Accessibility links

Дүниежүзілік базарды баршаға бірдей ашу мәселесі Кенкан саммиттінің қарсаңында тұйыққа тірелді


Қыркүйек айында Мексиканың Кенкан қаласында Дүниежүзілік сауда ұйымының жиыны өтеді. Бұл саммитте дүниежүзілік ауыл шаруашылық базарының мәселесі қаралады.

Әлемнің кедей мемлекеттері АҚШ және Европа Одағына өз ауылшаруашылық тауарларын кіргезе алмай отырғаны белгілі. Бұл жағдай әлемдік базарда талай қайшылық тудырып келеді.

Дүниежүзілік базарды баршаға бірдей ашу мәселесі Кенкан саммиттінің қарсаңында тұйыққа тірелді. Бұл мәселе алғаш рет Қатардың Доха қаласында осыдан екі жыл бұрын өткен жиында көтерілген. Доха саммиттінде кейбір бай және кедей мемлекеттер бір біріне қарсы шықты, ауылшаруашылық базар мәселесінде қарамақайшы ұстанымда олар осы күнге шейін қалып отыр.

Америка Құрама Штаттары мен Европа Одағы өз базарына сырттан ауылшаруашылық өнімді көп кіргізбейді, өз диқандарына мейілінше жағдай жасайды, олардың ішкі де, сыртқы да саудасына көмек көрсетеді. Ал әлемнің көптеген кедей елі ауылшаруашылық өнімдерін бай елдерге кіргізе алмай әуре. Әлемдік базарды баршаға бірдей ашу мәселесінде кедей мемлекеттер Австралия, Жаңа Зеландия және Канада сияқты кейбір бай елдерден қолдау тауып отыр.

Осы жайт дүниежүзілік сауданы либерализациялау мәселесінде Европа Одағы мен Америка Құрама Штаттарын бір бірімен жақындастырса керек. Бұл екі алып басқа кейбір саяси мәселелерде дауласса да, базарларына арзан диқан өнімдерін кіргізбеуде мүдделес. Ондай болса, Европа Одағы мен АҚШ өз ара келісіп, басқа елдердің саудасын ақсаңдатпай ма?

Демек, Дүниежүзілік сауда ұйымының қалған 144 мүшесі оларға бәсеке құралмай, ұтылып қалмай ма? Европа Одағының ауыл шаруашылығы жөніндегі өкілі Грегор Крюжубер "Азаттық" радиосына берген сұхбатында екі тараптың арасында келіссөз жүріп жатқанын растады. Бірақ, біздің барлық ісіміз өзге елдердің көз алдында, ашық өтіп жатыр, дейді Грегор Крюжубер:

- Әрине, Европа мен Америка Құрама Штаттары үшін ортақ келісімге ұмтылу және оған қол жеткізу маңызды. Бірақ бұдан теріс пікір қалыптасып, Европа мен Америка Құрама Штаттары өз ара ымыраға келіп жатыр, Дүниежүзілік сауда ұйымының қалған 144 мүшесін далада қалдырмақ деген тұжырым туындамаса керек. Келіссөзді біз тұтастай ашық жағдайда өткізіп жатырмыз. Дүниежүзілік сауда ұйымының қалған мүшелеріне қимылдарымыздың әсері кез-келген жағдайда қандай болатынын түсіндіре аламыз, - дейді Грегор Крюжубер.

Грегор Крюжубердің пайымдауынша, Европа Одағы мен Америка Құрама Штаттары өз ара келіспесе, Доха саммиттінде белгіленген басты мақсат – даму үстіндегі әлемге көмектесу мақсатын да орындау "өте қиын" болмақ. Бірақ, Кейрнс тобы деп аталған қауымдастықтың мүшелері мұндай көзқараспен келіспейді. Кейрнс тобының мүшелері шарт қойып, Европа Одағы мен Америка Құрама Штаттары өз ара ымырасып, базарларын өзгелер үшін жаба түссе, Кенкан жиынына қатыспаймыз деп ескертті.

Ауылшаруашылық базарының мәселесі Европа Одағының өз шеңберінде дау тұғызып келе жатқаны белгілі. Диқандарға қомақты жәрдемақы төлеу әдісін Европа Одағының кейбір мүшелері сынап келеді, одақтың шеңберінде ортақ ауылшаруашылық саясат еңгізіліп отыр. АҚШ үкіметі диқандарға Европа Одағына қарағанда аз көмектессе де, диқандарының сыртқы саудасына несие бергізеді. АҚШ үкіметі сырттан келетін ауылшаруашылық өнімдеріне шектеу жасайды, сонымен қоса американдық тауарларды сатып алатын шетел үкіметтеріне жеңілдік береді.

Дүниежүзілік сауда ұйымының көптеген мүшесі әлемдік базарда түпкілікті өзгерістің нышаны Кенкан жиынының алдында да байқалмағанына наразы. Мәселен, кедей елдердің азаматтары үшін дәрі-дәрмектерді арзандату мәселесі де шешімін таппай отыр. Бұл жайындағы келіссөз дәрі-дәрмектерді ойлап шығарған мамандарға роялти ақыларын төлеу тәртібіне тіреліп тұр.
XS
SM
MD
LG