Accessibility links

Саддам Хұсейннің үні деп тағы бір аудиотаспа жарияланған соң, АҚШ әскерлері іздеу жұмыстарын ұлғайта түсті


Саддам Хұсейн туған мекені Тикрит қаласының маңында жасырынып жүруі мүмкін делінеді. Дегенмен, АҚШ әскери басшылығы Саддамның не өлі, не тірісіне әлі біржолата көз жеткізген жоқпыз дейді.

"Әл Арабия" Дубай телекомпаниясы Саддам Хұсейннің үні деп ойнатқан аудиотаспадағы азамат өткен аптада кескілескен шайқаста мерт болған Ұдей мен Құсайдың қазасына көңіл айтады, ирақ халқын қасиетті жихад соғысына шақырады. АҚШ әскері көкек айында Бағдадқа кіргелі бері Саддам Хұсейннен хабар жоқ. Оның не өлі, не тірісі белгісіз. Бұл жайтті анықтау өте маңызды, себебі ирақтықтардың біраз бөлігі Саддам билікке әлі қайтып келуі мүмкін деп алаңдайды.

АҚШ әскери басшылығы Саддам туралы кез-келген хабар әкелген азаматқа 25 миллион доллар сыйақы белгілеген соң, Саддамдікі деп осымен бесінші аудиотаспа жарияланды. АҚШ әскери басшылығы сөзінде тұратынын Ұдай мен Құсайдың жағдайында танытты.

Олардың тығылған үйі анықталған соң, АҚШ әскері Саддамның ұлдарын қолға түсіруге әрекет жасады. Бірнеше сағатқа созылған шайқастан соң Саддамның екі ұлы да қаза тапты. Ұдайдың оққағары және Құсайдың жас баласы да оққа ілініп, мерт болды. Ұдай мен Құсайды көрсеткен азамат Саддамның әр ұлы үшін 15 миллион доллардан 30 миллион доллар алып жатыр. Тіректерінен айырылған Саддам ирақ халқына қайғылы үндеу жолдады дейді "Әл Арабия" телекомпаниясы:

- Бауырларыңыз Ұдай мен Құсайдың, Құсайдың ұлы Мұстафаның қазасына сіздермен бірге қайғырып отырмын. Алла қалағандай, олар Құдайдың құлы ретінде жихад мекені Ұм Римахта, Мосылда қаза тапты. Бұл біздің достарымызды бақытты қылды, дұшпандарымыздың ішін күйдірді, - дейді Саддам Хұсейн деп таныстырылған азаматтың дауысы.

Аудиотаспада сөйлеген азамат Мосыл қаласында өткен шайқастың егжей-тегжейлі тұстарынан хабардар екенін де көрсетеді:

- Олар дұшпанмен алты сағат бойы аяусыз шайқасып қаза тапты. Дұшпан оларды өлтіре алмады, олар бекінген үй ұшақпен атқыланған соң ғана дұшпан дегеніне жетті. Олар Алланың абыройымен қорғанды. Алла бізге олардың құрбандығын бұйырды. Аллаға қайырылып, жихад жолына түскен оларды басқа мұхаджірлердің санатына қосуды сұраймыз, - дейді аудиотаспадағы дауыс.

"Әл Арабия" телекомпаниясы Саддам Хұсейннің үні деп ойнатқан аудиотаспадағы мәтіннің кей-кезде ұйқастығы жоқ, сөйлемдер орта тұсында үзіліп қалады. Дегенмен, аудиотаспаны естіген ирақтықтар "Азаттық" радиосының Бағдадтағы тілшілеріне бұл шынында да Саддамның сөзі деп пікір айтты. Соңғы бірнеше аптада Саддамдікі деп тағы төрт аудиотаспа ойнатылса, АҚШ Орталық барлау агенттігі олардың кемінде біреуінде Саддамнің дауысы жазылған деп таныды.

Саддамның не өлі, не тірісін анықтау партизандық соғысты доғаруға септігін тигізеді деп үміттенеді Америка Құрама Штаттарының басшылығы. Ирақ соғысы аяқталды деп президент Джордж Буш жариялағалы бері кемінде елу американдық сарбаз қаза тапты. Олардың кемінде он бірі Ұдай мен Құсайдың қазасынан кейін мерт болды.

АҚШ әскери басшылығы дегенмен, Ұдай мен Құсайдың қазасы ирақ партизандарының қаһарын басады деген сенімде. Саддам Хұсейннің туған мекені Тикритте саддамшылдырдың ықпалы әлі басым. Сондықтан Саддам жөнінде нақты хабар табу бұл саяси тұрғыдан да өте маңызды.

Сейсенбі күнгі тінту кезінде АҚШ сарбаздары Саддамға жақын үш тұлғаны қолға түсірді. Олардың біреуі – Саддамның жеке күзетінің бастығы. Сәрсенбінің түнгі күзетінде АҚШ сарбаздары жергілікті әкімшіліктің ғимаратына қадалған қара жалауға тап болды. Қара жалауда Ұдай мен Құсайдың қазасы жөнінде үндеу жазылған екен. АҚШ ресми өкілдері Саддам Хұсейннің өзін көп ұзамай табамыз деген сенімде.
XS
SM
MD
LG