Accessibility links

Беларуссияда әр мекемеде идеология қызметкерлері жұмыс істейтін болады.


Беларуссия президенті Александр Лукашенко елдің барлық кәсіпорындары мен мекемелерінде директорлардың идеология жөніндегі өкілі қызметін енгізуге бұйрық берді.

Жаңа шенеуніктер Беларустың мемлекеттік идеологиясын жұмысшыларға түсіндіретін болады. Бірақ мұнда бір проблема бар тәрізді. Шенеуніктер де, талдаушылар да идеологияның шынайы мәнін анық та, айқын жеткізуге қабілетті бола қояр ма екен?

Беларусь президенті Александр Лукашенко жақында елдің Еңбек және әлеуметтік қамсыздандыру министрлігіне барлық мемлекеттік және жекеменшік кәсіпорындарда идеологияға жауапты өкілдердің қызметі енгізілсін деп бұйрық етті. Еңбек және әлеуметтік қамсыздандыру министрлігінің өкілі Галина Трофименко бұл наурыз айында президент әкімшілігі ұйымдастырған конфренцияның нәтижесінде пайда болды дегенді айтады. Оның айтуынша барлық компанияларға енгізілетін идеологияға жауапты өкіл 300-ден астам қызметкер болады, олардың жоғары білімдері және бес жыл қызмет тәжірибесі мен Беларустың мемлекттік идеологиясының негізгі шарттарын жақсы білетін болу керек.

Бірақ басты бір кедергі болуы мүмкін. Беларуссияның айқын тұжырымдалған, түсінікті дейтіндей мемлекеттік идеологиясы жоқтың қасы. Сарапшылардың айтуынша, Лукашенко бұлай ету арқылы сыни пікір айтушылардың аузын жауып, қоғамды бір кездегі Совет одағы жетекшілерінің тәсілімен басқарып, оларды басып-жаншығысы келеді дегенді айтады.

Минскідегі саяси тәуелсіз стратегиялық орталықтың талдаушысы Валери Карбалевич былай дейді:

- Менің ойымша идеологияға жауапты деп қойылған адамдар бір нәрсені жақсы түсінеді, олар тек Лукашенконы, оның саясатын мақтап, жауларды, батысты, оппозицияны ұрсып, даттауы керек. Ықпалдасуға қатысты Ресейді бүгін ұрсады, ертең керісінше мақтайды, яғни Лукашенконы мақтау қажет, жалғыз-ақ идеология сол, - дейді Карбалевич.

Карбалевич Лукашенко наурыз айындағы конференцияда сөйлеген сөзінде Беларуссия идеологиясының кейбір онша анықтала қоймаған принциптерін алға тартты, ол Батыс үлгісі мен кезіндегі Советтік идеологияның араластырылған бір түрі болатын дейді. Ал анық та, айқын тұжырымдалған Беларусь идеологиясы қай бір мақалада немесе кітапта жазылмаған деп атап көрсетеді.

Адам хұқтары жөніндегі Хельсинки - Беларуссия комитетінің басшысы Татьяна Протска Лукашенко идеологияның ресми құрылымын жарияламаса да, жергілікті жерлерде оның жүйесі орныға бастаған деуге болады дейді:

- Насихаттың үлгісі ретінде советтік жүйе алынған. Ол кезде коммунистік партия ұйымдарында барлық уақытта директорлардың идеология жөніндегі өкілдері болатын. Енді партия ұйымдары іс жүзінде президенттік тікелей билікпен алмастырылып отыр, - деп атап көрсетеді Протска ханым.

Карбалевич Лукашенко осындай тікелей құрылым арқылы қоғамды басқаруға ұмтылып отыр дегенді айтады. Бұл жоғарыдан төмен қарай басталады деген ол былай дейді:

- Аудандық атқару комитетінде төрағаның идеология жұмысы жөніндегі орынбасары болатын, облыстық атқару комитетінде де солай, тікелей бақылау жүйесі жұмыс істейтін, міне сондықтан да , енді жоғарыдан төменге дейін бақылау мен тексеру болады, - дейді Карбалевич.

Талдаушы сондай-ақ президент әкімшілігінде идеологияға жауап беретін арнайы қызметкер бар дейді. Бұл жүйе тиімді болып көрінуі мүмкін, бірақ оның жұмыс істей қоюы күмәнді деген ол.
XS
SM
MD
LG