Accessibility links

Ауылшаруашылығы мақсатындағы жер телiмдерi бағасы


Қазақстан үкiметi елде ауылшаруашылығы мақсатындағы жер телiмдерiне жеңілдетілген бағаның мөлшерiн жеке меншiкке сатылатын жердiң бағалау құнының 25 пайызы көлемiнде бекiттi.

Қазақстанда ауылшаруашылығы мақсатындағы жер телiмдерiне жеңілдетілген бағаның мөлшерi республикадағы барлық әкiмшiлiк-аумақтық бiрлiктер бойынша жеке меншiкке сатылатын жер телiмiнiң бағалау құнының 25 пайызы болып бекiтiлдi. Бұл туралы Қазақстан үкiметiнiң қаулысы жұма күнi елдiң орталық баспасөзiнде жарық көрдi.

Қазақстанның Жер Кодексіне сәйкес республикада азаматтар мен заңды тұлғаларға жеке меншікке берiлетiн жер телiмi тек төлемді негізде ғана сатып берілуі тиіс. Жерді жеңілдетілген бағамен сатып алған жағдайда мұндай жердің қожайыны 10 жылға дейiн оны басқа бiреуге сатуға немесе жалға беруге құқы жоқ. Ал жер телiмiн толық құнына сатып алғандар оны еркін билеу құқығына ие болады. Бұл екі жағдайда да жердің бағасын бөліп өтеуге мүмкіндік берiлген.

Жер телiмдерiнiң толық кадастрлық құнына келсек оны Қазақстан үкіметі биылғы жылғы қыркүйектің 2-iндегi қаулысымен бекіткен болатын. Осы қаулыға сәйкес Қазақстанда жер құны топырақтың түріне, жердің бедеріне және суландыру жүйелерінің бар-жоқтығына қарай белгіленген. Мысалы, Алматы облысындағы ең құнды жерлер деп танылған тау бөктерлеріндегі суармалы жердің бір гектарына 126,9 мың теңге, суармалы емес жерлерге - 25,6 мың теңге, жайылымдық жерлерге - 8,1 мың теңге баға қойылды. ($1=148 теңге). Ал Ақмола облысының оңтүстігіндегi қара топырақты аймақтар ең бағалы деп танылып, осындағы суармалы жердің бір гектары 63,1 мың теңгеге, суармалы емес жерлер - 34,4 мың теңгеге, жайылымдар - 8,1 мың теңгеге бағаланып отыр.
  • 16x9 Image

    Кенжебек НҰРҚАСЕНҰЛЫ

    Кенжебек Нұрқасенұлы - 1967 жылы туған. Семей мемлекеттік университетін тәмамдаған.
    Семейдегі «ТВК-6» телеарнасында, «СолDAT» газетінде, «Қазақ тарихы» журналында жұмыс істеген. Азаттық радиосында 2001 жылдан бері еңбек етеді. 

XS
SM
MD
LG