Accessibility links

Таулы Қарабақ пен Әзірбайжан арасындағы соғыс салдары


Таулы Қарабақ аймағының басшылығы Әзірбайжанмен болған соғыстың салдарынан ойсыраған кеңестікті толтырылмақшы

Республика деп өзін жариялаған Таулы Қарабақ аймағының басшылығы басқа елдерден ұлты армян азаматтарын өзіне шақыра бастады. Сөйтіп, Таулы Қарабақ мәселесінде тағы бір қыр пайда болды. Алдағы жылдары Таулы Қарабаққа Ираннан, Ливаннан, Франциядан, АҚШ-тан, әсіресе Ресейден жүздеген армян жанұясы көшірілмек. Сөйтіп, Әзірбайжанмен болған соғыстың салдарынан ойсырап қалған кеңестік толтырылмақшы.

Ресейдің Ставрополь өлкесінде осыдан екі апта бұрын "Хайреники Канч" яки " Отан үні" деген бейүкіметтік ұйым ашылып, Краснодар өлкесінің армяндарын Таулы Қарабаққа көшіруді қолға алып жатыр. Таулы Қарабақтың жер көлемі не бәрі 4400 шаршы километр. Совет Әзірбайжанына қарасты бұл анклав яки өзге мемлекетпен қоршалған географиялық аралда негізінен армяндар жасады. Армения мен Әзірбайжанның арасында Таулы Қарабақ соғысы бұрқ ете түскенде мыңдаған адамның өмірі қиылды, шамамен 800 мың халық босып кетті.

Алты жылға созылған соғыс қағаз жүзінде әлі аяқталған жоқ. Армения мен Әзірбайжан 1994 жылы оқатысты тоқтатуға келісті. Екі елге арағайындық жасаған халықаралық мекемелер баршылық. Сонымен, Таулы Қарабақтың саяси мәртебесі әлі шешілмей келеді. Әзірбайжанның қарауынан шығып кеткен Таулы Қарабақ өзін республика деп жариялады. Дүние жүзіндегі армян топтары Таулы Қарабаққа қомақты ізгілік көмек көрсетіп жатыр. Таулы Қарабақтан көршілес елдерге, Ресейдің Солтүстік Кавказ аймағына босып кеткен азаматтырдың құқықтық мәртебесі әлі шешілген емес. Олардың қолындағы советтік паспорттардың күші алдағы жылда жойылады, деп жазады "Азаттық" радиосының тілшісі Жан-Кристоф Пойк.

"Хайреники Канч" ұйымының төрағасы Роман Хамперян армяндарды жан-жақтан Таулы Қарабаққа шақыру осы аймақтың астанасы Степанакерттің саяси жігерін танытып отыр дейді:

- Қайта ораламын дегендерді қабылдауға Қарабақтың да, Арменияның да қазір жеткілікті экономикалық мүмкіншілігі пайда болған сияқты. Елдің кетуі де Кавказ аймағындағы экономикалық қиындықтардан және саяси жағдайдан туындаған. Бүгінгі таңда Қарабақ босып кеткен азаматтарының біраз бөлігін қайтаруға бел бұды. Олардың оралуына жағдай жасауға қор қамдалып жатыр.

Бұл пікірмен Ресейдің Краснодар аймағында шығатын "Якрамас" армян-орыс журналының бас редакторы Тигран Тавадян келісіп отыр. "Таулы Қарабақта бос жатқан жер көп, оралмандарды ынталандыруға бағытталған үкімет бағдарламасы жүзеге асса жөн",- дейді ол. Әзірбайжан жаңаша бұл науқанды тіксіне қабылдады. Әзірбайжан президентінің кеңесшісі Вафа Құлузаде елімізде 15 қазанда президент сайланады, осының қарсаңында Ресей бізге қысым жасап отыр деп сипаттады. "Мәскеу Қарабақ пен Әзірбайжанды бөлетін демаркациялық сызықтың бойында жағдайды қиындатқысы келеді", - дейді Вафа Құлузаде.

Британияда орналасқан "Соғыс және бейбітшілікті жариялау институтының" Кавказ маманы Томас де Уол мәселенің түптің түбінде демографиялық себеп жатыр дейді:

- Әлбетте, негізгі мәселе демографиялық ахуалда. Олар Қарабақтың халқы ресми түрде 120 мың деп айтатын шығар. Әлбетте, бейресми түрде, халықтың саны бұдан кем. Бұл аймақта шамамен 70 мың халық бар шығар. Мұны дәл сипаттау қиын. Көршілес Әзірбайжандағы миллиондаған халықпен салыстырсаңыз болады. Армениядағы Қарабақ қозғалысы 1988 жылы негізінен демографиялық мәселеден туындады. Әзірбайжанның халқы көбейіп келеді, олардың ішіне сіңіп кетеміз деп қорықты олар. Сондықтан олар халықтың санын көбейтуге бет алып отыр. Олар халықты қайта қоныстандыруға ынталандырып жатыр, Қарабақта бірнеше балалы жанұяларға ерекше жағдай жасалып жатыр.

Бірақ, Таулы Қарабаққа өзге елдерден армяндарды көшіру Әзірбайжан мен Арменияның арасындағы бейбіт келісім құбылысына нұқсан келтіруі мүмкін, дейді британдық талдаушы Томас де Уол.
XS
SM
MD
LG