Accessibility links

Тони Блейер Ирақ соғысы нақты себептен басталды деп парламентті тағы сендірді


Ирақ мәселесі әу бастан бекер көтерілді деген әңгіме Америка Құрама Штаттары мен Британияда осы аптада тағы серпіліс алды.

Британия бас министрі Тонни Блейер мәселе бойынша тергеу жүргізген парламенттің алдында есеп берді. Президент Джордж Буштың соғыс алдында Британия барлау қызметіне сілтеме жасаса, ол баяндамада біраз қате болған, деп жазады "Вашингтон пост" газеті. Тонни Блейер мұндай жорамалдың барлығын жоққа шығарады.

Саддам Хұсейн Нигер мемлекетінен уран сатып алу әрекетін жасады деген Британия барлау мекемесінің баяндамасында жеке мәліметтің қате болғанын АҚШ әкімшілігі сәрсенбі күні мойындады. Дегенмен, Нигер мемлекетінен бе, жоқ басқа африкалық мемлекеттен бе Ирақ атом бомбасының затын іздеді деген мәлімет – үлкен даудың бір ғана бөлігі. АҚШ конгресінде әңгіме көтеріліп, Ирақ соғысы бекер ашылған сияқты деп жеке пікіралысулар ғана болса, Британия парламенті осы мәселе бойынша бас министр Тонни Блейерге қарсы арнайы зерттеу жүргізді.

Сейсенбі күні Тонни Блейер парламенттің қауымдастықтар палатасының алдында жауап берді. Ал парламенттің сыртқы істер комитеті бұдан бір күн бұрын Тонни Блейерді ақтады, бас министр және үкімет Ирақтан төнген қауіпті әсіре сілтеген жоқ деп байлады. Тонни Блейер қауымдастықтар палатасының алдында сөйлегенінде Ираққа талап әу бастан орынды қойылды деп шегеледі:

- Ирақ мәселесінде біз дұрыс бағытта болдық па, жоқ па деген негізгі жайтты жұрт қайта анықтағысы келеді деп нақты сенемін. Мен сіздерге және сіздер арқылы елге ісіміздің оң болғанына сенімді екенімді жеткізгім келеді. Мен бұған 100 процент сенемін. Біздің барлау қызметіміз нақты ақпаратты және дер кезінде берді деп танимын, - деді Тонни Блейер.

Британия бас министріне тағылған айыптағы кейбір жекелеген деректер де парламентте мұқият тергелді. Мәселен, Саддам Хұсейн атом қаруын өндіріп отыр деген жеке дерек интернетте кез-келген азамат оқи алатын бір американдық студенттің ғылыми жұмысынан алынды деген жорамал да, Саддам Хұсейн химиялық не биологиялық қаруды 45 минуттың ішінде жұмсауға дайын деген мәліметтің шығуы да те мұқият тексерілді. Тонни Блейер Ирақ қауіпін әсіре бұрмалады деген "ББС" британ ақпарат компаниясының мәліметі қате деп танылды. "ББС" компаниясы болса Тонни Блейерден кешірім сұраудан бас тартты, Тонни Блейердің бұрыңғы баяндамаларында үлкен қателер болды деп отыр.

Тонни Блейер парламентте сөйлегенінде өзінің атына айтылатын көптеген сынмен тағы келіспеді, барлау мәліметтері бұрмаланған жоқ деген ұстанымын қайталады:

- Сіздер Саддам Хұсейннің мәселесін және жойқын қару мәселесін АҚШ Орталық барлау басқармасы не болмаса Британия барлау қызметі ойлап шығарды дегенге тіпті әуессіздер. Саддам Хұсейннің жойқын қару өндірісімен айналысқанына ешқандай күмән жоқ, - деді Тонни Блейер.

Саддам Хұсейннің қолында жойқын қару болса – ол неге АҚШ және Британия әскеріне қарсы жұмсалған жоқ деген қарапайым сұрақ парламентте, әлбетте, қойылды. Оған бас министр мынандай түсінік айтады – Біріккен Ұлттар Ұйымының қару комиссиясы Ираққа әзер-әзер аяқ басқанда Саддам Хұсейн тиым салынған қарудың барлығын жер-жерге тыққызып тастады, сондықтан соғыс басталып кеткенде – ол қаруды қайта қалпына тез арада келтіру мүмкін болмады. Тонни Блейер Ирақтың жойқын қаруы табылады деген сенімде:

- Қару-жарақ тексерушілері Ирақтың ғалымдарынан, мамандарынан және күәгерлерден мәлімет ала бастады, осының арты не болатынын тоса тұрайық. Мен, негізі, сіздерге өз сенімімді жеткізгім келеді, жойқын қару өндірісімен Саддам айналысты, оны жасыруға тырысты. Сарапшылар оның дәлелін табады деген сенімдемін, - деді Тонни Блейер.

Британия бас министрі бұл мәселеде сенім танытып отырса, Британия халқы бас министріне сенуден қалып барады. Лондондық "Таймс" журналы жүргізген зерттеу британдықтардың жартысынан көбі Тонни Блейерге сенуден қалғанын көрсетті.
XS
SM
MD
LG