Accessibility links

Өмірбек Байгелді: Адам құқын қорғайтын адамдар ең алдымен өздері таза болуы керек


Шілденің 22-күні Еуропалық Одақ пен Орталық Азиядағы қос мемлекет - Қазақстан және Қырғызстан елдерінің билік өкілдерінің қатысуымен әріптестік Кеңестің отырысын өткізу белгіленген болатын.

Осының қарсаңында Халықаралық адам құқын қорғау ұйымы – Human Rights Watch Еуропалық Кеңеске мүше елдердің сыртқы істер миинстрлерінің атына арнайы хат жолдап, онда Қазақстан мен Қырғызстан басшылығынан осы елдерде адам құқықтарының қорғалуын сақтауды талап етуге шақырды.

Бұл хатта халықаралық ұйым Қазақстан мен Қырғызстан Еуропалық Одақпен жасаған әріптестік және серіктестік туралы Келісімнің адам құқын сақтауға қатысты ережелерін өз елдерінде жүйелі түрде бұзып келе жатқаны айтылған. Ал, Қазақстанның ресми билік өкілдері болса халықаралық ұйымдардың атынан айтылып жатқан мұндай айыптауларды жоққа шығарып отыр.

Human Rights Watch ұйымының бұл хатында Қазақстандағы сөз бостандығының нашар ахуалына байланысты 2003 жылдың ақпан және наурыз айларында Еуропалық Одақтың жасаған мәлімдемелері мен бұл елдегі адам құқықтарының аяққа тапталып отырғаны жайлы ақпанның 13-күні Еуропарламенттің қабылдаған қарарында аталған кемшіліктерді түзеуге ресми Астананың әлі күнге дейін ықылас танытпай отырғаны атап жазылған.

Қазақстан қоғамында сөз еркіндігін тұншықтыру, азаматтардың ар-ождан бостандығы мен саяси партияларға бірігу еркіндігін шектеу, билікке оппозициялық пікірдегі азаматтарды қорқытып-үркіту, қуғынға салу, оларды тергеу және сот органдары арқылы жазалап, түрмеге қамау болмаса елден кетуге мәжбүр ету секілді тоталитарлық жүйенің ескі әдістерінің қайтадан көрініс тауып отырғаны соңғы жылдары батыс елдері мен халықаралық ұйымдар тарапынан жиі айтылып отыр.

Алайда, Қазақстанның ресми билік өкілдері болса Қазақстан бұл бағытта үнемі алға жылжумен келеді, халықаралық ұйымдар тарапынан қолдау тауып отыр дегенді айтады. Мәселен, шілде айының 4-і мен 10-ы аралығында Роттердамда өткен Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының (ЕҚЫҰ) парламенттік Ассамблеясының 12-сессиясында Қазақстанның атына мақтау сөздер көп айтылды дейді осы жиынға Қазақстан Парламенті Сенатының делегациясын бастап барған Парламент Сенаты төрағасының орынбасары Ө.Байгелді мырза.

- Адам құқын қорғау жөнінде Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының (ЕҚЫҰ) тарапынан Қазақстанға қандай болмасын үлкен айып тағылып отырған жоқ. Әрине, адам құқықтары әңгіме болып жатқандықтан олар осы салада қандай да бір құқық бұзудың бар-жоғын зерттейді. Бірақ, бізге мынаны былай жасаңдар деп айтқан емес. Міне мен 8 жылдан бері осы салада жұмыс істеймін. Тек жалпылама сөздер ғана айтылады, ал Қазақстан жекелей бір сынға ілінген емес. ЕҚЫҰ Қазақстанды сынапты, мінепті деген сөздер қайдан шығатынына мен таң қаламын. Сірә, бәз біреулерге осылай керек болған соң да шығатын шығар ондай әңгімелер. Қазақстан қазір ең алдыңғы қатарлы мемлекеттердің бірі. Осы сапарымызда да бәрі “О-о, Қазақстан!!” деп мақтау айтып жатыр.

“Азаттық” радиосы: - ЕҚЫҰ 1999 жылы Қазақстанда өткен парламент сайлауына қатысты сын-ескертпелер жасағаны белгілі. Одан қандай қортындылар жасалды?

