Accessibility links

Құқық қорғау ұйымдары Түркияда тұтқындалған ирандық күрдтердің тағдырына алаңдайды


Кей ақпарат агенттіктерінің хабарлауынша, баспана іздеп шығыс Анатолияға Иран мен солтүстік Ирақтан ауып келген ирандық күрдтерді түрік полициясы тұтқындаған. Күрд жетекшілері мен халықаралық құқық қорғау ұйымдарының айтуынша, баспана сұраушыларды Иранға кері қайтарып беру әрекеті бұл күрд азаматтарының өміріне қауіп боп табылады.

Түрік абақтысына түскен бұл ирандық күрдтердің көбісі солшыл Ирандық Күрдістан Демократиялық партиясының (ИКДП) мүшелері боп табылады. ИКДП 1946 жылы аз уақыт қана өмір сүрген Махабад Республикасы құлағаннан беріде Ирандық Күрдістанның егемендігі үшін шайқасып келеді.

Түрік абақтысына түскен күрдтердің ендігі бір бөлігі бұған бақталас солшыл әсірешіл Комала ұйымының, яки Ирандық Күрдістанның Революциялық Еңбекшілері ұйымының мүшелері боп табылады. Бұл ұйым 1960-шы жылдардан бері әрекет етіп келеді.

Ирандық күрдтердің бұл екі тобы әр кезде әр түрлі қарым-қатынаста болған – кейде ресми Теғранға қарсы бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығара күрескен Ирандық Күрдістан Демократиялық партиясы мен Ирандық Күрдістанның Революциялық Еңбекшілері ұйымы, кейде жүздеген адамын құрбандыққа шалып өзара қырқысқан.

İшінара алауыздығына қарамастан бұл екі топты ресми Теғран бірдей дәрежеде құдалап отырған. Иранда Шах билігі болған кезде де, Исламдық Революция орын алып, елдегі билік өзгерген кезде де ирандық күрд топтарына деген ресми көзқарас өзгеріп көрмеген. Сол қудалаулардың салдарынан ирандық күрд топтарының мүшелері шет елдерден баспана іздеген. Көбісі көрші мемлекеттерге ауып кетсе, көштің алды Батыс Еуропа, Америка, Канада, тіпті Австралияға жеткен.

Ирандық Күрдістан Демократиялық партиясының Еуропадағы бас уәкілі Хұсрау Абдуллахи "Азаттық" радиосына берген сұхбатында Түркияның ирандық күрдтерді Ван қаласында тұтқындағанын айтты.

"Тамыздың 30-ы мен 31-інде түрік полициясы 20 шақты адамды тұтқындап, оларды белгісіз жерге алып кетті. Ұзынқұлақтың айтуынша, тұтқындалғандар Иранмен арадағы шекара маңына жеткізілген. Біз дереу тиесілі халықаралық ұйымдарды, оның қатарында Б.Ұ.Ұ.ның Босқындар İсі Бойынша Агенттігі, хабардар еттік. Қазірге дейін 14 кісі босатылған. Қалған алтауының тағдыры беймалім қалып отыр. Олардың Иранға берілген-берілмегенін де біле алмай отырмыз", - деді Ирандық Күрдістан Демократиялық партиясының Еуропадағы бас уәкілі Хұсрау Абдуллахи "Азаттық" радиосына берген сұхбатында.

Б.Ұ.Ұ.ның Босқындар İсі Бойынша Агенттігінің Түркиядағы уәкілі Метин Чорабатыр радиомыздың парсы тіліндегі бөлімі – "Радио Фарда"-ға телефон арқылы берген сұхбатында Түркияның соңы бірнеше күнде баспана сұраушы бірқатар ирандық азаматты сол елге қайтарып жібергені туралы хабар алғанын растады.

Алайда, не Түркия, не Иран ресми орындары күрд қарулы топ уәкілдерін тұтқындағаны, яки елден шығарып жібергені туралы хабарларды растамай отыр.

Түркияның Ван қаласында баспана тауып отырған ирандық күрдтердің бірі "Радио Фарда"-ға берген сұхбатында осындағы босқындардың бәрі қазір алдағы тағдырына қорқып отырғанын айтқан.

"Осындағы бәріміз соңғы он жыл бойы саяси күреске қарумен араласқан пешмергамыз, яки Комала мүшесіміз. Бізді қазір Иранға қайтарып берсе, бізге қандай қауіп төнетінін содан біліңіз", - деді "Радио Фарда"-ға берген сұхбатында өз атын атамауды өтінген күрд босқындарының бірі.
XS
SM
MD
LG