болады. Сонымен бірге, Кострома шайы, орамал, пима, ағаштан дайындалған ойыншықтар мен ыдыстар, жүн мен табиғи зығырдан тоқылған түрлі бұйымдар бар.
Туристер жиі баратын орындардың бірі – Кострома діни монастырлері. Солардың бірі – қаланың орталық бөлігіндегі 1426 жылы тұрғызылған Богоявленск-Анастасия әйелдер монастырі. Сонымен бірге Костромада Романовтар әулетінің резиденциясы болған, іргетасы 1330 жылы қаланған Ипатьев монастырі де бар.
Владимир облысындағы Суздаль қаласы – саф ауасы және көрікті табиғатымен тәнті ететін, «музей-қала» немесе «ертегі шахары» деуге лайықты жер. «Ресей алтын белдігіндегі» ең көне қалалардың біріне әлемнің әр түкпірінен туристер жиі келеді. Мұнда 12-19 ғасырларда салынған 200-ден астам архитектура ескерткіштері сақталған. Олардың кейбірі ЮНЕСКО-ның әлемдік мәдени мұралар тізіміне енгізілген. Қалада өнеркәсіп орындары жоқ, ал ғимараттардың биіктігі екі қабаттан аспайды. Үйлердің көпшілігі ағаштан тұрғызылған.
Осында келген туристер Суздаль жерінде көне заманғы деревнялардағы адамдардың тұрмысы тарихынан хабар алады. Мұндағы ескі үйлер, шіркеулер мен қосалқы сарайлардың барлығы тек ағаштан тұрғызылған.
Осында келетін туристердің арқасында күнкөрістік нәпақа тауып отырғанын Суздаль тұрғындары жасырмайды. Сондықтан бұл өңірде туристерді әрдайым құшақ жая қарсы алады. Олар қонақтарға ат жеккен пәуескемен ақылы қызмет көрсету, әртүрлі кәдесыйлар, қолөнер бұйымдарын сату арқылы табыс табады. Тіпті мейманның қалауы бойынша жергілікті қолөнершілер қыштан ыдыс жасаудың қыр-сырын көрсетіп, қайың қабығынан шәркей тоқуды да үйретеді.
Суздальда табиғи талшықтан тоқылған ою-өрнекті орамалдар, Гжель фарфорынан дайындалған ыдыстар, бүйіріне әшекей-сурет салынған ағаш тостағандар мен өзге де бұйымдар және кәдесыйлардың небір түрі сатылады. Туристерге мұнда орыс құймағы мен Суздаль пірәндігін, сонымен бірге балдан дайындалған әртүрлі сусындар ұсынады.
Биік белестерде орналасқан Плес қаласы қорық мәртебесіне ие. Шетелдік және ресейлік туристерге бұл өлке орта ғасырлық сәулет үлгілері сақталған үйлерімен танымал. Тұрғындардың айтуынша, Плесте жоғары шенді шенеуніктер немесе ауқатты адамдар ғана тұрады немесе осында демалысын өткізуге келеді. Бәлкім, сондықтан шығар, Суздаль немесе Костромамен салыстырғанда бұл жердегі баға қымбат.
Плесте бір кездері осында тұрған белгілі орыс суретшісі Исаак Левитанның тауы бар. Плеске саяхаттап келген адам суретшіге қойылған ескерткішке барығысы келсе әлгі таудың басына ағаш баспалдақтармен шығады. Ол жерге суретшілер жиі келеді.
Левитанның «Мәңгілік тыныштық үстінде» суретінде бейнеленген шағын шіркеу 16-ғасырда осы жерге тұрғызылған. Бірақ кейін өртеніп, орнына 1699 жылы ағаштан Воскресенск шіркеуі салынған. Оны мұнда қазіргі Иванов облысы Бирюково селосынан көшіріп әкелген. Осындағы жалғыз монах әйелдің сөзінше, ескі шіркеуді қалпына келтіруге Ресей премьер-министрі Дмитрий Медведев көмектескен.
«Ресей алтын белдігіндегі» елді мекендерді аралғанда туристер қайыққа мініп, өзен бойымен де серуенге шығады.
«Ресей алтын белдігі» елді мекендеріне сапар соңында ел астанасы Мәскеуге соқтық. Қызыл алаңда қыдырып жүргендердің арасында шетелдіктер жиі кездеседі. Оларға Ресейдің әр аймағында дайындалған кәдейсый өнімдерін сатып алуды ұсынған сауда орындары мұнда да көп. Кремльге жақын бару үшін полицейлердің мұқият тексеруінен өтуге тура келді.