Ө.Байгелді, ҚР Парламентінің Сенат депутаты: - Сайлау туралы заң оңай заң емес. Жетпіс елдің заңына қарап отырып жазған жаңа заң жобасы әзір. Ал, негізінен біздің заңымыз да жаман емес, тіпті АҚШ-тың заңынан да артық. Оларда өткен соңғы Президент сайлауында қай үміткердің өткенін білмей шатасты. Бірақ оларда заңды құрметтеу бар. Мына адам жеңске жетті десе, сол сөзге тоқтайды. Ал, бізде болса дауласып шыға келеді… Ал, енді ана бір журналиске келсек (Дуванов), адам құқын қорғайтын адамдардың ең алдымен өзі таза болуы керек. Ал, кейде өздерінің ары таза емес бола тұра біреулер адам құқын қорғаушы атанғысы келеді. Енді 14-жастағы қызды зорлау деген еш ақыл-ойға симайды ғой!…

Ө.Байгелді мырзаның айтуынша ЕҚЫҰ барлық маңызды құжаттары тек Парламенттік Ассамблеяда ғана қабылданады, ал өзге уақыттарда айтылатын сөздердің бәлендей негізі жоқ. Себебі, оларды осы ұйымның шенеуніктері, бәлкім аппарат қызметкерлері өз жеке пікірі ретінде айтып жүруі ықтимал дейді Өмірбек Байгелді.

- Ал ақпан айының 13-күні Қазақстанда адам құқықтарының өрескел бұзылып отырғаны жайлы қарар қабылдаған Еуропарламентке келсек, ол ұйымға Қазақстан мүше емес, - деді Ө.Байгелді мырза, - Басқа елдерге қатысты осы тәріздес мәлімдеме жасау біздің де қолымыздан келеді, бірақ біз сыпайылық сақтап отырмыз. Оның үстіне жақында ғана Еуропарламент Қазақстанға байланысты өткенде қабылдаған қарарын қайта қарап, мүлде басқаша тұрғыда жаңадан қарар қабылдады. Қазір олар бізден кешірім сұрап, асығыстық жасағанына өкініш білдіріп отыр. Тіпті, Қазақстанға қатысты өздеріне жаңсақ пікір жеткізген оппозиция өкілдерін осы жолы қуып жіберген көрінеді.

Сол секілді Ө.Байгелді Қазақстанда сөз бостандығы бұзылып отыр деген пікірмен келіспейді. Бұған қарсы уәж ретінде ол қазірде Қазақстандағы бұқаралық ақпарат құралдарының басым бөлігінің жеке адамдар мен компаниялардың меншігінде екенін, олардың қызметіне биліктің араласпайтынын айтты. Сенатордың пікірінше, Қазақстан қоғамында бұқаралық ақпарат құралдарына қатысты даңғаза-шуға айналып жүрген кейбір әңгімелерді кім шығарып жүргені беймәлім.

- Бәлкім оларды сондағы адамдардың өздері шығарып жүруі мүмкін. Бұл ақпарат құралдарында кімдердің жұмыс істеп жатқанын және олардың қандай мақсат-пиғылы барын айқындау қажет, - дейді Өмірбек Байгелді.

Сенатор Өмірбек Байгелді аты-жөнін білмекке ынтызар болып отырған қазақстандық журналистердің бірі Шәріп Құрақбай Қазақстанның билік басындағылар өз халқынан шындықты жасыру үшін жалған сөйлеуге дайын деген пікір айтады. 1998 жылдың соңында сот арқылы ондаған миллион теңге айыппұл салынғаннан соң жабылған, сындарлы мақалаларымен жұртқа танылған “ДАТ” газетінің сарашысы болған Шәріп Құрақбай қазір Алматыдан шығатын “СӨЗ” газетінің сарашысы. Бүгінгі таңда “СӨЗ” газеті де сотқа тартылып жабылудың алдында тұр.

Шәріп Құрақбай: - Қазақстанның билік басындағы саясаткерлердің позициясын түсінбеймін. Сөз бостандығын шектеу, қысым жоқ дейді. Мысалы, “Қазақгейт” ісін алайықшы. Осы тақырыпқа жоламайтын журналистер жақсы да, керісінше, осы тақырыпта жемқорлықты, парақорлықты әшкерелейтін мақала жариялаған журналистердің басы дауға қалады. Алайда 1,1 млрд теңге ақшаны талан-таражға салған бұрынғы министр Абылай Мырзахметов шартты жазамен құтылып, сот үкімімен мемлекетке 2 млн теңге зиян әкелген деп танылған Ғалымжан Жақияновты 7 жылға түрмеге тыққан биліктің әрекетін әркім саралай алады ғой. Бұлардың ісіне қарап отырсаң жасап жатқандары құдды бір құмар ойынындағы алаяқтардың әрекеті. Бірақ, елдің барлығы бұлар ойлағандай ақымақ емес қой.

Біз журналист айтып отырған “Қазақгейт” ісіне қатысты сауалды Парламент Сенатының экономика істері жөніндегі комитетінің хатшысы, сенатор Бақберген Қосмамбетовке қойған едік.

