Accessibility links

Ирақтағы көрініс соғыстың жаңа келбетін сипаттайды


Ирақтағы АҚШ және Британия әскерлеріне соқтығу доғарылмай келеді. Бұл қарсылық бір жерден ұйымдастырылып отыр ма, әлде бұл жеке топтардың жеке әрекеттері ме?

"Азаттық" радиосына талдау жасаған сарапшылар Ирақтағы көрініс соғыстың жаңа келбетін сипаттайды дейді.

Ирақ соғысы аяқталды деп АҚШ президенті Джордж Буш бірінші мамырда жариялағалы бері осы елде кемінде жиырма тоғыз американдық және алты британдық сарбаз қаза тапты. АҚШ әкімшілігі Ирақта соғыстан кейін тыныштықты орнату оңай болмайды деп пайымдаған. Ирақтың біраз жұрты Саддам Хұсейнге әлі де болса бүйрек бұрады, оның үстіне қару-жараққа қол жеткізу бұл елде қиын емес. Ирақтағы тыйылмай жатқан қарсылықты АҚШ қорғаныс министрі Дональд Рамсфельд өткен аптада былай сипатады:

- Баас партиясы билігінің қалған тұяқтары және федауин жанкештілері халықтың ішіне сіңіп кетіп, террористік ұйымдарда қайта бас қосты. Бұл соңғы жауынгерлерге қарсы бар жігерімізді салып жатырмыз. Ауғанстанда қалған "Әл Қаида" мен " Талибанның" қалдықтарын қалай құртып жатсақ, бұл жерде де сондай.

АҚШ қорғаныс министрі, сондай ақ, Ирақта шиит мұсылман ұйымының қарулы жасағы әсіре белсенділік танытып отыр, бұл ұйымға Иран қолғабыс жасап отыр деп сипаттады. Дегенмен, ресми Вашингтон Ирақтағы қарсылық бір орталықтан жүйелі түрде жүргізіліп отыр деп алаңдайды. Конгресстің кейбір мүшелері Ирақтағы әскердің қатарын 150 мыңға шейін қалыңдату керек деп ұсыныс айтты.

АҚШ сыртқы істер министрлігі және қорғаныс министрлігінің барлау жөніндегі бұрыңғы кеңесшісі Энтони Гордесман Ирақтағы бүгінгі жағдай соғыстың жаңа болмысын танытып отыр дейді. Қарадай қаптайтын әскерлердің ауыр шайқастары бара-бара ығысып жатыр, Ирақтағы бүгінгі жағдайды жұрт қақтығыстың жаңа түрі деп қабылдау керек, дейді Энтони Гордесман:

- Бұл - 21 ғасырдың көптеген тұсында тап болатын соғыстың жаңа сипатын анықтайтын нақты ерекшеліктер. Әрине, әскери жеңістің маңыздылығын бұл кемітпейді. Бұл тек жаудың жеңілмегенін білдіреді. Бұл деген сөз – соғыстан кейінгі күресті жалғастыра алатын басшылар мен нышандарды сіз жоя білуіңіз қажет.Соғыстың жаңа түрі көрсетіп отырғандай, жеңілген әскердің сарбаздары әскери киімдерін қарапайым киімге ауыстырып, қарсылығын жалғастыруға әуес. Оларға кейбір қатардағы азаматтар қосылып, соғыс қимылдарында пайдаланылып жүр. Асылы, мұндай азаматтарды Женева келісімі нысанаға алуға рұқсат еткен. Қару атқан азамат әскери киім киді ме, жоқ па – бұл сұрақ қажетсіз боп қалады.

Қарсылық бір орталықтан басқарылса, оны Саддам Хұсейннің тыңдырып отыруы мүмкін. Сондықтан АҚШ оның не өлі, не тірісін анықтаса жөн. Ирақтықтардың біраз бөлігі Саддам Хұсейн қайтып келеді деп азын-аулақ үміт артса, ирақтықтардың басым көпшілігі бұдан, керісінше, сескенеді. Оның үстіне "Әл Жазира" араб телекомпаниясы Саддам Хұсейннің дауысы деп жақында бір аудиотаспаны жариялады. Ондағы азамат Ирақ халқын жаппай қарсылыққа шақырады. АҚШ Орталық барлау басқармасы таспадағы дауыс Саддамдікіне ұқсайды, дегенмен нақты айту қиын дейді.

АҚШ-тың бұрыңғы вице-президенті Ал Гордың ұлттық қауіпсіздік кеңесшісі Леон Фьюс жаппай қарсылықты тәуелсіз ұйымдар жасап отыр ма, жоқ па анықтау өте маңызды дейді. Мысалы, кейбір топтардың ең биік талабы – тек АҚШ пен Британия әскерінің елден кетуі, олар қақтығысқа әуес емес.

- Ирақтағы қарсылық бір жерден ұйымдастырылғанын мойындауға тұра келеді. Бұл әрекеттің негізгі мақсаты – Американың саяси жігерін ақсаңдату, Ирақ халқының бізбен серіктес болуға ұмтылысын доғару, - дейді Леон Фьюс .

АҚШ әкімшілігі Ирақта тыныштық оңай орнатылмайтынын жалпы ескерткен болатын. Саддам Хұсейннің жеке басының мәселесін анықтау қазіргі тұста өте маңызды, дейді Леон Фьюс.
XS
SM
MD
LG