Accessibility links

АҚШ пен Европа одағының жылдық саммиті Ирак мәселесінен басталған араздықты доғаруға тырысады


Сәрсенбі күні Вашингтонда АҚШ пен Европа одағының жылдық саммиті басталады. Бұл жиынның мәні – екі алып серіктес Ирак мәселесінен басталған араздықты біржолата доғаруға тырысады. Ауыл шаруашылық реформасына шейін кең көлемдегі басқа мәселелер мұқият қаралмақ.

АҚШ президенті Джордж Буш басқаратын жиынға Европа комиссиясының президенті Романо Проди және Европа кеңесінің президенті Констандинос Симитис басқаратын делегация қатысады. Европа одағының Грекия саммитінде одақтастар Америкамен қарым-қатынасты қайта түзеуге ниет танытты. Грекия сыртқы істер министрі Джордж Папандреу Вашингтон жиынының қарсаңында арнайы мәлімдеме таратып, екі жақты қатынасты барынша реттеуге шақырды, қарабайыр деңгейге шейін барған алауыздықты доғаруға үндеу айтты. Екі алып одақтастың серіктестігіне тек Ирак соғысына бола зиян жасалған жоқ, арада бірнеше даулы мәселе шешімін таппай келеді.

Вашингтонда орналасқан Халықаралық және Стратегиялық зерттеулер институты Европа бағдарламасының директоры Симон Серфети трансатлантикалық одақтастардың сауда қатынасы күрт нашарлап, мәселе үстіне мәселені қабаттастырып отыр дейді.

- Америка мен Европа Одағы сауда қатынастарының жақсы нышаны ретінде екі жарым миллиард долларды таппай отырсақ, ары қарай не болатынын білмеймін. Қарым қатынас өте нашарлап кетті. Бұған ұқсас жағдайды еш жерде көрмейсіз. Онсыз не Америка Құрама Штаттарында біз ешнәрсе істей алмаймыз, не европалықтар ешнәрсе істей алмайды. Бұл жағдайды екі тарап түсінбей отыр, - дейді Симон Серфети.

Америка мен Европаның қарым қатынасы тек экономика жағынан не болмаса Ирак мәселесінен ақсаңдап жатса әлде қайда оңай болушы еді, әрине. Америка, айталық, ауа райының ластануын шектеуге бағытталған Киото келісіміне қосылмай қойды, Халықаралық қылмыс сотына толық атсалыспайды. Европа одағының сыртқы саясат үйлестірушісі Хавиер Солана кіргізген ұсыныс бойынша, Европа мен Америка терроризмге қарсы соғыста және жойқын қаруды тараптаудың алдын алуда серіктес атанбақ. Бұған түрткі болған жаңа жағдай – Иранның күдікті атом бағдарламасының мәселесі. Европа мен Американың бірауыздығы – ресми Тегеранға қатаң талапты бірлесе қоюда табылды.

Үшінші әлемдегі ашаршылықты қысқарту мәселесінде болса Америка генетикалық жетілдірілген дәнді-дақылдарды өндіруге шақырып келеді. Европа басшалары мұны қабылдамайды, денсаулыққа зиян келтіріп алмау қамын алға тартады. Мамыр айында сөйлеген бір сөзінде президент Буш биологиялық технологияны тезірек іске асыруға шақырды. Пестицид тыңайтқыштарын қосуды күрт азайтып, жаңа әдістеменің арқасында Африканың аса ыстық ауа райының жағдайында аса көп өнім жинауға болады, деп біледі АҚШ әкімшілігі.

- Ашаршылықтан қор болып отырған Африканың қамы үшін Европа үкіметтерінен биологиялық технологияға қарсылықтарын тоқтатуға шақырамын, - деді президент Буш.

Биологиялық технологияны Үшінші әлем мемлекеттері қазір қолдана алмайды, мұндай жағдайда өнімді Европа базарына кіргезе алмай қаламыз деп алаңдайды. АҚШ әкімшілігі Дүниежүзілік сауда ұйымынан Европа базарын африкалық мемлекеттерге кеңірек ашуды сұрады. Биотехнологияны қабылдау-қабылдамау ғылыми-шаруашылық мәселесі саяси дау-дамаймен қабаттасып ерекшеленді. Калифорния штатының Сакраменто қаласында дүйсенбі күні осы мәселеге арналған конференция басталған-ды. Буш әкімшілігінің бастамасына жүздеген шеруші қарсылық танытты. Европа одағының ресми өкілдері болса жиынға келмей қалды.
XS
SM
MD
LG