Accessibility links

Қазақстан бойынша маслихат депутаттығынан үміткер 888 адам тіркеуден өтті


Қазақстан Орталық сайлау комиссиясының шілденің 28-індегі ақпарына сәйкес, республикада жергілікті өкілді органдар - мәслихат сайлауына 888 адам үміткер ретінде тіркелген.

Бұлардың 368-і - облыстық, 357 адам – аудандық және 163 адам қалалық маслихат депутаты болудан дәмелі болып отыр.

- Астана қалалық маслихатындағы 25 орынға депутат сайлауына түсуге өтініш тапсырған 177 үміткердің 165-і тіркеліп отыр. Қыркүйек айының 20-сына белгіленіп отырған маслихат сайлауын өткізу үшін Астана қаласы бойынша 25 сайлау округі мен 115 сайлау учаскесі құрылған. Соның ішінде 20 сайлау учаскесі емдеу орындары мен әскери бөлімдерде және қаладағы тергеу абақтысында орналасқан, - дедi дүйсенбі күні Астана қаласы бойынша аумақтық сайлау комиссиясының хатшысы Вера Пытьева телефон арқылы бiзге берген сұқбатында.

Бұл жолы қалалық маслихаттағы бір орынға кемінде 4 адам дауысқа түскелi отыр, ал кейбір сайлау округтерінде бiр мандатқа 12 үмiткер таласатын секiлдi. Депутаттықтан дәмесі барлардың қатарында «Отан», Аграрлық және Коммунистік партияларының, Кеңес әскерінің сапында Ауған жерінде соғысқа қатысқандар мен Чернобыльдағы атом апатын ауыздықтауға қатысушылар одақтарының және казактар ұйымының мүшелері бар көрінеді.

Сонымен бірге осы жолы депутат мандаты үшін додаға түскелі отырғандардың 23-і бұған дейін де қалалық маслихатқа депутат болып сайланғандар. Үміткерлерді тіркеу тамыздың 10-ына дейін жалғасады. Ал тіркеуден өткендерi Қазақстан Республикасының сайлау туралы заңына сәйкес тіркелген сәттен бастап өздерінің сайлау алдындағы үгіт-насихат шараларына кірісуге құқылы.
  • 16x9 Image

    Кенжебек НҰРҚАСЕНҰЛЫ

    Кенжебек Нұрқасенұлы - 1967 жылы туған. Семей мемлекеттік университетін тәмамдаған.
    Семейдегі «ТВК-6» телеарнасында, «СолDAT» газетінде, «Қазақ тарихы» журналында жұмыс істеген. Азаттық радиосында 2001 жылдан бері еңбек етеді. 

XS
SM
MD
LG