Accessibility links

Қазақстанның Адам құқығы жөніндегі уәкілі АҚШ үкіметінің өкілдерімен кездесті


Шілде айының 30-ы күні Астанада Қазақстанның Адам құқықтары жөніндегі уәкілі Болат Байқадамов Америка Құрама Штаттарының ресми адамдарымен кездесті.

Кездесуге американ жағынан АҚШ елшілігінің саяси бөлімінің қызметкері Итан Глик, АҚШ Мемлекеттік департаментінің тұрғындар, босқындар және көші-қон жөніндегі бюро өкілі Этта Турей және АҚШ-тың Европа Одағындағы Миссиясынан босқындар мәселелері жөніндегі атташе Марк Мезнар қатысқан.

- Кездесу тақырыбы негізінен көші-қон мен босқындар мәселесіне арналды. Кездесу кезінде Болат Байқадамов мырза қазіргі уақытта көші-қон мәселесі бойынша Қазақстанның Адам құқықтары жөніндегі уәкілінің кеңсесіне келіп түсіп жатқан арыз-өтініш иелері Қытайдан, Моңғолиядан, Иран елінен өздерінің тарихи Отаны – Қазақстанға қоныс аударып келген қазақтар екенін, ал 1995-1996 жылдары келген оралмандардың тұрғын үй, әлеуметтік жағдайлары әлі күнге оңалмай келе жатқанын атап өтті, - деді осы кездесуге қатысқан Қазақстанның Адам құқықтары жөніндегі Ұлттық орталығының жетекшісі Вячеслав Колюжный.

Американдықтардың тағы бір қадап сұрағаны Шешенстаннан келген босқындар мәселесі болды дейді Вячеслав Колюжный. Қазақстанның Адам құқықтары жөніндегі уәкілі республикада кез-келген адамның құқықтары оның ұлтына, дініне, нәсіліне, жынысына және басқа ерекшеліктеріне қарамастан тең қорғалатынын айтқан.

В.Калюжный мырза Қазақстанның Маңқыстау және Ақтөбе облыстарында Шешенстаннан келген босқындар жергілікті билік органдары өздерін тіркеуге алмай отырғанына шағымданғанын айтты. Тек бұл іске Адам құқықтары жөніндегі уәкіл араласқаннан кейін ғана ол босқындардың құқықтары қалпына келтірілген.

- Бірақ бізге келіп түскен ондай мазмұндағы арыз-өтініштердің саны көп емес - осы уақытқа дейін тек 4-5 ғана болды, - дейді В.Калюжный.

Сол секілді кездесу кезінде трафик туралы, яғни адам саудасы жайлы да сөз болған. Бұл орайда Қазақстаның Адам құқықтары жөніндегі уәкілі Б.Байқадамов республикада қылмыстың бұл түрі үшін жауапкершіліктің күшейтілгені туралы американдықтарды хабардар еткен.

- Алайда, әзірге Қазақстанның Адам құқықтары жөніндегі Ұлттық орталығына адам саудасынан зардап шеккендер туралы ешқандай арыз-өтініш келіп түскен жоқ, - деп мәлімдеді осы орталық жетекшісі Вячаслав Калюжный «Азаттық» радиосына берген сұқбатында.
  • 16x9 Image

    Кенжебек НҰРҚАСЕНҰЛЫ

    Кенжебек Нұрқасенұлы - 1967 жылы туған. Семей мемлекеттік университетін тәмамдаған.
    Семейдегі «ТВК-6» телеарнасында, «СолDAT» газетінде, «Қазақ тарихы» журналында жұмыс істеген. Азаттық радиосында 2001 жылдан бері еңбек етеді. 

XS
SM
MD
LG