Accessibility links

Ресейге бой бергісі келмеген Өзбекстан шегініп жатыр


Өзбекстан тәуелсіздік алғалы бері Орталық Азия шеңберінде ерекше орынға қонғысы келеді. Алайда, Өзбекстанның бұл әрекеті қарама-қайшы жолдарға бой ұрады.

Өзбекстан әу бастан Ресейден алыстап, Ресейдің Орталық Азиядағы ықпалын тежегісі келіп еді, енді Ресеймен қайта жақындаса бастады. Президент Владимир Путин жақын арада Өзбекстанға келіп, Ислам Кәрімовпен бірнеше келісім жасасты. Осы кезеңде Мәскеуде Өзбекстан оппозициясының жан сауғалап жүрген жетекшісі қамалып жатты.

Саяқ жүретін әдетімен Өзбекстан Тәуелсіз мемлекеттер достастығының шеңберіндегі не болмаса ортаазиялық мемлекеттердің шеңберіндегі құрылымдарға етене араласудан аулақ. Мәселен, Шаңқай ынтымақтастық ұйымы жақында қане Қазақстан мен Қытайда алғаш әскери ойындарын өткізгенде, Өзбекстан тағы сырт қалды. Өзбекстан "әскеріміз ортақ жаттығуға дайын емес" деп ресми сылтау айтты. Сөйтіп, Ресей және Қытай бастаған одақтың Америка Құрама Штаттарына мүйіз шайқаған шарасына Өзбекстан атсалыспағанды жөн көрді.

Тәуелсіздігінің алғашқы кезеңінде Өзбекстан Ресеймен ашықтан ашық тірескені белгілі. Өзбекстан Ресей басшылығы ауысқанда да, қарт Борис Ельцинның орнына жұмбаққа толы жас Владимир Путин келгенде де қыңыр мінезін доғарған жоқ. Дейтұрғанмен, бұл тек сырт көрініс. Өзбекстан Қазақстанға қарағанда сырын лезде танытпаса да, уақыт өте келе беталысын анық байқатады.

Бұл Владимир Путинның жақында Самарқанға, Ислам Кәрімовтің туған мекеніне жасаған сапарында да бой көрсетті. Ислам Кәрімов "тәуелсіздіктің алғашқы жылдары ұрдажықтыққа бой салыппыз, Ресейдің өсіп келе жатқанын анық сезінуіміз абзал, Ресейдің ықпалы тек ТМД шеңберінде құдіретті емес, Ресеймен әлемнің көпшілігі санасып отыр" деп ағынан жарылды.

"Тразишенс Онлайн" интернет басылымы 19 тамызда жазғандай, Кәрімовтың бұл сөзі Өзбекстан енді Ресейдің Орталық Азиядағы мәртебесін кемсітпейді дегенді танытты. Кәрімов пен Путин Шаңқай ынтымақтастық ұыймын күшейту шараларын да талқылады. Осы ұйымның антитеррорлық орталығын яки бірлескен жедел жасағын алғашқысында Қырғызстанда орналастыру сөз болып еді, енді Өзбекстанда жайғастыру бастамасы айтылды.

Путин мен Кәрімов осылайша ауызжаласып жатқан кезеңде Мәскеуде Өзбекстан оппозициясы басшыларының бірі қамалды. Бұл Ресейде 1998 жылдан бері жан сауғалап жүрген Бақром Хамраев, "Бірлік" партиясының теңқұрылтайшысы. Тек Өзбекстан емес, Орталық Азия шеңберіндегі алғашқы демократиялық ұйымдардың бірі - "Бірлік" партиясы 1990-жылдардың басында талқандалған соң, Бақром Хамраев елден кетуге мәжбүрленді. Ол – Ресей азаматтығына өткен тіпті. Бақром Хамраев Өзбекстандағы істерден қол үзбей, елдегі адам құқықтарының мүшкіл халі жөнінде журнал шығарысып жүрді. Мәскеу полициясы Бақром Хамраевтың үйінен героин есірткесін таптық деп отыр енді. Өзбекстан оппозициясы Бақром Хамраев Өзбекстан үкіметінің сұрауы бойынша тұтқындалды деп біледі.

Ал Өзбекстан мен Ресей басшылары соңғы кезде тек саяси мәмлеге емес, экономикалық мәмлеге де келіп жатыр. "Өзбекнефтегаз" мемлекеттік мұнай және газ компаниясы Ресейдің "Газпром" мемлекеттік компаниясымен келісім жасасты. "Газпром" Өзбекстанның газ құбыр жүйесін жетілдіруге көмектесетін болды. "Газпромның" Өзбекстандағы орны өсе түскені ләзім, Өзбекстан газын қоса игеріп, Ресей мен Өзбекстанды жалғайтын газ құбырынан көбірек пайда түсіруіміз жөн", - дейді енді Ислам Кәрімов. "Газпром" тек Өзбекстандағы құбыржолды емес, Қазақстан арқылы өтетін құбыржолды да басқарсын", дейді Өзбекстан президенті. Ал тасымалданатын газдың көлеміне келетін болсақ, 2005 жылға таман Өзбекстан Ресейге 10 миллиард текше метр газ шығармақшы.

Өзбекстан Ресеймен саудасын да арттырмақшы. Өзбекстан саудасының Ресей үлесі осыдан он жыл бұрын 25 процент болса, енді 16 процентке түсіп қалған. "Өзбек сомы еркін айналымға өтіп жатыр, Өзбекстан базары Ресей кәсіпкерлерімен қайта қауышатын жағдайға келіп жатыр", дейді Ислам Кәрімов.
XS
SM
MD
LG