Accessibility links

Ирақта табылып жатқан ортақ көмбелерде кімдер жатыр?


Осы күндері өтіп жатқан тергеуде бұл сұрақтың шешімін табу өте маңызды. Саддам Хұсейннің билігінің кезінде адамдар Ирақта мыңдап жоғалып тұрды. Олардың тағдыры енді толық анықтала ма?

Ирақта жоғалған адамдар бірнеше топқа бөлінеді. Құғын-сүргіннің екі аса үлкен толқыны болды – 1980-1988-ші жылдардағы Иран соғысынан кейін және 1991 жылғы Парсы шығанағы соғысынан кейін. Күрдтер тұратын солтүстік аймақтың халқы аса көп зардап шекті. Иран-Ирақ соғысының кезінде рухтана түскен күрд партизандарын Саддам Хұсейн есін жиып алған соң аяусыз қырғызды. "Хьюмен Райтс Уотч" ұйымы шамамен 100 мың күрд өлтірілді деп есептейді. Күрд ресми өкілдері болса "Анфал операциясы" деген атаумен белгілі қырғында 182 мың адам жоқ болып кетті дейді.

1991 жылғы Парсы шығанағы соғысы кезінде оңтүстік пен орталық аймақтардағы шиит мұсылмандары Саддам Хұсейн кете қоятын шығар деп қанаттанды. Олардың үміті ақталмады. Саддам Хұсейн болса соғыстан кейін жаппай құғын-сүргінмен жауап қайтарды. Өлтірілген ондағын мың шииттке Хилла және Мұсаиб қалаларындағы көмбелерде табылған тағы 3500 құрбан қосылды. Иран соғыстан соң Ирақ тұтқынынан 2800 ден аса азаматымыз қайтпады дейді. Кувейт 1991 жылғы соғыстан кейін Ирақ тұтқынынан 600 ден аса азаматымыз оралмады дейді. Бұл соғыс тұтқындарының кейбіреуі табылып жатуы да мүмкін. Дегенмен, ДНК-тексерулері жоғалып кеткен кувейттіктердің сүйектерін анықтауға септігін тигізіп жатыр.

Ирақтағы тергеу жұмыстарына бір қатар құқыққорғаушы және бейүкіметтік ұйымдардың мамандары, одақтастар әскерінінің мамандары атсалысып жатыр. "Өтпелі кезең әділеттігінің халықаралық орталығы" деп аталатын американдық ұйымның бағдарлама директоры Пол Ван Зіл әр ашылған жаңа көмбе Саддам Хұсейннің қанаушы билігі жөніндегі ең нашар пікірімізді ұлғайтып отыр дейді.

- Бұл - біз тап болып жатқан көп сұмдықтың бірі ғана. Көптеген аймақта Ирақтың билігіне қарсылықтың бірнеше кезеңі болғанын байқап отырмыз. Құғын сүргіннің де шегі болмаған, - дейді Пол Ван Зіл.

Құқықорғаушы ұйымдар Саддам Хұсейннің үкіметінің қолынан шамамен 300 мыңдай адам қаза болып, ортақ көмбелерде жасырылды деп біледі. Ешбір мәлімет ресми дәйектелмесе де, олардың ұлғая түстетін түрі бар. Ирақ билігі соңғы жылдары халықаралық бақылаудан мүлдем жұрдай болған. Біріккен Ұлттар Ұйымының Адам құқықтары жөніндегі Жоғары комиссариатының аға кеңесшісі Мона Ришмауи құрдымға кеткен халықтың саны үш жүз мыңнан кем емес дейді:

- Құрбан болған адамдардың санын ешкім білмейді. Жұрт мәліметті толықтырып отыр. Құрбандардың саны екі жүз мыңға жетіп, одан да асып кетеме деймін. 200 мың мен 300 мыңнын арасында болуы ықтимал деп айтар едім. Бұл артықтау айтылған мәлімет емес, - дейді Мона Ришмауи.

Саддам Хұсейннің үкіметінің ісі мұсылман ұғымына, адамзат сипатына жат деп пайымдайды Кувейт дипломаты Мансұр Әл Отайби. Бұл кісі - Кувейттің Біріккен Ұлттар Ұйымындағы елшісінің орынбасары. Кувейт Ресейдің арағайындығымен Ирақ тұтқынында қалып қалған азаматтарын қайтаруға көп талпыныс жасады, алайда бұдан түк шықпады.

- Бұл шынында да нәубет. Бұл арабтардың болмысына түсініксіз нәрсе. Бұл араб билігінің, мұсылмандардың өз халқына, көршілес араб мемлекетерге істеген қастандығы. Бұл сүйектер кімдердікі екенін анықтаған соң нақты дәлелдерге қол жеткіземіз. Саддам Хұсейнді қолдайтын кейбір ресми өкілдер мен басқа тұлғалар әйтпесе ісімізге күмән келтіріп отыр, - дейді Мансұр Әл Отайби.
XS
SM
MD
LG