Accessibility links

Қазақстан мен Әзербайжанды "мұнай қарғысы" атпай ма?


Каспий теңізінің болашақ мұнайынан шалқып байимыз деген Қазақстан мен Әзірбайжанның үміті ақтала ма?

"Ашық қоғам институтының" ұсынысы бойынша талдау жасаған ғалымдар бұған қатты күдіктенеді. Айталық, мұнай табысынан тұрмысы жақсарады деген африкалық мемлекеттерде қазір кедейлік күрт өсіп кетті. Мұнай кәсіпорындары мен құбыржолдары қантөгіс аймақтарына айналды.

Қазақстан мен Әзірбайжанды "мұнай қарғысы" атпай ма? Нью-Йоркте орналасқан "Ашық қоғам институты" Орталық Азия жобасының шеңберінде 26-шы маусымда ұйымдастырылған пікір алысу осы мәселеге арналды. "Еурейжә вью" ақпарат орталығы хабарлағандай, сарапшылар бұл тақырыпты Африка мемлекеттеріндегі нақты мысалдарда қарастырды. Бұған бірден бір себеп - Қазақстан мен Әзірбайжанда айтылып жатқан қызыл сөз Африкада кезінде күнде естілетін.

Оливер Моком деген талдаушы Чад пен Камерун мемлекеттерін жалғастырған алып мұнай құбыржолын мысалға келтірді. Құбырды американдық "Эксон-Мобил" компаниясы 15-ші шілдеде толық салып бітпек. Құбыржолдың бойы экологиялық және әлеуметтік дағдарыстың аймағына бүгіннің өзінде айналды. Мектеп пен ауруханаларды салып береміз деген "Эксон-Мобил" сияқты демеушілердің уәдесі далада қалды.

Светлана Цалик сияқты басқа талдаушылардың пайымдауынша, мұндай көрініске Қазақстан мен Әзірбайжанның тап болуы ғажап емес. Каспий теңізінің төңірегіндегі мұнай шаруаларында жариялылық әу бастан жоқ, дейді Светлана Цалик.

"Экономикалық алғабасуда Әзірбайжан тек мұнайға қарап отыр. Ал мұнай қоры бұл мемлекетте енді жиырма жылдан кейін таусылуы мүмкін. Берекелік қамымен, Әзірбайжанда Мемлекеттік мұнай қоры құрылған. Алайда оның ақшасын жұмсау билігі негізінен президент Ғейдар Әлиевтың әкімшілігіне тәуелді. Қоғамдық бақылаудың әлсіздігі бұл қорды саяси құйтырқы қимылдардың құралына айналдырды. Ал шешілмей жатқан мәселе Әзірбайжанда шашетектен. Таулы Қарабақ мәселесі, жүздеген мың босқынның мәселесі әлі шешілмеді. Әзірбайжанға экономикалық дағдарыс келсе – мұның барлығы апат болып бұрқ ете түсуі мүмкін", - дейді Светлана Цалик.

Сонымен қоса, Светлана Цалик Қазақстандағы бүгінгі ахуалды мұқият зерттегенін көрсетті. Асылы, Каспий теңізінің қарама қарсы жағалауларында орналасқан екі мемлекет бір- бірінен алысқа кетпеді.

"Табиғи байлықтардың табысын Қазақстанда тек үкімет бақылайды. Бұл тікелей коррупцияға апаратын жол. Бұған Америка Құрама Штаттарында екі қазақстандық басшыға қатысты өтіп жатқан сот тергеуі дәлел. Қазақстанның аса бай табиғи қорларынан үлкен табыс түсіп жатса да, қазақстандықтардың көпшілігіне оның әсері тиген жоқ. Мұнайлы өлкенің бірі Маңғыстау облысында, мысалы үшін, жұмыссыздықтың деңгейі шамамен 87 процентке жетті", - дейді Светлана Цалик.

Мұнай қарғысына душар болмас үшін, шетел мұнай компаниялары әміршіл әкімшіліктердің емес, демократиялық реформалардың қамын ойлау керек. Мұнай табыстарын бақылауды әлсіретпеу үшін, еркін баспасөз қажет. Өкінішке қарай, не Әзірбайжан, не Қазақстан мұнай табыстарын келешек ұрпақтарға бағыттап отырған жоқ, дейді Светлана Цалик.

"Католик көмек мекемесінің" сарапшысы Иан Геридің пікірі осыған сабақтас. 2013-ші жылға дейін Қазақстан мен Әзірбайжан екі жолдың бірімен кетуі мүмкін. Бірінші жорамал бойынша, бұл елдерді сыбайласқан жемқорлық, қақтығыстар мен жаппай кедейлік басып кетеді. Бұған балама жорамал – ғаламдық деңгейдегі мұнай компаниялары жариялылықты ұлғайтады, қоғам алдында толық есеп беруді әдетке айналдырады, сөйтіп жағдайды жақсы жолға бұрады.

Сондықтан, дейді Иан Гери, қоғамдық ұйымдар мен мұнай компаниялары тығыз байланыс орнату керек, үкіметке не үшін қанша ақша төлеп отырғандарын мұнай компаниялары толық жариялауды дағдыға айналдыру керек.

Қазақстан мен Әзірбайжанда болуы мүмкін дағдарыстың алдын алудың тағы бір жолы, дейді Иан Гери, бұл мемлекеттерге несие беруді адам құқықтарының жағдайы және қаржы жұмсалуының жариялылығымен тығыз байланастырса ақыл болады. Дүниежүзілік банк және Халықаралық ақша қоры несие алудың шарты ретінде азаматтық қоғамның орнатылуын талап етсе жөн, дейді Иан Гери.
XS
SM
MD
LG