Accessibility links

Жер қойнауына қатысты келісім-шарттар өзгермейді


Қазақстан үкіметінің жетекшісі жер қойнауына қатысты осы уақытқа дейін жасалған келісім-шарттардың өзгертілмейтінін мәлімдеді.

Жер қойнауын пайдалануға қатысты Қазақстанда осы уақытқа дейін жасалған келісім-шарттар өзгертілмейді. Маусым айының 24-і күні Астанада өткен Қазақстан үкіметінің кезекті отырысында республиканың жуырда жаңадан тағайындалған премьер-министрі Даниал Ахметов осылай деп мәлімдеді. Өз сөзінде үкімет жетекшісі бұл мәлімдеменің мұнай саласына да қатысты екенін атап айтты.

«Әрине, біз болашақты мұқият бағдарлап, Қазақстан жағының үлесін ұлғайтып, мүддесін қорғауды нығайтуымыз керек. Бұл жұмыстарды аз уақыттың ішінде жолға қоюға біздің шамамыз жетеді деп санаймын» деді Даниал Ахметов. Сонымен бірге ол «қолайлы инвестициялық жағдай қалыптастырғысы келген ел өзінің осыған дейін мойнына алған міндеттемелерін қайта қарауы тиіс еместігін» тағы да атап өтті.

Сейсенбі күнгі үкімет отырысының күн тәртібінде бір ғана мәселе - маусымның 17-күні премьер-министрдің өкімімен құрылған жұмыс тобы әзірлеген үкімет бағдарламасы туралы баяндаманың жобасы қаралды. Қазақстан Республикасы Конституциясының 67-ші бабына сәйкес, жаңадан жасақталған үкімет бір ай мерзім ішінде республика парламентіне өзінің бағдарламасы туралы баяндаманы әзірлеп ұсынуы тиіс.

«Бұл бағдарлама жобасы республика Президентінің әлеуметтік-экономикалық саясатының негізгі қағидаларын жалғастыруды көздейтін мираскерлік тұрғыда жасалынды» деді Қазақстанның бас министрі Даниал Ахметов. Оның айтуынша үкімет барлық жаңа бастамаларды дүниеге әкелетін қозғаушы ретінде елдегі жеке бизнесті бәсекелестікке төтеп бере алатындай және олардың экспортқа негізделген өнім шығаратын өндіріс түрлерін құруына дем беретіндей итермелеуші күш болуы тиіс. Бұл үкіметтің басты міндеті, ал басқалары тек осыдан туындайтын нәрселер» деді Қазақстанның премьер-министрі Даниал Ахметов.
  • 16x9 Image

    Кенжебек НҰРҚАСЕНҰЛЫ

    Кенжебек Нұрқасенұлы - 1967 жылы туған. Семей мемлекеттік университетін тәмамдаған.
    Семейдегі «ТВК-6» телеарнасында, «СолDAT» газетінде, «Қазақ тарихы» журналында жұмыс істеген. Азаттық радиосында 2001 жылдан бері еңбек етеді. 

XS
SM
MD
LG