Accessibility links

Өзбекстан үкіметі елде жыл аяғына дейін валюта конверттеледі деп уәде етіп отыр


Өзбекстаннның билік басылары осы жылдың аяғына дейін валютаны толықтай конверттелуге көшіретіні жөнінде мәлімдеді.

Бірақ та Өзбекстандағы қаржы нарығында жағдайдың дәл бұлай боларына елдің өз ішіндегі де , шетелдегі де сарапшылар күмәнмен қарайды, өйткені Өзбек басшылары бұдан бұрын да еркін валюта айырбасы енгізіледі деп бірнеше мәрте айтқанымен, жеме-жемге келгенде оны орындамаған болатын.

Өзбекстанның үкімет басының және экономика министрінің өкілі Рустам Азимов жақында Ташкентте журналистер алдында Өзбекстан алдағы қараша айында валютаның толықтай конверттелуіне өтетін болады деп жариялады. Алайда Өзбекстан жоғары басшылығының валютаның еркін айырбасы жүзеге асырылады деп мәлімдеулері бұл бірінші рет емес.

Президент İслам Кәрімов 2000 жылы валютаның еркін айналымы қайта қалпына келтіріледі деп уәде еткен болатын, бірақ оны іс жүзіне асыра алмады. Соның салдарынан 2001 жылы көкек айында Халықаралық валюта қоры өзінің Ташкенттегі кеңсесін жабуға мәжбүр болды. Өзбекстан мұнан кейін де, өткен жылы екі рет бұл мақсатты орындаудан қашқалақтап, ауылшаруашылығы мен сауда саласында өзгерістер жасаудан бас тартты. Сондықтан да Халықаралық қаржы қоры Өзбекстандағы экономикалық реформалар бағдарламасын қайта жаңғыртуға келіспеді.

Міне осыларды есекре келгенде, Өзбекстан үкіметінің бұл соңғы шешімі былай қарағанда Халықаралық қаржы-несие қорының талаптарын қанағаттандыру жолында қолға ала бастаған қадамдары болса керек. Бұл жоспар бойынша валюта айырбасыының барлық шектеулері, сондай-ақ сауда саласындағы кедергілерді де алу көзделген. Мұнымен қатар компаниялардың импортпен жұмыс істеу келісім-шарттарының да үкіметте тіркелуі жөніндегі талаптар да жойылатын болады. Аталған жоспар қыркүйек айының ортасында Халықаралық қаржы қорының қызметі Өзбекстанға келген кезде мақұлданатын болады. Халықаралық қаржы қорының Ташкенттегі қызметінің жетекшісі Эрик де Врижер Ташкент валютаның конверттелуі жолындағы алғашқы қадамдарды жасады деп атап көрсетеді.

- 2002 жылдың бас кезінде Өзбекстан билігі шетелдік валюта нарығына кең жол ашуға талпыныстар жасады, ол сол жылдың қаңтар-тамыз айлары бойына жалғасты. Бұл ағымдағы халықаралық келісімдер үшін валюта айырбасын жасауға деген бірінші қадамдар деп болжалған болатын. Осы 2002 жылы кейбір алға басушылық болды, әсіресе биржадан тыс және қолма қол емес қаржымен жұмыс істеу нарығындағы кейбір құжаттық талаптар жұмсартылды, шетелдік ақшаны айырбастауға деген шектеулер алына бастады, - деп атап көрсеткен Эрик де Виржер.

Өзбекстанда шетелдік валютаның еркін конверттелуінің жетіспеушілігі елдің экономикалық дамуындағы ең бір үлкен кедергі ретінде сипатталып келді. Бұның өзі шетелдік компаниялардың мұнда жұмыс істеуге деген құлшынысын тудырмайтын. Эрик де Виржер Өзбек үкіметі бұл жолы өзінің уәде үдесінен шығады деп үміттенеді. Мұнымен бірге ол шетелдік ақшаның конверттелуінің енгізілуі Өзбек экономикасындағы барлық проблеманың шешімі болып табылмайды деген де көзқарас-пікір жағында.

Орталық Азияның бес мемлекетінің ішінде Өзебкстан мен Түркменстанда ғана шетелдік қаржы конвертациясы жасалмайды. Қырғызстан 1993 жылы 10 мамырда бірінші болып Советтік ортақ рубльден бас тартып, өзінің сом деп аталатын мемлекеттік ақшасын айналымға енгізді. Қырғыздың орталық банкінің президенті Ұлан Сарбанов айтарлықтай тұрақтылық болмаса да, елдің басым бөлігі экономиканың дамуына сомның әсер-ықпалы мол екендігіне сеніммен қарайды деп атап көрсетеді. Қазір сомның АҚШ долларымен салыстырғанда құны алғашқыдан бішама төмендеп кеткен.

Қазақстан президенті Н.Назарбаев 1993 жылдың басында-ақ ұлттық валюта -теңгенің жаңа үлгілері басылып, дайын тұрғанына қарамастан , бұл қадамға баруда сақтық танытты. Ол инфляция біршама тұрақтанған соң барып, ұлттық валютаға көшуді жүзеге асырды. Теңге алғашқы күннен-ақ конверттелетін үлттық валюта қатарында болды, бұл өз кезегінде Қазақстанға шетелдік инвестицияның көптеп тартылуына ықпал етті.

Тәжікстан тәжік рублін 1995 жылы айналысқа енгізді, ал 2000 жылы елдің экономикасы аздап қалпына келе бастағанының белгілері білінген кезде Тәжікстан ұлттық сомони ақшасына көшті. Сол тұста Тәжікстан президенті Эмомали Рахмонов ұлттық сомони валютасының енгізілуі- елдің банктік жүйесін күшейтеді деп атап көрсеткен болатын. Халықаралық қаржы қоры да Тәжікстанның мұндай қадамдарына қолдау көрсеткен болатын.

Ал Түркменстанның манаты болса, осы күнге дейін конверттелмейтін қаржы қатарында, Лондондағы Экономикалық зерттеулер орталығы талдаушысының айтуы бойынша бұл осы бағытта қала беруі де мүмкін. Азаттық радиосына берген интервьюінде Дафне Тер-Сакариан Түркменнің манатын конверттелетін жасау үшін бүкіл режимді жүйелік өзгерту қажет болар еді деген пікір айтқан.

- Түркмен ақшасының конверттелу келешегі президенттің болашығымен тікелей байланысты. Әзірге президент орнында отырған шақта, біз мұнда экономикалық бір өзгерісті көрмейтін боламыз, әрине оның қатарында конверттелмейтін да валюта бар. Менің ойымша Өзбекстанда болса, валюта айырбасы тұрғысында біршама либералды жүйе қалыптаса бастағаны байқалады, бұл тұрғыда Түркменстанда бір өзгеріс боларына ешқандай үміт жоқ, - деген Тер-Сакариан, Өзбекстан мен Түркменстанның саяси және экономикалық даму деңгейлерін салыстыра отырып, осындай ой түюге болатындығын айтқан.
XS
SM
MD
LG