“Азаттық” радиосы: - АҚШ-та кезінде есімі Қазақстан мұнайымен байланысты болған Д.Гиффен деген адамға қарсы жүріп жатқан сот процесінде Қазақстанға тиесілі ондаған млн доллар ақшаның жеке адамдардың қалтасына тсүіп кеткені айтылып жатыр. Парламент Сенат депутаттары осы істің анық-қанығына жету мақсатында байланысты қандай да бір қимылдар жасап жатыр ма?

Бақберген Қосмамбетов, ҚР Парламентінің Сенат депутаты: - Біреу айтты екен деп тұра шапқан дұрыс емес деп санаймын. Мен “Қазақгейт” туралы ештеңе оқығаным да жоқ, көргенім де жоқ, сенбеймін де. Егер тиісті органдардан бір ресми құжаттар болса қозғауға болады. Әркім өзінің орнын білу керек. Іздеген адам табады, ал өз басым ештеңе іздеп жүргенім жоқ.

Ал батыс елдеріндегі қоғамдық-саяси жағдай, адамдардың өмір сүру деңгейі туралы қазақстандық заң шығарушы не ойлайды екен? Батыс елдеріне қызығып керегі жоқ дейді Өмірбек Байгелді.

Ө.Байгелді, ҚР Парламентінің Сенат депутаты: - 160 ұлттың өкілі тұрып жатқан Голландия елін алып қарасақ, ол елде жұрттың өмір сүру деңгейі жоғары екені рас, тіпті жұмыссыз адамға берілетін әлеуметтік жәрдем ақшаға үш рет тоя тамақ жеп, көңіл қаласа есірткі шегуге болатыны да шындық. Бірақ, мені Голландияның болашағы қандай болатыны ойландырып тастады. Біріншіден, бұл елде тұтас ұлт жоқ, одан кейін оларда ешқандай идеология жоқ, әркім өзінің қажеттіктерін ғана өтеп жүргендер.

Қазақстанда ресми идеология ролін Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығымен бекітілген “Қазақстан-2030” стратегиясы атқарады. Бұл стратегияға сәйкес енді отыз жылдан кейін Қазақстан қоғамы басқа елдерге үлгі боларлықтай Орталық Азияның барсына айналуы тиіс. Сол кезде республика халқы азаматтық бостандықтар мен құқықтарды толық пайдалануға қол жеткізе алмақ. Ал, Астанадағы Еуразия ұлттық университетінде саясаттану мамандығын оқып жүрген Жанбота Қарашолақовтың пікірі басқаша.

Жанбота Қарашолақов, студент: - Менің пікірімше азаматтық қоғамға құруға бағытталған өзгерістер алдағы 2006 жылғы президент сайлауынан кейін-ақ басталады. Қазір Қазақстан тоталитарлық жүйеден демократиялық қоғамға авторитаризм арқылы өтуді басынан өткеріп жатыр. Азаматтық қоғам құруды уақыт мерзімімен белгілеуге болмайды. Ол барша азаматтар өздерінің ой-пікірін еркін айта алып, құқықтарын қорғай алғанда ғана қалпыптаса бастайды.

Қазақстандағы демократиялық үрдістер туралы парламент депутаттары мен қатардағы азаматтардың пікірі жайлы осы хабарымызды кезінде Қазақ Кеңестік Социалистік Республикасының сыртқы істер министрі болған Михаил Есеналиевтің мына бір сөзбен аяқтағанды жөн көрдік:

“…миллиондардың маңдай терімен жиналған тәуелсіз мемлекеттің мүлкі енді ат төбеліндей “көлеңкешілдердің” немесе қолына тигенді бауырына басып үлгерген бұрынғы аппаратшылардың қолында қала ма деген күмән халықты еріксіз алаңдатады. Ал жаңағылардың араны қатты ашылғандықтан, олардың имандылығына сену қиын”.

Белгілі қоғам қайраткерінің осыдан 11 жыл бұрын, Қазақстан өз тәуелсіздігіне енді ғана қол жеткізген шақта айтқан бұл сөзі әлі күнге дейін өзектілігін жолғалтпай келеді.
  • 16x9 Image

    Кенжебек НҰРҚАСЕНҰЛЫ

    Кенжебек Нұрқасенұлы - 1967 жылы туған. Семей мемлекеттік университетін тәмамдаған.
    Семейдегі «ТВК-6» телеарнасында, «СолDAT» газетінде, «Қазақ тарихы» журналында жұмыс істеген. Азаттық радиосында 2001 жылдан бері еңбек етеді. 

XS
SM
MD
LG