Accessibility links

Ауғанстанда қарусыздандыру бағдарламасы басталды


Біріккен Ұлттар Ұйымы Ауғанстанда қарусыздандыру бағдарламасын бастап жатыр. Бұл мақсатқа 130 миллион доллар бөлінді.

Алайда жиырма жылдан аса тек соғыспен күн көрген көптеген моджахедтер бейбіт өмірге қайтатын емес. Олар қатардағы еңбектің не екенін ұмытқан, қаруын тапсырғысы келмейді.

Біріккен Ұлттар Ұйымы қарусыздандыру және моджахедтерді әскерден қайтару бағдарламасына 130 миллион доллар жұмсап, шамамен 100 мың жауынгерге жұмыс тауып бермекші. Бағдарлама үш жылға арналған, алғашқы жылы 30 миллион доллар жұмсалады. Қорға негізінен Жапония, Канада және Британия ақша құйып отыр. Жиырма жылдан аса азаматтық соғыстың жағдайында күн көрген Ауғанстанның әр провинциясында жеке әскер бар екені белгілі, кейбір провинцияда бірнеше бәсекелес жасақ майдандасып келеді. Орталық үкіметке олардың біразы әлі бағынатын емес. Рушылдықпен жіктелген ауған қоғaмы бара- бара жеке әскерлерді жинауды бастан кешті, біртұтас елді құру жолында енді ол жасақтарды тарату қиынға соғып тұр.

"Жаңа бастау" деп аталған бағдарлама алдымен Пәруан провинциясында сынақтан өтікізіліп жатыр. Бұл аймақ "Талибанды" құлатуға негізгі күш салған Солтүстік Бірлестіктің қолбасшысы Ахмед Шах Масудтың қонысы. Енді бұл аймақ қорғаныс министрі Қасым Фахимге тәуелді жеке әскердің мекені. Пәнджер шатқалының тумасы, ұлты тәжік Қасым Фахим өзі жеке бір әскерді басқарған. Пәруан провинциясында ондаған мың азамат соғысты кәсіп етеді, оларды үйлеріне қайтару енді үлкен мемлекеттік шаруаға айналды.

Біріккен Ұлттар Ұйымының Қабулдағы өкілі Мануел де Алмейда е Сильва жеке жасақтардың жауынгерлері жаңадан құрылған ұлттық әскерге қосыламын десе де өз еркі, ел қатарлы еңбек етемін десе де өз еркі деп сипаттайды:

- Егер де олар бейбіт өмірге қайтқысы келсе, біз олармен әңгіме өткіземіз. Қолынан келетін шаруаларды анықтаймыз, жеке басының жағдайын сұраймыз. Сосын олар үйлеріне оралады, қолдарына әжептәуір ақша, азық-түлік ұстатамыз. Бұл әскерге аттанатын азаматтар үшін де өте маңызды. Алты-сегіз аптадан кейін олар бізбен қайта жолығады. Үкіметтің "Жаңа бастау" бағдарламасының шеңберінде осы уақыттың ішінде оларға қолынан келетін жұмыс табылу керек. Не болмаса алғашқы сұхбат кезінде айтқан мәліметтеріне сәйкес, оларды дәрістеме және білім алу бағдарламаларына қатыстырамыз.

Жеке жасақтарды, асылы заманауи әскерлерді тарату орталық үкіметке оңай тимес. Мысалы "Ассошейтед пресс" агенттігі хабарлап отырғандай, дүйсенбі күні солтүстік Ауғанстанда тағы бір қарапайым қақтығыс болды. Саманган провинциясында Абдұл Рашид Достым және оның негізгі қарсыласы Атта Мұхаммедтің сарбаздары оқ атысты, бір жауынгер қаза тапты.

Пәруан провинциясындағы қолбасшылардың бірі Маулана Абдұл Рахман жеке жасақтардың жалпы жағдайы орташа, жауынгерлер бір жарым жыл жалақы ала алмай отыр, бейбіт жұмыс тауып береміз деген үкіметтің бұрынғы уәделері жерде қалды дейді. Сондықтан, жаңа істі орталық үкімет қарқынды жүргізсе жөн дейді Маулана Абдұл Рахман:

- Біріккен Ұлттар Ұйымы және қорғаныс министрлігі өтпелі кезеңде оларға жалақы төлеп тұрсын, жұмыс табуға көмектессін деп ұсыныс кіргіздік. Әйтпесе бұл жасақтар бақылауға ілінбей қалады. Қару асынған бұл азаматтар елдің тұрақтылығын бұза алатын жағдайда. "Әл -Қаиданың" ықпалы Ауғанстанда әлі баршылық, олар жағдайды бұза алады. Бұл қауіпті жайтқа апара алады деп болжам айта аламын.
XS
SM
MD
LG