Accessibility links

Шанхай ынтымақтастық ұйымы Талдықорған аймағында тұңғыш әскери ойындарын өткізіп жатыр


Бұл аса үлкен жаттығуға Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Қытай және Ресей әскерлері қатысуда.

Саяси талдаушылар бұл шара Қытайдың саяси ұмтылысын танытып отыр дейді. Шанқай ынтымақтастық ұйымының шеңберінде шаруасын жасап жатқан Қытай Америка Құрама Штаттарының Орталық Азиядағы белсенділігін тежемекші дейді сарапшылар.

Шанқай ынтымақтастық ұйымының әскери ойындары екі кезеңде өткізіліп жатыр. 6 тамызда басталған жаттығу үш күн бойы Талдықорған аймағында өтеді. Сосын жаттығушылар көршілес Қытайдың Шыңжаң-Ұйғыр автономиялық республикасына жылжып, 11-12 тамыз күндері сол жақта күш сынасады. Әскери ойынның жалпы атауы – "Ықпалдасу-2003".

Шараның мақсаты – терроризм, сепаратизм, діни экстремизм ұрандарымен бас көтерген жасақтарға тойтарыс беруге баулу. Бұл аса үлкен жаттығуға Қазақстанның жаяу әскері, әуе десанты әскері, әуе қорғаныс әскерінің жасақтары қатысып жатыр.

Қырғызстан десант-барлау взводын жолдады, бұл шағын топта әдетте 30-40 сарбаз болады. Ресей кемінде 100-120 сарбаздан құралатын мотоатқыштар ротасын жолдады. Тәжікстан әскер жолдамаса да, бірнеше офицерін бақылаушы ретінде қатыстырып отыр. Өзбекстан жаттығуға дайын емеспіз деп, шетте қалды.

Сонымен, 2001 жылы Қытайдың бастауымен қайта құрылған Шанқай ынтымақтастық ұйымы алғашқы кең көлемді жаттығуын бастап жіберді. Бұл одақ 1996 жылы "Шанқай бестігі" деп негізін қалаған. Шыңжан-Ұйғыр автономиялық республикасында өтетін жаттығуда негізінен Қытай мен Қырғызстанның әскерлері өнер көрсетпек.

Олар Ининь қаласының маңайында шартты түрдегі террористердің қонысын шабумен , шартты түрде кепілге алынған азаматтарды босатумен шұғылданбақ. Шығыс Түркістан деген атаумен де белгілі осы аймақта шамамен 15-20 миллион ұйғыр жасайды.

Қытай үкіметі аймақта ислам экстремизмі яки әсіре мұсылманшылық кең етек жайып жатыр деп мәлімдеп келеді. "Хезбұт Тахрир" және "Өзбекстан ислам қозғалысы" сияқты тиім салынған басқа ұйымдармен "Шығыс Түркістан ислам қозғалысы" бірігіп жатыр деп алаңдайды Қытай мен Қырғызстан үкіметтері. "Өзбекстан ислам қозғалысы" Ауғанстанда "Талибан" мен "Әл Қаидаға" атсалысты, Орталық Азияның кейбір елдерінде бір қатар террорлық шабуыл жасады деп айыпталады.

Ресей үкіметі болса ұйғыр сепаратист бүлікшілдері чешен көтерілісшілеріне қол жалғайды деп тағы кінә тағады, деп жазады "Азаттық" радиосының тілішісі Чарльз Карлсон. Қытай үкіметінің пайымдауынша, Шанқай ынтымақтастық ұйымы Орталық Азиядағы қауіпсіздікті нығайта түседі, көршілес елдердің әскери ынтымағын қалайды. Алайда, радиомызға талдау жасаған қазақстандық және британдық сарапшылар бұған күдіктеніп отыр. Қазақстанның Қытайдағы бұрынғы елшісі Мұрат Әуезов

Қытайдың негізгі мақсаты – тәуелсіздікке ұмтылған ұйғыр белсенділерін басу деп таниды: - Осы террроризмге қарсы күресті өткіземіз деп Қытай биліктері Шыңжандағы ұйғырларға қазір үлкен қысым жасап жатыр. Оларды баяғы сепаратистер деп айыптайды. Қалай болса да Қытай осы Орталық Азияға, осы Қазақстанның жеріне келу мүмкіндіктерін іздеп жатыр. Қытайдың бастаумен өтіп жатқан әскери жаттығу "Азаттық" радиосына талдау айтқан басқа сарапшыға Орталық Азияға ықпал жасаудағы бәсекелестікпен көрініп отыр.

Британияда шығатын " Джейнс Сентинель: Ресей және Тәуелсіз мемлекеттер достастығы" журналының редакторы Алекс Ватанка Қытай негізінен Америка Құрама Штаттарының Орталық Азиядағы әскери белсенділігін тежемекші дейді:

- Әскери әріптестік желеуімен Қытай Орталық Азия мемлекеттерінің назарын өзіне қаратып ала алады. Сондықтан әскери әріптестікке күш салынғанын көріп отырмыз. Орталық Азия мемлекеттерін Қытай өзіне осылай әйтеуір байлап қоя алады, біріккен жаттығудың пайдасынан көрі ол мақсат басым. Әрине, бұл жерде саяси өлшем де басым. Біріккен әскери ойындардың жекелеген пайдасынан көрі Қытайға саяси есеп артығырақ.
XS
SM
MD
LG