Accessibility links

Қазақстан үкіметінде «Сайлау туралы» заң жобасы пысықталды


Сейсенбі күні өткен Қазақстан үкіметінің отырысында “Сайлау туралы” заң жобасы талқыланды. Бұл жобада сайлау комиссияларының құрылу тәртібін өзгертіп, қазірде қолданыста жүрген заң нұсқасында қарастырылған бірқатар шектеулерді алып тастау көзделген дейді Қазақстанның әділет министрі Оңалсын Жұмабеков. Оның айтуынша “Округтік сайлау комиссиялары облыстық маслихаттардың шешімімен құрылады, ал учаскелік сайлау комиссияларын аудандық және қалалық сайлау комиссиялары құрады. Атқарушы билік органдары бұл процеске араласпайды, олар тек ұсыныс қана бере алады. Сол секілді, қазіргі заңда қолданылып жүрген сайлау алдындағы бір жылдың ішінде әкімшілік немесе тәртіптік жауапкершілікке тартылған азаматтардың сайлауға түсе алмайтыны туралы шектеу де алынып тасталады”.

Сонымен бірге әділет министрлігінде тіркеуден өткен саяси партиялардың әрқайсысына сайлау комиссияларының құрамына бір-бірден өз өкілін енгізуге құқық беру көзделген. Заң жобасындағы тағы бір жаңалық – аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы мен хатшысы өз қызметтерін тұрақты кәсіби негізде атқаратыны белгіленген. Бұл жаңа өзгеріс жыл сайын 540 млн теңге көлемінде қаржыны керек етеді. Сонымен бірге, сайлауға түсетін үміткерге мемлекеттік емес қаржы көздерінен сайлау қорын қалыптастыруға рұқсат етілмек. Бірақ, ол қорға түсетін қаржылардың кімдерден келгені айқын болуы шарт, яғни, үміткердің сайлау қорына аты-жөнін көрсетпей ақша аударуға тиым салынады.

Сайлау барысын қадағалауға тілек білдірген шетелдік бақылаушылар кемінде дауыс беруден 15 күн бұрын тиісті рұқсат қағаздарын алып үлгеруі тиіс. Алайда, шетелдік бақылаушылар Қазақстан заңдары мен сайлау туралы халықаралық ереже талаптарын бұзған жағдайда Қазақстан жағы оларды сайлауды бақылауға қатыстырмау туралы шешім шығара алатыны жобада атап көрсетілген.

Сондай-ақ, шетелдік азаматтар мен халықаралық ұйымдардың, шетелдің заңды және жеке тұлғалары мен шетелдік мемлекеттік мекемелердің және азаматтығы жоқ адамдардың Қазақстандағы сайлау барысында қоғамдық пікірді зерттеуді жүргізетін әлеуметтанушыларға, тәуелсіз бақылаушылар мен журналистерге қаржы бөлуіне тиым салынатыны жазылған.

Сейсенбі күнгі үкімет отырысында қаралған «Сайлау туралы» заң жобасын республика жұртшылығының талқысына ұсыну үшін жақын арада жобаны елдің орталық бұқаралық ақпарат құралдарында жариялау туралы шешім қабылданды.
  • 16x9 Image

    Кенжебек НҰРҚАСЕНҰЛЫ

    Кенжебек Нұрқасенұлы - 1967 жылы туған. Семей мемлекеттік университетін тәмамдаған.
    Семейдегі «ТВК-6» телеарнасында, «СолDAT» газетінде, «Қазақ тарихы» журналында жұмыс істеген. Азаттық радиосында 2001 жылдан бері еңбек етеді. 

XS
SM
MD
LG